Мұнайлы мекенге жарық сыйлаған…

АПТА: түйін Жаңалықтар Экономика

Құлсары орталық электр стансасына – 70 жыл

–  Ата! Мына терезелері жоқ, биік мұнарасы бар үлкен ғимарат неге тұр?

– Балам, бұл кезінде осы өңірге электр тоғын берген электр стансасы ғой!..

%d0%bc%d2%b1%d0%bd%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d1%8b-%d0%bc%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d0%bd%d0%b3%d0%b5-%d0%b6%d0%b0%d1%80%d1%8b%d2%9b-%d1%81%d1%8b%d0%b9%d0%bb%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-2

… Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, ел есін жиып жатқан кез. Үкімет мұнай өндіру көлемін көбейтуді, сол арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуды қолға алды. Сол шақта Жылыой өңірінің «қара алтынды» кәсіпшіліктеріне жақын Құлсарыдан бу-турбиналы электр стансасын салуға шешім қабылданды. Аймақ басшыларының  ұйғаруы бойынша оған Құлсарының батыс бетіндегі  Қамыскөлдің маңынан орын бөлінді. Жобалаушылар құрылысқа жер таңдағанда көлдің оңтүстік жағалауының биіктеу жеріне орналастырылған Гурьев (Атырау) өңіріндегі алғашқы Құлсары орталық электр  стансасының үш кезектен тұратын жобасын және су қоймасы  жобасын жасайды.

Құрылысы 1945 жылы басталған электр  стансасының бірінші кезегі қуаты 1,2 меговатт болып, бу қазандығымен және «Эллитон» (АҚШ) типті бу турбинасымен 1946 жылы іске қосылады. Сөйтіп, Құлсары мұнай кәсіпшілігіне алғашқы электр энергиясы  берілді. Электр станса құрылысымен қатар тартабанды темір жол, Құлсары мұнай кәсіпшілігіне  баратын кернеуі  6 киловолттық электр желісі, су мен мұнай құбырлары және тұрғын үй салына бастайды. Турбинаны салқындатуға жабық су  бассейндерін, ал отынға Қосшағыл-Орск құбырынан мұнай пайдаланылған. Ал, келесі кезектерді қатарға қосу үшін үлкен су қоймасы керек еді.  Ол үшін Жем өзенінің бір тарауы Бақашыдан бастау алып, көктемгі тасу кезінде Құлсарының қақ ортасымен Қамыскөлге құйылатын су пайдаланылды. Ол – одан әрі саймен Сарқырауық өзегіне кететін су көзі. Жоғарыдан жерге сіңбей жетсе,  шабындыққа  да жайылатын.

Осы өңірдің байырғы тұрғыны Құттығұлова Майша апайдың айтуынша, бұл жерде түйе жүргенде көрінбейтін терең сай және тоғай, шөбі шүйгін жайылым болған екен. Жобалаушылар осы табиғи су қоймасын тиімді пайдалана білген. Көктемгі тасу кезінде  Жем өзенінен Бақашыға реттелетін бөгет орнатып, Камыскөлге дейінгі саласын тереңдетіп, Сарқырауыққа ағатын сағасынан казіргі Дияр ата кесенесі тұсынан тағы бір шлюз тұрғызу жобаланған. Сонда Қамыскөл мол сулы қоймаға айналар еді. Электрстансаға су айдау үшін 9-шы ауыл маңынан көлдін ең терең тұсынан диаметрі бір метрлік қос тұрбамен  ұзындығы жарты шақырымдық құбыр тартылды.  Электрстансаға берілген су пайдаланылған соң Қамыскөлге қайта  құйылатын.  Бұ жер қыста да буы бұрқырап жататын еді.

Әуелі отынға мұнай қолданылып, кейін Құлсары кәсіпшілігінен газ құбыры тартылды. Сонау 1955 жылы бізде сүңгуір қайықтарға пайдаланылатын жабдықтар болған. Ал, 1958 жылы Құлсары орталық электр стансасының жалпы қуаты 16,2 меговатқа жетті. Бұл сол кезде энергетикалық кешен тас дуалмен қоршалып, күзет қойылды. Энергетиктерге  барлық жағдайы бар (мектеп, дүкен, балабақша, клуб, монша, байланыс бөлімшесі, аурухана, асхана, т.б.) тұрғын үй қалашығы салынды. Стансаның қуаты 1,2 Мвт болатын бірінші кезегінің құрылысына жан-жақтан техник-электрик келді. Мәселен, В.Глушич пен В.Розенко Сахалиннен, Калиев Есберген Гурьев мұнай техникумынан, Г.В.Семенов пен А.Голяков Құлсары  дизель электр  стансасынан, А.Ф.Первушин – Баку институтынан.

Электр қондырғыларының құрастыру мен пайдалану нұсқаулары ағылшын тілінде болатын. Сол кездегі бас инженер А.С.Болшовтың ағылшын тілін білетіндігінің арқасында құжаттар орыс тіліне аударылып, мамандарға пайдалануға берілді. Стансаның бірінші кезегін қатарға қосушылар  шеберлер  С.Т.Макаров пен В.А.Фомин, электриктер И.В.Сундуков, турбинистер В.Башенин, А.Голяков, А.Каримов, машинистер Ж. Қоңырбаев, Н.Жұмабеков, Х.Оралбаев қатысты. Стансаның алғашқы директоры Г.Н.Леонов болды. Соңынан 1960-1980 жылға дейін А.И.Қорғанбаев директор, ал Г.И.Поспешиль бас инженер қызметін атқарды. Көл жағасынан энергетиктер бағы жасақталды, жағажай тұрғызылды. Қамыскөлдегі энергетиктер қалашығы мен Құлсары поселкесі тұрғындарына бау-бақша, ағаш отырғызуға көлдің суы насостар арқылы үздіксіз беріліп тұрды. Соның арқасында қуаң далада орналасқан жасыл желекке оранған қалашық пайда болды.

Кейін Қамыскөлдің суы толмағандықтан оны балдыр басты.  Бұл электр  стансаның  жұмысына кедергі жасады. Ғалымдар көлге амурдың ақ балығын жіберді. Ол  тәулігіне төрт кило тамыр жейтін көрінеді, Айналасы бір-екі жылда көлді балдырдан, қамыстан тазартып шықты. Электр  стансаның қауіпсіз жұмыс жасауына жағдай жасалды. Қамыскөл көлінде әуесқой балықшылар да көбейді және ол барша халықтың демалыс орнына айналды. Құлсары бу электр стансасы халықты электр энергиясымен қамтумен қатар айналаның экологиялық жағдайын жақсартты. Мекемелер көл маңында жұмысшылары үшін жаз айларында бау-бақшалар салды және демалыс орындарын тұрғызды.

Міне, сол кездегі үлкен электр  стансасы қызметі 1985 жылы толық тоқтады. Оның басты себебі сонау 1963 жылы алғашқы кезегі пайдалануға берілген Гурьевтегі жылу-электр орталығынан жоғарғы кернеулі желімен /110кВ/ Доссор және Қарсақ арқылы Құлсары орталық электр стансасы жалғастырылды. Енді соңғысы Қамыскөл «Энергетиктер» қалашығына жылу беретін қазандық ретінде пайдаланылды.

Құлсары орталық электр  стансасының пайдалануға берілуіне және бірқалыпты жұмыс жасауына еңбек сіңірген еңбек озаттары мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ. Мәселен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен Жарылғап Есениязов, Тәжібек Исайнов, Күзен Құдайбергенов және Жиенғали Шүренов, «Еңбек Даңқы» орденімен Г.А.Зубов, Ұ.Ысықбаева,  Қасым Ыбрашов, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен  Н.С.Афанасьева, Айдынғали Елешов, Сағат  Қокаров марапатталды. Жамбай Қоңырбаев Мәскеуде 1947 жылы алғашқы іске қосылған Құлсары орталық электр  стансасы бу қазандығының озат машинисі ретінде ұлықталды.  Бүгінгі ұрпақ Арон Қорғанбаев, Құлымбай Жуасов,  Сатыбалды Сарекенов, Қадыр Дәужанов,  тағы басқаларының есімдерін ерекша ілтипатпен еске алады. Осы 70 жылдық мерейлі  күнде есімдері атауға мүмкін болмаған, бірақ аймақтың энергетикалық қызметіне  елеулі үлес қосқан ардагерлер алдында басымызды иеміз. Олар  Құлсарыда тұңғыш электр стансасының салынуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына себепші болды. Бүгінде ескінің ескерткіші ретіндегі ғимарат аға ұрпақ жадында.

Өзім сол кәсіпорынның  1982 жылдан бастап бас инженері болып жұмыс жасағанымды мақтан тұтамын. Сол кездегі «Гурьевэнерго» мекемесінің бас инженері Г.И.Поспешиль екеуіміз кәсіпорынды Құлсары қалалық орталық қазандығы ретінде қалдыру және қайта жаңғырту жөніндегі КСРО мен Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрлігіне ұсынысымыз аяқсыз қалды. Бүгінде  Құлсары орталық электр стансасының тек сыртқы қабырғалары мен  биіктігі  60 метрлік мұржасы, ұшында «1955» деген жазуы ғана қалып тұр. «Бізде кезінде болғанбыз» дегендей, Жылыой өңірінің өткен тарихының елесі ғой ол. Энергетиктер күніне және Құлсарыдағы  алғашқы бу-турбиналы электр  стансасының іске қосылғанына  70 жыл толғанына орай барша ардагерлерімізді құттықтап, кейінгі ұрпақ сол дүбірлі еңбек эстафетасын жалғастырады деп сенемін.

Дүйсен  ЕРЖАНОВ,

Атырау энергетика кешенінің ардагері, 

Жылыой ауданының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған