Карантин кезіндегі кәсіпкерлік

Жаңалықтар Заң

Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Коронавирус кесірі кәсіпкерлік саласына  елеулі  өзгеріс  енгізді. Кейбір нысандар төтенше жағдай кезінде уақытша жұмыс көлемін азайтуға, кейбірі тіптен қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Ел Үкіметі қабылдаған кешенді шаралар жұмыс орындарын сақтау мен жұмыс берушілерді қолдауға бағытталуда.

Жеңілдетілген салық  жүйесі

Бұл ретте салықтық жүктемені азайту мәселесі қарастырылғанын айта кеткен жөн болар. Шағын және орта кәсіп иелері 1 қазанға дейін салықтан босатылды. ҚР Ұлттық экономика вицеминистрі Мәди Тәкиев экономиканы тұрақтандыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлерді уақытша салықтан босату шаралары туралы баяндады. «Салықты 1 маусымға дейін төлемегендердің өсімпұлы тек 1 маусымнан бастап есептеледі. Ал, 1 сәуірден 1 қазанға дейін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құн салығы 12 пайыздан 8 пайызға төмендетілді. 1 қазаннан бастап салық органдары бұған дейінгі төмендетілген пайыз мөлшерінің айырмашылығын талап етпейтін болады.

Сонымен қатар, Президенттің Жарлығын орындау, Үкімет тарапынан экономиканы тұрақтандыру мақсатында 29 бағыт бойынша жұмыс жүргізетін шағын және орта, микро бизнес өкілдерін 1 сәуірден 1 қазанға дейін салықтан босату жеңілдігі беріліп отыр», – деді вице-министр. Төтенше жағдай кезінде Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдау үшін жедел шаралар қабылдап, жүзеге асырды. Бизнесті қаржыландыруды, қосымша салықтық ынталандыруды іске асыруды, осы саланы тексерулерден шектеуді көздеген бастамалар жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, бизнесті қолдау үшін бірқатар салықтық шара қабылданды. Вицеминистрдің айтуынша, салықтық жеңілдіктер саудадан бастап туристік бизнеске дейін экономиканың түрлі секторларын қамтиды. «Жыл соңына дейін сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен спорт объектілері, қоғамдық тамақтану, қонақ үй және туристік қызмет салаларында жұмыс істейтін салық төлеушілер бойынша мүлік салығынан босату белгіленді. Сондай-ақ, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары, медиаторлар осы жылдың 1 қазанына дейін мүлік салығынан босатылды» деді М.Тәкиев. Вице-министрдің мәліметінше, жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жылдың соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды.

«Ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын агроөнеркәсіптік кешендегі биологиялық активтердің импортына қосылған құн салығы салынбайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер салығын төлемейді. Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 2020 жылдың 1 қазанына дейін 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілді. Микро, шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін 29 қызмет түрі бойынша еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да міндетті төлемдерден босатылды. Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлерге төленетін үстемақы еңбекақы төлеу қорына салынатын барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылды» деді ол.

Қарапайым заттар экономикасы – бүгінгі бағыт

Кәсіпкерліктің құлашын жаюына әлі ерте. Ел ішіндегі ахуалды айықтыру мақсатында енгізілген шектеу шаралары еңсесін тіктей алмай жатқан кәсіп иелеріне соққы болды. Десек те, бұл – баршаға ортақ талап, қажетті қадам. Жалпы, кәсіпкерлік бағытындағы кедергілер мен келеңсіздіктерден құтылу мақсатындағы шаралардың бір тобы қарапайым заттар экономикасына бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстанда бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өйткені, ол – өте қажет. Әрі көптеген еңбек ресурстарын, инновациялық бастамаларды қажет етпейді. Яғни, қазіргі ахуал кезінде де дамыта беруге болатын бағыт.

Күнделікті пайдаланатын және ауқымды ақша жұмсалымы мен күрделі технологияларды қолдануды талап етпейтін өнімдер шығару, қызметтер көрсету – қашан да сұраныста. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев бұл ретте: «Қарапайым заттар эко но микасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбей тілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қай та қаржыландыруға, жеңілдік шарт тары мен несие беруге жұмсалады» деп атап өткен болатын. Мәселеге қатысты Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Еркінбек Қаракешовпен тілдескен едік.

– Басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы» немесе «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы 2018 жылғы 11 желтоқсанда Үкімет қаулысымен бекітілген. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында алғашқысында 600 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бөлінсе, қазіргі таңда Президенттің тапсырмасымен қаржыландыру сомасы 1 трлн. теңгеге дейін көтерілді. Бүгінгі күні облысымызда осы бағдарламамен жалпы сомасы 8,2 млрд. теңге болатын 36 жоба қолдауға ие болды, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Сала өкілінің пікірінше, қолдауға ие болған салалар қатарында жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, машина жасау, балабақша құрылысы және басқалары бар. Білгеніміздей, екінші деңгейлі банктер мен Аграрлық несие корпорациясында  жалпы сомасы 6,2 млрд. теңге болатын 7 жобаның құжаттары қарастырылу үстінде.

«Қосымша жалпы сомасы 18,4 млрд. теңге болатын 57 жобаны кәсіпкерлер  қазіргі уақытта құжаттарын жинақтап дайындау үстінде. Аталған бағдарламаның жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу мақсатында орталықта және әр облыста Кәсіпкерлер палатасының жанынан жобалық алқалар құрылды. Бұндай құрылым біздің облыста да бар» деді Е.Қаракешов.

Құрамына кәсіпкерлік палатасының, мемлекеттік орындары мен қаржылық институттар өкілдері кірген кеңсенің басты мақсаты – бағдарламаға ұсынылған жобаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктермен арадағы проблемалық мәселелерін уақытында шешу, яғни, жан-жақты демеу.

Қаржылық емес қолдау

Аталған саланы аяққа тұрғызу мақсатындағы мемлекет енгізген игі бастаманың тағы бірі осы. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанованың айтуынша, биылғы I жартыжылдықта бизнесті сервистік қолдау бойынша 250 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне 260 қызмет түрі көрсетілген.

Сонымен қатар, 7 ауданда кәсіпкерлікті қолдау орталығы жұмысын жүргізуде. Осы уақытқа дейін аталған орталықтардың кеңесшілері мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында 894 кәсіпкер мен өзге де ынта білдіргендерге кеңес берді. Олардың басым бөлігі сауда, 12 пайызы ауыл шаруашылығы, 10 пайызы қызмет көрсету, 13 пайызы тасымалдау және сақтау салаларында жұмыс жасайтындар.

«Бизнес мектеп» жобасы аясында кәсіпкерлігін жаңа бастайтындар үшін оқу өткізілді. Биыл бұл курс аясында онлайн және офлайн жүйе бойынша 148 адам, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бүгінге дейін 253 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдар онлайн оқытылды. Бұл жоба ауқымында 54 адам 29,4 млн. теңге сомасында 200 AEK мөлшеріндегі грант иегері болды. Салалық тұрғыдан алғанда, қаржыландырылған жобалардың негізгі үлесі ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі, яғни, кондитерлік цех, тігін цехын ашу сынды бағыттар» дейді салалық бөлім басшысы Ж.Жоламанова.

Қалай дегенде де кәсібінен нәсіп тауып отырған немесе аталған салаға алғаш аяқ басқан кәсіпкер болса да қазіргі күрделі ахуалдан шығудың тетіктерін тағы да қарастыруды сұрауда. Несиелік төлем уақытын ұзартып, ғимаратты жалға алу төлемінен босатуды қарастыру мәселесі де қазір қызу талқылануда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, карантиндік шектеулердің алғашқы кезеңінде арнайы сауалнамаға қатысқан 131 мың адам еңбек ететін 8228 шағын және орта бизнес субъектісінің 10 пайызы 12 мың қызметкерін жұмыстан шығаруға, ал, 35 пайызы 46 мың адамды ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр болып отырғанын айтқан.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған