Ойылдың мүшкіл хәлі алаңдатып отыр

0 17 Жаңалықтар

Арнасын құм басқан Ойылдың мұңын, күн сайын құм борап, шөлге айнала бастаған ауылдың үнін құзырлы органдардың құлағына жеткізу мақсатында бұл тақырыпқа тағы оралдық.

Ресми орындар «өзен бойында бөгет жоқ» деп отыр. Ал, еріктілерден құралған бастамашыл топ «Ойылға келіп құятын бұлақтардың көзі бітелген, әрі сағасында бірнеше бөгет бар» деп шырылдап жүр. Осылайша, екіге жарылған пікір көршілес жатқан қос облыстың көзқарасына да қайшылық туғызуы ықтимал.

Бізді сусыз қалдырды…

Шын мəнінде бүгінге дейін Ойыл бойын жағалай қонған халық өзеннің суын өз пайдасына жаратса да, оны тазартып, бұлақ көздерін ашу, бойындағы суды ластамауға мəн берген жоқ. Адамзаттың мұндай қатыгездігін енді Жер-Ана кешіре ала ма? Кешірмегені шығар, ақыры қоршаған ортаның қадіріне жетпей, барынша ысырап жасаған халық тіршілік нəрінен айрылды. «Судың да сұрауы бар» дегеннің мəн-мазмұнын жұмырбасты пенде шіркін енді түсіне бастағандай.

Деректерге сүйенсек, жалпы ұзындығы 800 шақырым болатын Ойыл өзенінің бастапқы 27 шақырымы Мұғалжар ауданының Талдысай, Еңбек, Қызылбұлақ ауылдары аумағынан ағып өтеді екен. Одан кейінгі 130 шақырым Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық, Шибұлақ, Қайыңды, Бабатай, Алтықарасу, Сарытоғай ауылдары арқылы ағып келіп, Ойыл ауданына келгенде Шұбарши, Көптоғай, Құлжабай, Амангелді, Қарасу, Қаратал, Берсиев, Ойыл, Микол, Добыр, Қаракемер, Санаторий, Ақшатау, Шиқұдық, Көктал, Кемер, Қоңырат, Көсембай, Амангелді ауылдары арқылы 363 шақырымды құрайтын көрінеді. Мұның бəрі – Ақтөбе облысының аумағы.

Ал, қалған 280 шақырым бойына Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Миялы, Жангелдин, Дəулетиман, Жасқайрат, Аққора, Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау ауылдарын қос жағасына бөктере ағады. Бұған Миялының іргесіндегі Құйылыс түбегінен (Ералы бөгеті) бөлініп шығатын Жарыпшыққан саласын жағалай қонған Тайсойған ауылын қосып қойыңыз. Қызыл құмды қақ жара ағып келіп, Қарабау ауылының шығысында өзеннің негізгі арнасымен қосылатын шалқар су бір кезде мал-жанның ортақ несібесі болғанын қазір ертегідей тыңдайтын болдық. Ойылдың мол суы Қарабаудан асып, бір шеті Дендер дөңінің сыртындағы Аралсорына, екінші саласы Доссордың қарасорлары мен Бөлекаяқ, Қамысақты бағыты арқылы Жайық өзеніне құйғанын кəріқұлақ қариялардан талай естігеніміз бар.

Айтатыны жоқ, жалпақ жатқан Тайсойған құмы Жарыпшыққанмен шөлін қандырып, қамшының сабымен қазғанда шығатын тұп-тұщы нəрімен ынжыдай қалың халқына ырыс-құт беріп жатты ғой, шіркін! Бүгінде он бір көлі бар Қаракөл, оған дейінгі атақты Арал мен Бəйтік көлдерінің орынын құм басып барады. Біз айтар əңгіменің төркіні де осында жатыр. Биыл Қызылқоғаға өр суы мүлдем келмегендіктен, төрт түлік тұрмақ, адамның да аңқасы кеуіп отыр. Судан мұқтаждық көрген біраз шаруа сенделіп кетті, бірнеше шаруашылық малын сата алмай зардап шегіп отыр. Егер өзен алдағы жылдары тасымаса не күй болмақ? Тайсойғанның жерасты қоры да түпсіз емес. Өр суымен толығып, табиғи тепе-теңдік болмаған соң, «қақпақты қара қазаннан» да күй кетті. Ана ғасырда аштықтың зардабын тартқан ел енді сусыз өмірді сезінуі əбден мүмкін.

Құдықтың құны

Тайсойған, Бүйрек – қос құмнан нəр алып отырған ауданда айта қалар өндіріс жоқ. Ата кəсібі – мал шаруашылығы. Бір кезде өрісін ақтылы қоймен толтырған өңірдің жұрты бүгінде тек Қамбар ата мен Зеңгі баба тұқымын өсіруге мүдделі. Себебі, жазда жаңбыр, қыста қар, қысқасы, топырақта ылғал жоқ. Бұрын арна толы сумен бірге шүпірлеген балық келіп, ауыл халқы қара күзге дейін «судың құртын» аулаумен күн кешетін. Тіпті, былтыр да өзен арнасындағы бөлініп қалған шүңейт-көлдеудегі балық қыста ауа жетпей қырылып еді. Биыл жаздыгүні аңқасы кеуіп, шалшық жағалаған малдың зəріне уланып өліпті. Келешекте Ойылдың бойында ылғал болмаса, балық түгілі бақаның дауысын да естімейтініміз анық.

 Ашаршылық жылдары Ойыл бойына тары, қара бидай, қарбыз бен қауын егіп, одан қалса құм ішінен құмаршық пен атшоңқай қазған жұрт енді егін шаруашылығы туралы сөз қозғауды артық санайды. Қызылқоға жұртының бар сенгені төскейіндегі төрт түлік еді, енді одан да айырылғалы тұр. Ақиқаты сол, қазір ірі шаруашылықтар шаруасын екі есеге қысқартты, мал басын азайтуға көшкен. Өйтпегенде ше? Алда қылышын сүйреткен қыс тұр. Жаз бойы мейірі қанып су ішпеген малдың не күйі болсын?! Көзін ашқаннан мал соңында келе жатқан кəнігі малбегілер мұны жақсы біледі.

Миялы селосындағы «Дəурен» шаруа қожалығының иесі Жасұлан Есқалиевтің дауыс ырғағынанақ жағдайдың мəз еместігін байқадық.

– Су жоқ, – деп бастады ол əңгімесін.

 – Ойыл биыл тасыған жоқ. Малымыз шүңейттегі үзіліп қалған шалшықтан су ішеді. Айналасы – ұйма балшық. Жіті бақылап қарап тұрмыз, əйтпесе мал үйелеп өлуі əбден мүмкін. 17-20 метр тереңдіктен құдық қаздырып едік, суы ащы, мал ішуге жарамай тұр. Жағдай қиын, – деді еңсесі түскен шаруагер. Шынында, бұрын ауыл іргесінен құдық қазғанда су шығу тереңдігі «кісі бойы», «бой жарым» деп өлшенетін.

Енді 17-20 метр тереңдіктің есебіне Қызылқоға жұрты ойша жете алмай жүр. Əрине, бір кезде Тайсойған мен Бүйректе бие сауым уақытта су шығаратын қажырлы құдықшылар болған. Енді солардың орнын бұрғылау қондырғылары басыпты. Ж.Есқалиев 20 метр тереңдіктен су шығарып берген бұрғылаушыға əр метрі үшін 10 мың теңге төлеген. Күн ұзаққа мал соңында жүрген жанға 200 мың теңге де аз ақша емес. Мейлі, шаруа мұнымен шешілсе жақсы. Тереңнен тапқан тіршілік көзі алғау болса, бар еңбегіңіздің текке кеткені…

Тарихи тәсіл қолданса…

Өткен жолғы онлайн жиында Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Əзидуллин «қыста қар жауса да, тоң тұрмайды» деп уəж айтқан еді. Алайда, мұнысы «сыныққа сылтау» болып шықты. Ниет болса, қандай істің де шешімін табуға болатын көрінеді. Қаракөлдік мұғалім-биолог Жалғас Мұхадиевтің айтуынша, өзен бойлай тал егіп, оны күтіп, баптап өсірсе, қыста қар тоқтатуға мүмкіндік туады екен.

– Көнекөз қариялардың естелігі бойынша Ойыл мен Шұбарқұдықтың арасындағы жол бойына егілген ну орманды ертеде орыстың орманшы қыздарымен бірге егіпті. Бұл əңгімені Ойылда мал маманы болып еңбек еткен əкем Шəріп айтып отыратын. Жас болсақ та, сол əңгіме есімде қалыпты, – дейді ол.

Бұл да ескеруге тұратын тəсіл болса керек. Ойыл өзенінің тарихын зерттеп, «Большая Советская энциклопедияға» картасымен енгізген Ақтөбе облысының Ойыл ауданының тумасы Ғабдол Қуатов есімді азамат екен.

– Əкем өмірінің соңына дейін елдің тарихи атаулары мен қоныстарын, су көздерін сақтап, суармалы жайылымдық алқаптарды (лиман) орынсыз пайдалану болашақта халық тұрмысына кері əсер ететінін дəлелдеген еді. Басшылық еткен жылдарында су көздерін уақытында ашып, қатаң бақылап отыратын. 1980 жылдың бер жағында бұл мəселеге атүсті көзқарас байқала бастады. Егер қандай іске де мамандар, ел жанашырлары мен жастар бірігіп, дүйім жұрт болып қолға алса, алынбайтын қамал, шешілмейтін мəселе жоқ, – дейді біз əңгімеге тартқан ойылдық Светлана Ғабдолқызы.

 Қысқасы, қырық жыл бойына қараусыз қалып, рəсуа болған өзеннің қашан қалпына келері беймағлұм. Ал, құзырлы орган басшылары сыныққа сылтау іздеп, табиғи процесс – құрғақшылыққа аударып, жауырды жаба тоқымай, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

Құба талдың пайдасы

Еріктілер ұйымдастырған «ОйылҚиыл» экспедициясының бір мүшесі, кəсіби геолог, Қызылқоға топырағының тумасы Рауан Сабыров Ойыл суының азаюына басты себепті жылдық жауын-шашын мөлшерінің аздығынан іздейді.

Сонымен қатар, өзен арнасын қамыс, қоға тəрізді суды көп қажет ететін өсімдіктер басып, бұлақтардың көзі бітелуін де маман ретінде жоққа шығармайды. Рауан Аманқосұлы айтқан алғашқы себептің түйінін шешу – тиісті кəсіби мамандардың еншісіндегі іс.

Ал, екіншісі Ойыл жанашырларының басты жоспарында қаралған. Яғни, өзен бойын қамыс, қоға, құба тал, тіпті, 60-70 пайызға дейін өсіп, бұлақ көзін бітеп тұрған жиде талынан тазартуды қолға алған жөн. Сондай-ақ, өзен жанашырлары суасты шөбімен қоректеніп, арнаны тазартып отыратын табиғи «тазалықшы» – күміс тұқы (толстолоб), амур балықтарын өзенге жіберу де тұйықтан шығудың бір тəсілі деп есептейді.

 – Ұмытпасам, 1958 жылы болар, қазіргі Жангелдин ауылынан үй салдық. Сонда үйдің төбесіне салуға жəне шарбақ жасауға əкем марқұм екі күн жүріп, құба тал шауып əкелетін. Қазір ол ешкімге керек болмай қалды. Шындап келгенде, бұл да табыстың бір көзі. Шаруаның көзін тапқан азаматтар құба тал, қамыс пен қоғаны бір кəдеге жаратудың жолын табады деген сенімдемін.

Үлкен қалалардағы жазғы кафелердің күннен қорғайтын шатырын неге осындай өсімдіктерден жасамасқа?! Корея, Вьетнам елдерінде үнемі осындай табиғи заттарды пайдаланады ғой, – деген Миялы тұрғыны Құмар Хасанов табиғи таза өнім арқылы табыс табудың да жолын сілтеді. Əрине, ақсақалдың сөзінің жаны бар. Бірде базардан той-құдалықта арнайы дəм апаратын кəрзеңке сатып алдым.

Құны – 2000-5000 теңге аралығында. Бажайлап көрсем, əлгі дүниені кəдімгі шыбықтан тоқып, ақ түске бояп қойған. Қарап тұрып, «осыны жасау кез-келген қазақтың қолынан келеді ғой» деп ойлап қойдым. Шынында, табиғи зиянсыз шикізат мол, əрі қаншама адамға жұмыс көзі ашылар еді. Өзен-көлді ң де арнасы тазарып қалары хақ.

Дәл қазір Ақтөбе облысында Ойыл бойындағы ауылдардан белсенділер бірлесіп, көне тәсілдерді қолдану арқылы арнайы ағаштан жасаған бұйымдармен бұлақтардың көзін аршып жүр. Қызылқоғалық белсенділер де қалысар емес. Өзен бойындағы заңсыз бөгеттерді анықтап, жергілікті басшылармен жұмыстар жасап жатыр.

 Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен бастау алған «Атырау-Ақпарат» және «Ақтөбе Медиа» ЖШС-терінің «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» атты бірлескен шығармашылық зерттеу жобасы да осы мақсатты көздейді. Бастысы, Ойылдың да, халықтың да көз жасына қалмайық!

Салтанат АҚТƏЖИЕВА

https://atr.kz/bez-rubriki/atyrau-oblysynyn-bas-memlekettik-sanitariяlyq-darigerinin-zhana-qaulysy-shyqty-tolyq/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз