Атырауда талғайраңдықтар жолдың жоқтығына шағымданып жатыр

img 20210119 wa0075 5 Жаңалықтар

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының өңірлерде қалай жүзеге асып жатқанына үңіліп көргенбіз.

Жарнамасы жақсы еді…

Жарнамасы алыстан менмұндалап шақырып тұрған мемлекеттік бағдарлама «Отбасы» банкінің (бұрынғы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі») салымшылары үшін ең тиімді шарттармен баспана алудың тамаша мүмкіндігін қарастырған. Бірнеше бағыттан тұратын «Нұрлы жер» бағдарламасының бір басымдығы – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Осы арқылы əкімдіктер инженерлік коммуникациясы жүргізілген жер телімдерінде үй салатынын да айтты. Ол орындалды да.

Бағдарламаға сəйкес, Талқайраң ауылынан тұтастай жаңа шағынаудан салынды. 2017 жылы іргетасы қаланып, келесі жылғы желтоқсанда аяқталған 80 жеке үйдің пайдалануға берілуі сағызша созылып кетті. Үйден үміттілердің тағатын тауысып, ақыры 2020 жылдың ақпан-наурыз айларында айтыс-тартыспен жүріп берілген үйге қоныстанушылардың қуаныштары бірден су сепкендей басылды. Пилоттық жоба болғандықтан, коммуникациялық жүйе атаулы (газ, жарық, су, жол, т.б.) талапқа сай іске қосылуы тиіс болатын. Айтылуы да солай еді. Бірақ, көрген көзде жазық жоқ. Əдеттегідей аталған желілерді іске қосып беру ескерілмей қалған. Тұрғындар табан тоздырып, талай есікті қағыпты. Тырс еткен тірі пенде болмаған. Ақыры, кезекке жазылып, қала əкімдігіне тікелей шыққан халық қала əкімі Қ.Оразбаевтың араласуымен тапсырмалар берілгенде тағы да қуанды. Өйткені, сиырқұйымшақтанып кеткен жұмысқа жан бітіп, мардымсыз болса да реттелгендей көрінген.

Ендігі мəселе – жолға қатысты. Күн райы қолайсыз мезгілде «бауырмал» балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Көлік қатынасы айтпаса да түсінікті. Жаңа үйдің тұрғындары қалаға қатынау үшін трассаға шығып жол торып жүреді. Тіпті, күнделікті қажеттілік үшін дүкенге бес батпан балшықпен арпалысып баруға да 10-15 минуттай уақыт жоғалтады. Жолдың жоқтығынан «жедел жəрдем» көлігі сырқатқа жете алмай, трассадан кері қайтады.

Қақпа алдындағы баған

Талқайраң ауылының тұрғыны Алтын Демешова алдағы жазда өз қаражатына жылыту жүйесіне жөндеу жасап, кəріз жүйесін толықтай қайта жүргізетінін айтады. – Құбырдың бойынан су кетіп жатыр. Ал, «жылы» еденді (теплый пол) қосқанда, жылу қазанының қысымы азайып кетеді. Мұны қайта жасағаннан басқа амал жоқ. Су құбырлары да еденнің астымен жүргізілген. Кəріз құбыры дұрыс жалғанбағандықтан, ағынды су үйдің астына кетіп, иісі қолқаны қабады, – дейді ашынған тұрғын.

Жа ң а ү й д і ң т ұ р ғ ы н ы Е с т а й Борамбаевтың айтуынша, көше жарығы толықтай жүргізілмеген, жол мəселесі де көңіл көншітпейді.

– Газдың бұрандасын (задвижка) үйдің алдымен қалай болса солай салған. Дұрыс орнатылмаған суағардан аққан су үйдің іргетасын мүжіп жарып жіберді. Ол аздай, 80 үйге небары 4 қоқыс жəшігін қойған, ол да үйлердің қақ ортасында. Жел тұрса, шашылып төңірекке ұшып жатыр. Балалар ойнайтын жəне спорт алаңдары атымен жоқ, – дейді №10 көшедегі №8 үйдің тұрғыны Естай Тілекқабылұлы.

Балалар əзірге иесіз үйлерді, əсіресе, коттедждерді ойын алаңына айналдырған. Арнайы ойын алаңдары мен балабақшаның бүгін-ертең болмайтынына тұрғындар да көндігіп, бұл жайтты жылы жауып қойған жайлары бар. Ал, білетіндер бұл ауданда мектеп, балабақша секілді нысандар алдағы жылдары салынатынын айтады. Бұл да болса, алдағы күннен күтер үміт!..

 Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, Талқайраңдағы 80 үйдің көше жолын асфальттау келісім-шарт бойынша 2020-2021 жылдары толық аяқталуы тиіс. Жобаға сəйкес, 16 көшеге қарастырылған жолдың жалпы ұзындығы – 8,764 шақырым.

– Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша тоқтатылды. Мердігер – «Атырауинжстрой» компаниясы, олар күн жылына жұмысты жалғастырады. Асфальт төселіп біткен соң, мемлекеттікжекеменшік əріптестік арқылы көшеге жарық шамдары орнатылады. Бірақ, бұл 2022 жылға жоспарланған, – дейді Ержан Нұғманұлы.

Оған да «тəуба» дескен тұрғындар тек үйдің сапасын қатты қадағалау керектігін алға тартып отыр. Өйткені, Талқайраңдағы үйлердің сапасы сын көтермейді. Егер жобалық-сметалық құжаттама негізінде талап қойылса, əлі де біраз жөндеу жасалуы шарт. Мысалы, көлік кіретін қақпаның алдына электр бағаны қойылған. Ал, үйдің ішкі қабырғасы жарылып, тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Айта берсе, кемшілік көп.

Жауаптылар жалтармаса екен

«Басқа түссе баспақшыл». Ең бастысы, халық баспаналы болғанына қуанышты. Кем-кетігін мүмкіндігіне қарай өз қалтасынан жөндеп, күн кешіп жатыр. Бірақ, Талқайраңдағы тұрғындар мердігер компаниялардың жауапкершіліктен жалтарып кеткеніне налиды. Қымбатшылық та қалтаны қағып тұр. Өйткені, жалға немесе несиеге алған үйдің құнын өтемек парыз. Барлығы 12 коттедждің үшеуіне ғана адам қоныстанған.

Одан басқа бір қабатты 68 үйдің иелері түгелімен көшіп келді. Енді оның бағасы қымбаттап кетпеуін тілеген тұрғындар, жалдамалы пəтердің құны қалай есептелетінін білмей бас қатырып жүр. Қыркүйектің басында ішкі-сыртқы жөндеуін қайтадан жасап беруді мердігерлік еткен «Сервис-Партнер» ЖШС жауапкершілігіне алған еді. Бірақ, түрлі сылтаумен жұмысты аяқсыз қалдырыпты. Қысқасы, іс көп, көмір аз.

Қолжетімді баспананы қол жетпейтін арманға айналдырған мердігерлерге кімнің сөзі жүретіні де белгісіз. Тірнектеп жинап-тергенін жалдамалы үйге жұмсаған жаңа ауданның тұрғындары амалсыздан екінші деңгейлі банктерді жағалауға мəжбүр. Енді қайтсін, ай сайын бала-шағасының аузынан жырып, өзгеге ақша үлестіргенді кім жақсы көреді дейсіз?!

Қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Қуат Қалимов «2018 жылы аяқталған жаңа үйлердің сыртқы қоршауы қатты желден құлап қалған» деп уəж айтты. Газ бен судың желісінен де анықталған ақауды «үйлердің пайдалануға уақытында берілмегендігінен» деп сендірді. Пайдалануға берілген 80 үйдегі 12 коттедждің құрылысына жауапты «Сервис-Партнер» ЖШС-ін сотқа берген құрылыс бөлімі жұмыстарды жоба бойынша қайта жасақтап, анықталған кемшіліктерді кепілдік мерзімі ішінде мердігердің аяқтағанын алға тартты.

– Бұл жерде «Сервис-Партнер» ЖШС 12 коттедж, «АзияСтройСервис» ЖШС бір қабатты 14 үй, «БатысАльянсСтрой» ЖШС дəл сондай 54 үйдің құрылысын жүргізді. Қазір осы аудандағы балабақша мен ойын алаңдарының жоспар-жобасы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің теңгерімінде, – деді Қуат Тұқпатолллаұлы сөзін қысқа қайырып.

Тағы бір проблема – интернет жоқ. Онлайн форматта білім алу ұстазға да, оқушыға да қиындықтар туғызып отыр. Қалай десек те, талқайраңдықтардың мұң-мұқтажы тыңдалуы тиіс.

Сөз соңы

Біздің санамызға сіңген ұғым – бар іске əкімді кінəлау. Шындығында, ол дұрыс болмас. Себебі, əкімнің өз міндеті, атқаратын жұмысы бар. Біз қала əкіміне айып артудан аулақпыз. Мəселе – мердігерге қатысты. Əрине, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының қай-қайсысы болса да халық игілігіне бағытталған. Енді кез-келген жауапты құрылымдар өзі салған нысанның сапасына асқан жауапкершілікпен қарап, кем-кетігін түгендеп, сəнін келістірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің де, халықтың да талабы сол!..

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз