Халық бағдарламалардан неге хабарсыз?

АПТА: түйін Басты жаңалық Жаңалықтар

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аудандардағы әріптестерін осылай сынға алды

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  Қызылқоға ауданында жұмыс сапарымен болды. Облыс әкімі орынбасарларымен, облыстық департаменттер мен басқарма басшыларымен аудан орталығындағы әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралап, олардың тынысымен танысты.

_EAC0043

Әлеуметтік сала – әкім назарында

Пайдалануға берілгеніне 45 жылдай болған «Жасұлан» бөбекжай-балабақшасы бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие мен мектепке дейінгі білім беру ісінде алдыңғы қатарда келеді. Мұндағы алты топта 150 бала тәрбиеленеді.

Балабақшаға келген аймақ басшысын ұжым басшысы Гүлнәр Кәрімова мекеменің бүгінгі тынысынан хабардар етті.

Облыс әкімі балғындардың жағдайына, тәрбиеші-педагогтардың  әлеуметтік мәселелерінің шешілу жайына көңіл аударып, жұмыстарына табыс тіледі, бүлдіршіндердің өтініші бойынша естелік суретке түсті.

Әкім осы балабақшаның қарсы бетіндегі «Ардагерлер үйіне» де соға кетуді ұмытпады. Мұнда кезінде халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек еткен, ұлағатты ұрпақ өсіріп, ақсақалдық жасқа жетіп, Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жас буынын елдікке, бірлікке, отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ақсақалдармен емен-жарқын пікірлесті.

Қызылқоға – атақты спортшыларымен де танылған өңір. Кезінде спорттың қазақша және еркін күрес түрлерінен Қазақстан, Әлем чемпиондары шықты. Бүгінде ауданда денешынықтыру мен спорттың бұқаралық сипатқа ие болуына біршама жағдайлар жасалуда. Демеушілік қаржыға салынған денешынықтыру және спорт кешенінде бір нұсқаушы мен үш жаттықтырушы ауыл балаларын күрес, бокс, волейболдың  қыр-сырын меңгеруге үйретеді.

Мұнда барлығы 1300  бала спорттың сегіз түрімен айналысады. Дзюдо күресінен жаттықтырушы Болатбек Меңдіғалиевтің шәкірттерінің күнделікті жаттығуына Нұрлан Асқарұлы куә болды. Кешенде Мейіржан Сабыров жаттықтыратын былғары қолғапшы балғындар алдағы жауапты сындарға дайындалып жатыр екен.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қызылқоға аудандық «Қызыл-қоға» газетінің 7000-ыншы санының  шығуына орай ұйымдастырылған волейболдан ересектер арасындағы аудандық біріншіліктің ашылу салтанатына да қатысты. Ауылдық округтерден, Индер, Мақат аудандарынан, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нен келген командалар сап түзеді. Өңір басшысы салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында өтіп жатқан волейболшылар бәсекесінде командаларға сәттілік тіледі.

Аталған шараға осы өңірдің төл перзенті, белгілі баспагер-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, «Өлке» баспасының бас директоры Мереке Құлкенов те арнайы келіп, құттықтау тілегін жолдады.

ЕАС 868

Аймақ басшысының келесі аялдаған нысаны жеке кәсіпкер Октябрь Нұрадиновтың «Керуен» сауда үйі болды. Ол мұндағы қызмет көрсету аясымен, халықтың сұраныс-тілектерін қанағаттандыру, жаңа жұмыс орындарын ашудағы шаруалармен танысты.  Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы несие алған кәсіпкердің екі қабатты әсем сауда үйінде 21 бөлім орналасқан. Ерлер мен әйелдер, балалар киімдері, кеңсе және тұрмысқа қажетті тауарлар сатылады. Орын ақысы да қымбат емес, әр сатушы айына 25-35 мың теңге көлемінде ақша төлейді.

Сауда үйінің бір залында облыс әкімі жергілікті жеке кәсіп иелерімен кездесті. Еркін пікір алысу форматында өткен бас-қосуда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбөпиева өткен жылы кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы мағлұмат берді. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болатын көкейкесті мәселелерді де жеткізді. Бөлім басшысының пікірінше, бірін-шіден, кәсіпкерлік нысанға газ жүргізу мәселесінде бір метрге тартылатын газдың есептеу калькуляциясы шешілмеген. Екіншіден, кәсіпкерлердің өзі тұтынатын «көгілдір отын» үшін алдын ала төлем жасауы негізсіз. Ол аймақ басшысынан қалыптасқан жағдайды шешуге ықпал етуді өтінді.

Осы мәселе бойынша Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Жәнібеков «ГазТрансАймақ» мекемесі басшылығына тиісті ұсыныстың жіберілгендігін айтты.

Жеке кәсіпкер Қайырбек Баймұратов ауданда ат спортын дамыту, ұлттық спорттық ойындарын ұйымдастыру мақсатында ипподром құрылысын салу үшін 67 млн. теңге қаражат қажет екендігін айтып, көмек сұрады. Ал, «Бірлік» Миялы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы Айжан Ізімова 54 құрылтайшысы бар жаңа құрылымның алғашқы қадамдары мен болашақ жоспарлары жөнінде баяндап берді.

Барлық пікірлер мен ұсыныстарды мұқият тыңдаған Нұрлан Асқарұлы тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Ауыл кәсіпкерлеріне халықты азық-түлікпен қамтуда оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, таза, әрі сапалы өнім шығару, қызмет аясын кеңейту, бәсекелестікті арттыру мәселелеріне назар аударуды қаперледі.

Бұдан кейін облыс әкімі «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында  тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

 

Салғырттық сан соқтырмасын!

Бұдан соң аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілерінің, шаруагерлердің, аудандар мен қала әкімі орынбасарларының, тиісті бөлімдер басшылары мен ветеринария мамандарының қатысуымен алқалы жиын болды.

ЕАС 1344

Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев саланы дамытудың бүгінгі жайы мен алда атқарылар міндеттер туралы баяндады. Ол, әсіресе, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтар, мал тұқымын асылдандыру, өнімділігін арттыру, өңдеу, егін шаруашылығына интенсивті технология енгізу, гектар берекесін көтеру, алынған өнімді қоймада сақтау мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Облыс әкімі мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша мал сатып алу жоспарын орындамаған, сондай-ақ, егін шаруашылығын дамытуға, тамшылатып суару әдісіне, егіс өнімділігін көтеруге құлық танытпай, берілген тапсырмаларды орындамаған Исатай, Құрманғазы, Мақат аудандары мен Атырау қаласы әкімінің  жауапты орынбасарларын орындарынан тұрғызып, мұның себептерін түсіндіруді сұрады. Олар түрлі сылтаулармен құтылуға тырысты. Бірақ, облыс әкімі салаға жауап беретін орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа бұл  мәселені кейін арнайы талқылап, тиісті шаралар алуды тапсырды.

– Аймақта ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатыр. Мал саны да, одан өндірілген өнімдердің көлемі де жылдан жылға артып отыр. Бірақ, бұған үлес қосып, себепкер болып отырған аудандар санаулы. Кейбірі жетістікке ортақтасып қана жүр. Тапсырма әр ауданның ерекшелігіне сай біріне көбірек, біріне азырақ беріледі. Сондықтан, мына ауданның жағдайы бізден гөрі жақсырақ деген сылтау бұл жерде жүрмейді, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі бұл жағдайға себеп болып отырған негізгі фактор ретінде тұрғындардың мемлекет жасап жатқан көмектен бейхабарлығы екендігіне аудандарда осы салаға жауапты мемлекеттік қызметкерлерді сынға алды.

– Халық бағдарламалардың көбінен хабарсыз. Білмейді. Әкімдіктер бұл бағыттағы жұ-мысты үдетуі керек. Әр кәсіпкердің соңынан жүгіріп, «мынаны екші, ананы өсірші» деп жалынып жүрмей, жалпы түсіндіру керек. Егер халық  «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» секілді бағдарламалардың байыбына барып, артықшылығын сезінетін болса, өздері соңдарыңыздан қалмай, субсидия сұрап жүгіріп жүреді, – деді Нұрлан Асқар-ұлы.

Өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ – Қызылқоғада мал арасында бруцеллез ауруының жиірек байқалып, жойылмай отырғандығына қатты алаңдаушылық білдірген облыс әкімі өткен жылы «Жасқайрат» ЖШС бойынша пастереллез ауруынан 635 бас қойдың өлім-жітімге ұшырағандығына орай кеңеске қатысушы мал дәрігерлерінің назарын  аударды.

– Елбасы экономиканы әртараптандырудың нақты бағытын белгілеп берді. Бізде мемлекеттік қолдаумен бірге, ауыл шаруашылығын дамытудың барлық шаралары жасақталған. Дегенмен, шаруа қожалықтары мен жеке ауласында мал ұстайтын тұрғындардың мемлекетке иек артпай, бағып отырған малына, мүлкіне өте мұқият болғаны дұрыс. Бағымдағы малдың пастереллезбен ауруы – соның мысалы. Шаруа қожалығында мал дәрігері жоқ болса, уақытымен қаралып, егілмесе, қажетті жем-шөбі дұрыс жеткізілмей, қоңы төмен болса, ауру ошағы сол жерден шықпай ма? Ал, мал дәрігерінің бақылауында бол-ған түліктен ауру шықпайды. Соны ескермегендеріңіз қалай? – деп реніш білдірді облыс әкімі.

Талқыланған мәселе бойынша облыстық ветеринариялық қызмет жетекшісі Нұрбай Әбдірахманов, Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев сөз сөйлеп,  ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндік-тері мен шешімін күтер мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Облыс әкімі кеңейтілген кеңеске қатысушылардың пі-кірлеріне де құлақ түрді, туындаған сұрақтарына  жауап берді.

Кеңесте аудан әкімі Мақсот Мұқанов облыс әкімінің 2016 жылдың 13-14 маусым аралығында Қызылқоға ауданына іс-сапары барысында берген тапсырмаларының орындалысы туралы хабарлама жасады. Барлық елді мекендерін аралау барысында аймақ басшысы берген 22 тапсырманың оны орындалып, төртеуі орындалмаған, сегіз тапсырма орындалу үстінде екендігі белгілі болды.

Орындалмай қалған тапсырмалар бойынша Нұрлан Асқар-ұлы облыстық денсаулық сақтау, құрылыс басқармаларының басшылары Аманбек Жұмыров пен Тілек Махуовтан Мұқыр ауылын қажетті дәрігерлермен қамтамасыз ету және Қарабау, Қызылқоға ауылдық округтерінде мәдениет үйі, отбасылық-дәрігерлік амбулатория ғимараты құрылыстарына қаржы бөлу мәселелерінің неліктен осы уақытқа дейін шешімін таппай келе жатқандығына түсінік беруді талап етті. Бірі дәрігердің Мұқырға баруға құлық танытпай отырғандығын айтса, облыстың бас құрылысшысы аталған ауылдарда әлеуметтік нысандардың жобалау-сметалық құжаттарының дайындалып жатқандығымен түсіндірді.

Облыс әкімі аталған тапсырмалардың күн тәртібінен түсірілмейтіндігін және тиісті басқарма басшыларынан талап етілетіндігін қаперге берді.

Өзекті мәселені қарап, тал-қылаған кеңейтілген кеңесті қорытқан  Нұрлан Ноғаев  об-лыстық ветеринариялық қызмет басқармасы жетекшісіне өткен жылы  Қазақстанда алғаш тіркелген мүйізді ірі қара малының нодулярлы дерматит ауруын болдырмау үшін өңірдегі эпизоотикалық шараларын уақытылы жүргізуді, мал дәрігерлері арасында кәсіби біліктілікті көтеруді, тапсырылған іске жауапкершілік пен талапты арттыруды тапсырды.

– Біз ел аман, жұрт тыныш, осындай жақсы заманда отырып, бас-аяғы үш-төрт айда нодулярлы дерматиттен 1150 бас мүйізді ірі қарадан айрылдық. Мал иелеріне толық өтемақы төленгенімен осы аурудың кесірінен қанша шаңырақ тауып отырған нәпақа-несібесінен қағылды? Бұндай жайт алда қайталанбауы тиіс. Құзырлы сала басшылары, мамандар, алдын алу шараларына ерте қамдануы керек, – деді аймақ басшысы.

_EAC9424

Айқын мақсат, биік меже

Аудан әкімі Мақсот Мұқановтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен биылғы міндеттер туралы есебінен мәлім болғанындай, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларындағы өнім өндіруде алға жылжу бар. Төрт түлік малдың да өсімі байқалады.

Жыл қорытындысымен бюджеттік салық және басқа да міндетті төлемдер 1 млрд.149,3 млн теңгеге жетті. Яғни, бұл 2015 жылдың осы мерзіміндегіден 946,5 млн. теңгеге артық, немесе, 110 пайызды құрады. Ал, жергілікті бюджетке 1,1 млрд. теңге түсім түсті.

Сіз  не  дейсіз?

–  Қазіргідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында аудандағы Жамбыл, Қызылқоға, Тасшағыл, Көздіқара ауылдық округтерінде интернет желісі жоқ. Болашақта «Қазақтелеком» арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу арқылы интернет желісінің жылдамдығын көбейту мәселесін шешу мүмкіндігі қарастырылса екен.

Төремұрат ДҮЙСЕНӘЛИЕВ,

Тасшағыл ауылының тұрғыны.

 

–  Сағыз стансасы тұрғындарын мазалайтын мәселе – электр қуатының тұрақсыздығы. Тіпті, темір жол мекемесіне қарасты ауылда электр жарығының жоқтығынан телехабар көре алмайды. Балалардың сабаққа шаммен дайындалатын күндері жиі кездеседі. Тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстырып, трансформаторын жаңартып, «Атырау-Жарық» теңгеріліміне беру арқылы мәселені шешкен дұрыс.

Халиболла АХМЕТНИЯЗОВ,

                                                                      Сағыз  ауылының тұрғыны.    

 

–  Қазір мектептегі бастауыш білім беру сапасын жақсарту қажеттігі туындап тұр. Себебі, білімге негіз болатын баста- уышта тәжірибесі жоқ, кәсіби білігі төмен жастар сабақ береді. Тәжірибелі ұстаздардан тәлім алған шәкірттер мен жас мұғалімнің берген білім деңгейі екі түрлі. Сондықтан, менің ойымша, 1-4 сыныптарға дәріс беруші ұстаздарды тестілеуден өткізу қажет сияқты.

Ұлдаш  ДҮЙІСОВА.

зейнеткер-ұстаз.

Алқалы жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, айтыл-ған ұсыныс-пікірлер мен қойылған сұрақтарға нақты да толымды жауап қайтарды. Ол ауданда атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.

Бақытжан ЖҰМАТ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған