Өнер мен білімнің шеберханасы

Жаңалықтар Мәдениет

Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы 20 жылдық мерейтойын атап өтті

Күйшісазгер, ҚР Халық Қаһарманы, дирижер Нұрғиса Тілендиев есімін иеленген Атыраудағы Кіші өнер академиясының құрылғанына биыл – 20 жыл. Атаулы мерейтойға байланысты екі күн бойына халықаралық конференция өткізілді.

%d0%b0%d0%b0%d0%b0%d0%b0

Конференцияның алғашқы күнінде талай тыңдарманның жүрегінен орын тапқан композитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды.

Тарихқа шегініс жасасақ, 1996 жылы ашылған өнер академиясына, 2000 жылы сол кездегі облыс басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың бастамашы болуымен домбырашы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілген болатын. Содан бері оқу орнының шәкірттері атақты композитордың ән-күйлерімен сусындап келеді.

Сазгерге арналған ескерткіш

Ескерткішті ашу құрметі Дариға Тілендиеваға, сондай-ақ, аталмыш академияның алғашқы директоры, білім және ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қилымғали Қайненовке және ардагер ұстаз, қоғам қайраткері Жайлы Өмірбековаға берілді.

Мүсіннің авторы – академияның «Сурет және майлы бояу» бөлімінің ұстазы Мейірбек Жағыпашев.

– Белгілі тұлғаның бейнесін жасауда ұзақ ойландым. Жарты жылға жуық кітаптар мен оқулықтарды ақтардым. Көбірек мәлімет жинауға тырыстым. Жас кезіндегі фото-суреттерін алғаным жарамас деп, орта жасын, үлкейген шағын да салыстырдым. Ақыры ойлана келе, әр жылдардағы суреттерге қарап, тұлғаның орта жастағы жиынтық бейнесін бердім, – дейді Мейірбек Бақтиярұлы.

Музей қоры жасақталды

Бұл ескерткіш биылдан бастап жасақталатын академияның музей қорында тұрады. Бұдан бөлек, күйшінің пайдаланған заттары, сахналық киімдері мен домбырасы, дирижерлік таяқшасы сақталады. Көзі тірісінде жарық көрген  және кейінгі жылдары жаңартылып шығарылған жинақтары мен үнтаспалары да қойылады деп жоспарлануда.

Сазгердің жұбайы Дариға Тілендиева мерейтойға орай Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттау бағытында жасалып жатқан іс-шараға ризашылығын білдірді.

Дариға Тіленді келінінің әңгімесі

Дариға апай жастарға сазгердің ерекше қасиеттерін әңгімелеп берді. «Әнді жүрегімен түсінген тұлғаның жанында әркез қазақ өнері мен әдебиетінің қаймағы болған танымал ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері қаумалап жүретін еді. Күнде біздің үйге келіп, шығармашылық бағытта ұзақ отырып ақылдасатын, таңнан-таңға созылған әңгімелері еш таусылған емес» дейді Дариға апай сол шақты еске алып.

anu_5125

Халық Қаһарманы Нұрғиса домбыра тартуды бес жасында әкесінен үйренген екен. Бір күні ауылға пойызбен Ахмет Жұбанов келеді. Пойыздан түскен ол үй үстінде домбыра тартып отырған бала Нұрғисаны байқап қалады. Кейін оның анасына барып: «Жеңге, атым – Ахмет. Пойыздан жаңа түскен бетте назарым балаңызға ауды. Баланың бойында талант тұнып тұр, музыка мектебіне беру керек» дейді. Нұрғиса осылай ұстазы Ахмет Жұбановпен жолығып, музыка мектебінде, кейін консерваторияда білім алады.

Домбырамен қатар, Нұрғиса бокспен де айналысқан. Алайда, Ахмет Жұбанов: «Не бокс, не музыка!» деп шарт қояды. Нұрғиса өнерді таңдайды. Консерваторияда білім алып жүрген кезде ол күй саңлағы Дина Нұрпейісованың көзін көріп, бірталай күйді үйренген.

Бірде сазгердің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Сазгер мен ақын екеуі әңгіме-дүкен құрып отырады. Бір кезде Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған» деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, «Аққу», «Арман» күйлерін тартып береді. Осы кезде ақын інісі «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып береді. Кейін сазы жазылады. Бұл кездесуден кейін ақын бір ай сазгердің үйінде жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Атап айтсақ, «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» және тағы басқа. Екі өнер қыранының бірлесе отырып жазған соңғы әні – «Есіңе мені алғайсың» болды.

«Нұрғиса есімі – халықпен бірге жасайды»

Сазгердің көзін көріп, ақын-жазушылармен бірге жүрген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Ермұрат Үсеновтің де Нұрғиса Тілендиев хақында айтар әңгімесі көп.

«Сазгер Нұрғиса ән жазғанда белгілі бір уақытты таңдамайтын. Көбіне үйде жұмыс істейтін. Әуен ойына оралған кезде дереу рояльге отырып, жаңа әнді дүниеге әкелетін. Одан кейін Тұманбай Молдағалиевке не Қадыр Мырза Әліге хабарласып, әнді естіртіп, өлең жазып берулерін  сұрайды» дейді.

Қазақ ән өнерінің атасына айналған Нұрғиса Тілендиев есімін жұртшылық ешқашан ұмытпайды. Ол – 500-ден астам музыкалық туындының авторы. Оның әндері халықпен бірге жасап келеді.

Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстары оқу орнында өткізілді. Онда облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрзила Сәрсенова, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақова, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж директорының орынбасары Ақмарал Ізғалиқызы, тағы басқалары сөз алып, шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар мен міндеттерге тоқталды.

Академияның 20 жылдық мерейтойына байланысты салтанатты шара кешкісін Махамбет атындағы облыстық  қазақ драма театрында жалғасты.

anu_5308

Кешке арнайы шақырылған қонақтар қатарында республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығының педагогикалық шеберлік зертханасының меңгерушісі Айгүл Каркулова, Астрахан облысының мәдениет және өнер бағытындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру және көркемдік білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Марина Анисимова, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Президент сыйлығының иегері Тайыр Ғатауов, Абай атындағы опера және балет театрының әртісі Артур Ғабдиев және өңірдегі саз мектептерінің басшылары мен ұстаздары, оқушылар, ата-аналар болды.

Оқушылар меймандарға арнап, сазды бағдарлама ұсынды.

«Өзім ән жазып кеттім…»

Салтанатты шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, киноактриса Дариға Тіленді келіні академия директоры Долорес Тасқаринаға Нұрғиса Тілендиевтің әндері мен күйлері енген жинақтарды табыстады. Оның ішінде бір жинақ Үрімшіден төте жазуымен басылып шығарылыпты.

–  Академияның тыныс-тіршілігінен үнемі хабардармын. Оқушылардың жетістігі көп. Нұрғиса мұраларын мәңгілік ету мақсатында қолымнан келген барлық игілікті жасаудамын.  2014 жылдың мамыр айында Алматы қаласындағы Бөгенбай мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев тұрған пәтер композитордың мемориал-үйіне айналды. Өмір бойы жазған туындыларын шашау шығармай жинақтап, мұражайға қойдым, – дейді Дариға апай.

anu_5145

Міне, тағы бір таңғажайыпты қараңыз, Дариға Тіленді келіні Кіші өнер академиясына Нұрғиса Тілендиев есімі берілген кезде Атырауға келіп кеткеннен кейін, өзі де ән мен күйге әуестеніп, көкірегіне келген тылсым дүниені жазып  жүріпті. Алғашқы шығармасы – «Қайран менің, Нұрекем» деп аталған.

– Содан кейін шығармашылығым өзімен-өзі басталды. Бүгінде он алты жыл бойына ән мен күй жазып келемін. Екі кітабым жарық көрді. Біріншісі 160 әннен тұратын «Қызғалдақ дәурен» жинағы болса, келесісі «Мәңгілік елім» деп аталды. Биыл жарық көрген жинаққа 83 ән енгізілді. Негізінен патриоттық тақырыптарда жазып келемін. Маған мұның бәрін Нұрағаң өзі беріп жатқандай болады. Көзі тірісінде ол: «Сенде абсолютный слух бар деп жиі айтушы» еді, – деді.

Міне, мұрасына қамқор бола білген асыл жары, өнерін жалғастырар Дінзухрадай перзенті, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестріндей ұжымы, шығармаларын сүйсіне тыңдайтын халқы бар Нұрғиса Тілендиев есімі мәңгілік сақталары даусыз.

Нұргүл Ысмағұлова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған