ҚАЗБА БАЙЛЫҚТАР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Алдағы бес жылдық мерзім ішінде ел көлемінде жүргізілетін геологиялық жұмыстарға мемлекет тарапынан 161 млрд. теңге бөлініп, оның басым бөлігі геология саласына бағытталса, 42 миллиарды «Ақбұлақ» бағдарламасына жұмсалмақ. Сол секілді осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін еліміз шетелдің алдыңғы қатарлы бірнеше компаниясымен келісім-шартқа отыруда. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев айтып өтті.

Өз сөзiнде ол Қазақстан жер қойнауының пайдалы қазбаларға тұнып тұрғанын, көмiр, темiр кен орындарындағы қорлар кем дегенде 300 жылға жеткiлiктi екендiгiн атап өтті. «Мемлекет өзiнiң негiзгi ресурстарын алдағы 50-60 жылда қажет болатын пайдалы қазбаларды өндіру жұмыстарына бағыттауы тиiс. Солардың ішінде алтын, мыс және сирек кездесетін металдар мен полиметалдарға басты назар аударылып отыр» деді ол.
Өз кезегінде брифингке қатынасқан осы сала бойынша әлемдік додада топ жарып жүрген бірнеше шетелдік компания өкілдері еліміздің кен орындарын барлауға қызығушылық танытып отырғандарын айта келе, әріптестік танытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, белгілі болғанындай, осы жылы Назарбаев университетiнің аумағында геологиялық орталықтың құрылысы басталады. «Ол геологтер қалашығы ретiнде құрылып, геологиялық кластерге қажеттi дүниенiң барлығы осында шоғырландырылмақ» деп атап өтті министрдің орынбасары.
Брифингте сонымен қатар, еліміздегі туризмді дамыту мәселесі де қозғалды. Министр орынбасарының сөзіне сүйенсек, Үкімет бүгінгі отырыста туристік саланы дамытудың тұжырымдамасын бекітті. Қабылданған құжат еліміздегі бес туристік кластерді дамытуды көздейді. Олар – Астана, Алматы, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан. Сондай-ақ, Нұрлан Сауранбаевтың пікірінше саланы дамыту үшін елімізде визасыз тәртіп орнатып, әуе билеттерінің бағасын арзандату қажет.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз