«КАСПИЙГЕ» ИНТЕРНЕТПЕН БИЛЕТ АЛАМЫЗ

3214321Бүгінде интернет желісі жақсы дамып тұрған заманда оның бар мүмкіндігі кеңінен пайдаланылуда. Соның бір парасы – пойыздарға сатылып келген интернет-билет бұрынғыдай сарылып кеп ұзыннан-ұзақ шұбатылған кезекте тұрудан құтқарғаны да рас. Енді ондай билеттерді кассадан емес, пойыз бастығынан барып аласыз, әрине, бұл тек фирмалық пойыз жолаушылары үшін!

«Жолаушылар тасымалы» АҚ билет алудың осындай әдісін қолданысқа енгізуде. Жуырда алғаш рет Атырау-Астана бағытына жүретін фирмалық «Каспий» пойызы жүрер алдында осы әдісті қолданудың тұсаукесері өтті. Атырау вокзалындағы билет кассасының бастығы Ажар Ахметованың айтуынша, билетті тексеру «Пойызға отырғызу терминалымен» жүзеге асырылады. Үлкендігі ұялы планшет-телефон шамалас болатын бұл терминал арқылы ерте алынып қойылған билеттер тексеріледі. Яғни, жолаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ сайтына кіріп, интернет арқылы билетке тапсырыс береді. Содан соң ол орынға бронь жасалады да, ақшасы төленген соң 15 минуттан кейін «терминалға» хабарлама түседі, интернет арқылы жолаушыға 14 цифр беріледі. Ол пойызға келгесін 14 цифрды жолсерікке көрсетіп, терминалдан теру арқылы өзінің аты-жөні, орнын анықтайды. Әбден жайғасып болған соң, пойыз бастығына барып, билетін алады. Пойыз бастығы алдында ноутбук пен билет шығарып беретін аппарат тұрғанын көрдік, онда барлық мәлімет құйылып тұр. Бұл әдістің тиімділігі – жолаушы уақыттан ұтады, әрі кассаға барып кезекке тұру машақатынан құтылады. Билет құнын төлеу үшін банкке де барудың қажеті жоқ, шотыңызда қаражат болса жеткілікті. Тұсаукесер барысында барлығы 12 вагонға алты терминал берілгенін білдік.
Пойыз бастығы Жақсылық Сақауов:
– Әзірге мұндай билет алушылар саны көп емес, адамдар әлі ондайға үйренісе алмай жатқаны тағы бар. Бірақ, қалайық-қаламайық, бұған түбінде бәрібір мықтап көшетініміз анық. Қазір ғаламтордың дәурені жүріп тұрған кез, озық технологиялар барлық салаға берік еніп келеді. Қазіргі уақытта 12 вагонға алты терминалдан беріліп отыр. Бұл – бір жағынан, интернет-билет алушы жолаушылардың аздығын есепке алғандық болса, екінші жағынан, осы әдістің тиімділігін байқау. Бүгін біз осындай билетпен келген бірнеше адамдарға қызмет көрсеттік.
Пойызбен Астанаға кетіп бара жатқан басқа ел өкілдері де «фирмалық» пойыздың қызметіне ризашылық білдіруде.
– Біз Шешенстан Республикасынан келеміз, Грозный қаласында тұрушы едік. Қазақстанға әртүрлі шаруалармен жиі қатынаймыз. Осы Атырау-Астана пойызына бірнеше рет міндік. Қызмет көрсету сапасы тамаша! Жанға керектің бәрі бар. Сіз білесіз бе, мұндай пойыз тек Қазақстанда ғана бар, бұрынғы одақтас елдердің ешқайсысынан мұндай пойызды көрмедік. Елдеріңіз дамып, жан-жақты өркендеп жатқаны қандай ғанибет, оны басқа білмесе де, басымыздан талай қиындық өткен біздің шешен халқы жақсы біледі. Өркендеп, өсе беріңіздер, біз оған тілекшіміз, – дейді Назир Нальгиев пен Гурбика Висаригова.
Айта кетелік, былтырғы жылдың 1-ші шілдесінен бастап Елордамыз – Астанаға қатынайтын №47-48 «Каспий» жолаушылар пойызына ҚР Көлік және коммуникация министрлігінен «фирмалық пойыз» статусы берілді. Мұнда ең бастысы, қызмет көрсету сапасы артып, жолаушыларға барлық жағдай жасалады, соның ішінде вагон-мейрамханадан тамақ әкеліп беру, әртүрлі ойын құралдарын ұсыну, бір реттік шай, кофе пакеттері, тіс щеткасы, балаларға қалам-қарындаш, бояу қағаздары беріліп, мини-библиотека, құнды құжат-қағаздары бар жолаушылар үшін сейф қызметі де көрсетіледі. Айта кетелік, Атыраудан Астанаға дейін купеге билет құны – 8104 теңге.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз