ҮНЕМ КӨЗІ – ҰҚЫПТЫЛЫҚТА

«Энергия үнемдеу- 2020» бағдарламасының бүгінгі таңда алатын орны ерекше. Бұл жөнінде Үкімет үйінде Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Онлайн режимінде өткен жиынға Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.
Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев арнайы жасалған бағдарламаның 78 шарадан тұратынын, оның ішінде республикалық бюджеттен 145 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 9,8 млрд. теңге және бюджеттен тыс қаржы көздерінен 1 трлн. 177 млрд. теңге бөлінгендігін хабарлады.

– Ағымдағы жылдың 23 қаңтарындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жыл сайынғы энергия тұтынудың 10 пайызына төмендеуін қамтамасыз етуді және жаңа «Энергия үнемдеу- 2020» арнайы бағдарламасын жасауды тапсырды.
Бағдарлама мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, «Самұрық-Қазына» қоры және аккредиттелген ұйымдармен келісілді. Құзырлы орган ретінде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі отандық экономиканың энерготиімділігін арттыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасады. Кадрларды әзірлеу үшін энергия үнемдеу бойынша мамандықтар бес жоғары оқу орнында ашылды. Энергия үнемдеу саласының мамандарын даярлап, біліктілігін арттыру үшін 11 оқыту орталығы құрылды. 1000-нан астам маман әзірленді», – деді отырыста Нұрлан Сауранбаев.
Премьер-министр Серік Ахметов «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жүйелі қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды. «Үкіметте қабылданатын бағдарлама «Жол картасы» аясында реттелетін болады. Осы орайда оны орындау бойынша жүйелі қадағалау – өте маңызды», – деді Үкімет басшысы. Бұл тұрғыда Серік Ахметов бағдарламаны жүзеге асыру бойынша тоқсан сайынғы бақылау мен есеп жүргізуді ұйымдастыруды жүктеді. Сонымен қатар, Премьер-министр энергия үнемдеу саласында үздік кәсіпорындарды анықтау үшін байқаулар өткізу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
2014-2016 жылдары жылу өнімділігі 100 Гкал/сағатты құрайтын 892 қазандыққа кешенді тексеру жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
Қазақстан халқын жылу өнімділігі 100 Гкал/сағатқа дейінгі 5646 қазандық жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жылумен жабдықтайтын нысандардың басым бөлігі 1970-1980 жылдары пайдалануға берілген және олардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, – деді ол.
Үкімет басшысы Серік Ахметов бағдарламадағы негізгі талаптар мен нормалар заңдардың деңгейінде қарастырылуы керектігін баса айтты. Кеңес барысында Павлодар, Батыс Қазақстан, Қызылорда облысы әкімдерінің де баяндамалары тыңдалды.
Кеңесті қорытындылаған Үкімет басшысы облыс әкімдеріне кешенді жоспар мен Мемлекет басшысының энергия тұтыну деңгейін жыл сайын төмендетіп отыру туралы тапсырмасының аймақтарда нақты орындалуын, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өңірлерде және кәсіпорындарда энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру барысын бақылау мен оған мониторинг жүргізуді күшейтуді тапсырды.
Ал, біздің Атырау облысында да бұл мәселенің жүзеге асырылуы жайын облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев Үкімет отырысынан соң өткізілген мәжіліске жауапты мамандардан сұрап, кеңінен талқылады. Атап айтқанда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығына жоғарыда аталған кадрларды дайындайтын орталықтардан біліктілік арттыруға облыстан бірде-бір маманның қатыспау себебін сұрап, энергияны үнемдеуді өзімізден бастауымыз керек деді.
Бұл бағдарлама – Елбасының тапсырмасы. Осы энергия үнемдеу мемлекет қызметкерлерінің арасында қаншалықты қолдауға ие, автономиялық жүйеде жылытылатын үйлер мен көп пәтерлі үйлердің жылу қазандарының айырмашылығы қандай? Әрбір адам қай нәрсенің болса да тиімдісін таңдайды. Сондықтан, халық арасында энергия үнемдеудің тиімді жақтарын кеңінен насихаттауымыз керек. Су, жылудың есептегіш құралдары қандай мерзімде тексерістен өткізіліп тұратындығы да басты назарға алынуы тиіс. Сонымен қатар, қаламызға жаңадан автобустар әкелініп жатыр. «Олардың жүруіне қандай газ түрі пайдалы немесе автобустар газбен жүргенде жолақысы арзандай ма?» деген маңызды мәселелерді анықтаған жөн. Тұрғындарға энергияны ұқыпты пайдаланудың тиімділігін түсіндіруіміз керек. Осы орайда, мәдениет, білім, денсаулық басқармаларымен бірлесіп энергия саласында үнемдеуді насихаттау жұмыстарын күшейту қажет», – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы қала әкімі Серік Айдарбековке және барлық аудандар әкімдеріне бағдарлама аясындағы негізгі талаптардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз