КӨГІЛДІР ЭКРАН КӨКЖИЕГІ

цифрлық  телехабар  тарату  арқылы  кеңейеді

 

Таяу арада Атырау облысының тұрғындары теледидарды ең жоғары сапада тегін көре алатын болады. Жылдың соңына дейін цифрлық телехабар тарату желісі еліміздің барлық облыс орталықтарында, оның ішінде Атырау қаласында іске қосылады. Цифрлық хабар таратуға көшу жұмысының барысы мен жаңа желіге қосылу үшін не істеу қажеттігі жөнінде «Қазтелерадио» АҚ Атырау қаласындағы филиалының директоры Дархан ХҰСЫНОВПЕН әңгімелесуді жөн көрдік.

– Дархан Шапхатұлы, біздің облыста цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін іске қосу үшін қандай жұмыстар атқарылды?
– Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін 13 облыста іске қосуды қарастыратын «цифрлық» стандартқа көшу жұмыстарының екінші кезеңі аясында эфирлік жер бетіндегі телерадиотрансляциялау желісі үшін жиілік-территориалдық жоспар құрылды. Сөйтіп, біз Атырау қаласындағы радиотелехабар тарату стансасын жетілдіру және жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі уақытта радиотелехабар тарату стансасында ең соңғы тестілеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Атырау қаласы мен қала маңындағы Ақжар, Геолог, Ақсай, Талқайраң, Бірлік, Жамбыл, Дамбы елді мекендері, сонымен қатар, Исатай және Махамбет аудандарының қалаға жақын орналасқан елді мекендерінде цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінің ресми түрде іске қосылу рәсімі ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Цифрлық эфирлік желі іске қосылған сәтте жергілікті көрермендерге 23 телеарна қолжетімді болады. Телеарналар тізімі ҚР Үкімет қаулысымен бекітілген. Облысымыз бойынша жоспарға сәйкес, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін, жеті ауданда жұмыс істеп тұрған 18 РТС жетілдіру және жаңарту жұмыстары қарастырылған.
– Цифрлық телевизияның артықшылықтары туралы көп айтылуда. Көбінесе бейненің жоғары сапалылығына назар аударылады. Телехабар таратудың жаңа стандартына көшу тағы қандай артықшылықтар береді?
– «Бейне» анық көрсетеді, аналогтық телехабар таратумен салыстырғанда бөтен шу жоқ дегенге қоса бірқатар техникалық артықшылықтар да бар. Цифрлық хабар таратуды қолдану жиіліктердің диапазон қорын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір еліміздегі жиілік тапшылығы жағдайында телехабар таратудың жаңа технологиясы бір жиілікте бірнеше телеарнаны жоғары сапада таратуға жағдай жасауда. Дегенмен, ең басты артықшылығы да бар, ол – бұрын бір-екі телеарнаны ғана көріп келген шалғай ауылдардың тұрғындарына – 15, облыс орталықтарында 30-ға жуық телеарнаны тегін тамашалауға жол ашады.
– Еліміздің көптеген тұрғыны бұрыннан кабельдік телевизия арналарын тамашалап келді. Сіздің ойыңызша, цифрлық телехабар тарату желісі қаншалықты сұранысқа ие бола алады әрі кабельдік телевизиямен арадағы бәсекеге төтеп бере ала ма?
– Менің сөзім кабельдік телевизиядан бас тартуға шақыру ретінде қабылданбаса екен деймін. Бірақ, ашығын айтайықшы: кабельдік телевизияның көзге көрінетін артықшылықтары болғанымен, өз кемшіліктері де жоқ емес. Мәселен, кабельдік операторлар тек ірі қалаларда ғана қызмет ұсынады. Әрі бейне сапасы ауа райына тәуелді. Оның үстіне, кабельдік телевизияға қосылу үшін ай сайын абоненттік ақы төлеп отыру қажет. Ал, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне бір рет қосылған адам телеарналарды тегін тамашалайды. Осылайша қазір үш-төрт телеарна ғана көрсететін қала немесе ауыл тұрғындары облыс орталықтарында 30-ға дейін, қалған елді мекендерде 15 телеарнаға қолжетімді бола алады.
– Яғни цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінің абоненті атану үшін қажетті қондырғыны сатып алса, сол ғана жеткілікті болады ғой?
– Иә, қабылдағыш сатып алып, «193» нөмірі бойынша «call» орталыққа немесе жергілікті сату орталығына хабарласып, тіркеуден өту қажет. Сату орталықтарының нөмірі otautv.kz сайтында бар.
– Сол қондырғы қанша тұрады және оны қайдан алуға болады?
– Тұрмыстық техника дүкендерінен цифрлық эфирлік қабылдағыш немесе ресивер сатып алу керек. Оның бағасын өндірушілер және сауда желілері анықтайды. Сондай-ақ, халыққа қабылдағыштарды автроластырылған дилерлер желісі арқылы сату жолға қойылған. Егер абоненттің теледидары «DVB-T2» цифрлық стандартына сәйкес болса, теледидарға қондырылатын тюнер – «САМ-модуль»-ды сатып алуға болады. Оның бағасы қабылдағыштан төмен. Нұсқаулыққа қарап, абонент қондырғыларды өзі қостыра алады.
– Цифрлық телехабар тарату желісін кім тұтынады?
– Жүйе толық жұмыс істеген кезде цифрлық телехабар сигналын Атырау облысының барлық тұрғындары қабылдай алатын болады. Бірақ, біздің негізгі тұтынушымыз – ауылдық жер тұрғындары. Олар үшін телевизия ауыл мен қала арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға сеп болатын мүмкіндік. Ең шалғай орналасқан ауылдардың тұрғындары да ірі қала тұрғындары секілді жоғары сапалы қызмет түрлерін пайдаланулары тиіс.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстанның телерадиохабар тарату жүйесіндегі барлық жаңалықтары 2006 жылы аналогтық желіден цифрлық жүйеге көшу жөніндегі халықаралық конвенцияда алға қойған тапсырмаларды орындауға бағытталған. Естеріңізге сала кетсек, конвенция Женевада қабылданып, өзіміздің Қазақстанды қосқанда, оны әлемнің 104 мемлекеті мақұлдаған болатын.
Егер абонент цифрлық сигналды сенімді қабылдау аймағынан тыс жерде орналасса, ұлттық жерсеріктік OTAU TV телерадиохабар тарату желісіне қосылу мүмкіндігі бар екені белгілі. Осы желі туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Қазтелерадио компаниясының мақсаты – республика халқын отандық телерадиоарналардың сапалы сигналымен қамтамасыз ету. Ал, бұл қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға мүмкіндік бермек. Өйткені, ел халқының жартысына жуығы аналогтық эфирлік хабар тарату желісі арқылы небәрі төрт-бес телеарна ғана көріп келді ғой. Әсіресе, олар – кабельдік немесе өзге желілер арқылы отандық телеарналарды тамашалау мүмкіндігі жоқ шалғай жатқан ауыл тұрғындары. Сондықтан да, еліміздің кез келген елді мекенінен қосылып, абоненттік төлемсіз 45 телерадиоарнаны тамашалауға мүмкіндік беретін OTAU TV желісі құрылған болатын.
OTAU TV-дің кабельдік операторлар алдында қандай артықшылықтары бар?
– OTAU TV жерсеріктік телехабар тарату желісінің ең басты артықшылығы сол, елді мекенге қажетті кабель өткізді ме, жоқ па – оған қарамастан сигнал жерсеріктен қабылданады. Сондықтан, OTAU TV жерсеріктік сигналы Қазақстан аумағының 100 пайызын қамтиды. Бүгінде республикада OTAU TV Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісіне қосылмаған бірде-бір елді мекен жоқ. Екіншіден, OTAU TV-нің тегін «Базалық» топтамасы бар, ол 38 теле және 7 радиоарнадан тұрады. Абонент бір-ақ рет шығындалады, ай сайынғы абоненттік төлемақы жоқ. Ал, егер абонент танымал деген шетелдік телеарналарды тамашалаймын десе, онда ол қолжетімді бағамен ақылы топтамаларға («Стандарт» – 1000тг., «Элит» – 2000тг.) қосыла алады.
Үйіне ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісі қондырғысын орнатқысы келген көрерменнің не істеуі керек?
– OTAU TV қызметіне қосылу үшін біздің облыста да диллерлік желі жұмыс істеп тұр. Болашақ абонент Атырау қаласындағы Абай даңғылы, №25 мекен-жайы бойынша орналасқан «Қазтелерадио» АҚ Сату орталығына 27-62-51, 55-84-44 нөмірлеріне, ішкі 3912, 4001 нөмірлі телефонына хабарласып, өтініш қалдыруы керек. Сонымен қатар, www.otautv.kz арқылы онлайн тәртібінде де сұраныс қалдыруға болады. Бұдан кейін сұраным диллерге жөнелтіледі. Оның жүзеге асырылуын біз қадағалаймыз. Ал, тапсырыс берушіге ыңғайлы уақытта диллер үйіне барып, қондырғыны орнатып береді.
– Қондырғы қандай бөлшектерден тұрады?
– Ең алдымен, бұл жиынтыққа жерсеріктік антенна, конвертор, цифрлық қабылдағыш (ресивер) пен кабель кіреді.
– Қазір OTAU TV абоненттерінің саны бойынша қандай нәтижеге қол жеткізіп отырсыздар? Біздің облыстың үлесі қандай, сол жөнінде айтып берсеңіз.
– Қазақстанда жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі «Кателко+» сауда белгісімен 2002 жылы жұмыс істей бастаған. 2011 жылдың қаңтарында жерсеріктік желі OTAU TV деген сауда белгісімен жаңа «DVB-S2 MPEG-4» цифрлық стандартқа көшірілді. Ол кезде жерсеріктік желі абоненттерінің саны 6500-ді құраған. Содан бері бұл көрсеткіш қарқынды өсіп, қазір 400 мыңнан асты. Ал, бұл шамамен 1,6 млн. көрермен. Оның 33 648 үй шаруашылығы Атырау облысының үлесінде. Тағы бір айта кетерлік жайт, желіге қосылған отбасылардың 84 пайызы ауылдық жерлерге келеді екен. Осыдан-ақ ұлттық телехабар тарату желісінің ауылдарда үлкен сұранысқа ие екенін көруге болады.
2013 жылдың соңына дейін «Қазтелерадио» АҚ республика бойынша абоненттер санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Оның 40 000 үй шаруашылығы біздің филиалдың еншісінде. Бұл – өте күрделі тапсырма. Алайда біздің филиал бұл міндетті ойдағыдай орындайды деп сенемін. Ол үшін сеп болатын көп факторлар бар – біздің кәсіби білікті мамандар, өткен жылдарда жинаған тәжірибеміз, диллерлермен арадағы қалыптасқан серіктестік қарым-қатынас, жергілікті атқарушы органдардың қолдауы, ең бастысы – жұмысқа деген ынта.

 

Әңгімелескен Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз