Онлайн қызмет: СЕНІМ МЕН РУХ

Жаңалықтар Мәдениет

Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. Мәдениет саласының қызметкерлері өздерінің өнері арқылы қалың бұқараға дем беруде. Facebook, instagram, you tube желілерін ашқан кезде Жаратушы берген өнерін ел кәдесіне асырып жатқан әнші-күйшілерді көріп, жанымыз жадырап қалатыны жасырын емес.

ШАҢЫРАҚТА ШАЛҚЫҒАН ӘН

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ерәлі Қияқбайұлының басшылығымен құрылған Сақыповтардың отбасылық ансамблі ел назарын өзіне аударған еді. Қарапайым ғана отбасының ұл-қыздарынан құрылған өнер ұжымы өздері туып- өскен Индер ауданына ғана емес, бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріне әйгілі болды. Әлбетте, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнің салқыны өнерге де тигені рас. Алайда, Сақыповтардың өнерлі отбасынан шыққан ұл-қыздар бүгінде облысымыздың мәдениет саласында еселі еңбек етуде. Коронавирус індетін таратпау мақсатында онлайн қызметке көшкен олар өз шаңырақтарында отырып, сол бір отбасылық ансамбльдің ізімен халыққа онлайн сәлем жолдады.

Сақыповтардың отбасылық ансамблінің тікелей эфирдегі орындауында «Туған жер» әні бүгінде Facebook, instagram парақшаларында, whatsАpp. желдей есіп жүр. Ал, аталған өнер ұжымының бір кездегі ең кішкене мүшесі, қазіргі Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония әншісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпованың онлайн концерті де көрермендерді бейжай қалдырмады. Жасынан серік болған қасиетті қара домбырасымен үйде отырып, халық әндерін орындаған әншіге ел-жұрт алғыстарын айтуда.

ҮЙДЕ ҮНСІЗ ОТЫРМАДЫ

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Еңбек ері» медалінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы, күміс көмей әнші Гүлмайдан Сүндетова да елге инфекция қаупі төнген шақта үйде үнсіз отырмады. Facebook, instagram әлеуметтік желілеріне, you tube каналына, whatsАpp-қа тікелей эфир арқылы онлайн-концертін жолдады. Жетісудың Сарасы, Керекудің Майрасы атанған Гүлмайдан Сүндетқызы өз жанкүйерлерін репертуарындағы халық әндерімен, қазақ композиторларының әнімен разы еткені соншама, пікір жазып, тілек білдірушілер толастар емес.

ДӘСТҮРЛІ ӘН ДҮЛДҮЛІ

Жер шары – бүкіл адамзат баласының ортақ бесігі. Бүгінде, бүкіл әлем халқы қауіпті індеттің таралмауы үшін өз үйінде отырып қызмет жасап, білім алуда. Баяғы «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?» деп айтылатын халық әні Нұқ пайғамбардың кемесін есімізге түсіргені шындық. Иә, бүгін бүкіл жер шарының халқы Нұқ пайғамбар кемесіне тиелген іспетті. Осындай алмағайып сәтте кімнің кім екені айқындалатыны да рас.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова да қазақтың қасиетті қара домбырасымен онлайн-концертін беріп, елдің рухын көтеруде. Мұхиттың, Ғарифолланың әндерінен тікелей эфир арқылы өнер көрсеткен дәстүрлі әннің дүлдүлінен ел-жұрт игі тілектерін аяған жоқ.

P. S.

Біз үйде отырып-ақ қалың бұқараның көңіл-күйін көтеріп, жігерлерін жанып, күш берген өнер иелерін сөз еттік. Шындығында, құндылықтар түбегейлі өзгеріп жатқан қазіргі таңда жолға шығып, ат арытып, ел жағалап қыдырмай-ақ, үйлерінде отырып баяғы Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлар сияқты ел ілтипатына бөленуге бо­латынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Сондықтан, «заманына қарай адамы» деген сөзді басшылыққа алып, заман мен қоғам талабына орай қызмет етуге әрқашан жол ашық.

Гүлзада РАХМЕТҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған