«ҚАТИРА ДҮТБАЕВА ЕСІМІ – КОЛЛЕДЖ ТАРИХЫНДА»

Өзі өмірден өтсе де, артына өшпес із қалдырып кететін жандар болады. Оларды кейінде қалғандар естерінен шығармайды, бір сәт те ұмытпайды. Себебі, ол көзі тірісінде адамгершілігі зор, түсінік-пайымы терең, жанындағыларға шуағын шашып жүретін ізгі адам болды. Міне, бәріміз білетін Қатира Дүтбаева да дәл сондай жан-тұғын.

Жуырда туған күніне орай оның есімімен аталатын Атырау гуманитарлық колледжінде «Қатира Дүтбаева есімі – колледж тарихында» атты апталық болды. Барлық бөлімдерде колледж табалдырығын енді аттаған бірінші курс студенттеріне Ұстаздың өмір жолын таныстыру, ұлығылау сабақтары өтті. Сондай-ақ, оларға Қатира Ермекқызы туралы түсірілген бейнефильм көрсетіліп, қадірлі ұстаздың жазылып алынған даусы тыңдатылды. Ал, жоғары курс студенттері ұлағатты ұстазға арнаған өлеңдерін оқыса, колледж оқытушылары ұлағатты ұстаз туралы жүрек тебірентер естеліктер айтып берді.

Өмірі өнегеге толы ұстаздың «…Азаматтық, қайырымдылық, мейірімділік, білімділік – бәріміздіңөміріміздіңшамшырағына айналсын»деген сөзі әрбір жастың көкейіне қонып, болашақ өмірлеріне бағыт-бағдар берері анық. Бір қуанарлығы, колледж ұжымы жыл сайын оның туған күнінде басына барып, гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырыпты.

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз