Ғалымның хаты өлмейді…

Білім Жаңалықтар

Atr.kz/14 қазан, 2019 жыл. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің №331 оқу аудиториясына белгілі ғалым-ұстаз, қоғам қайраткері Ғинаят Әбдірахмановтың есімі берілуде. Бұл туралы аталмыш оқу орнының 70 жылдығы аясында  ұйымдастырылған салтанатты шарада белгілі болды.

Басқосуға университет ғалымдары, Атырау қаласының білім беру ұйымдарының педагогтары мен  сала ардагерлері және ғалымның ұрпақтары қатысты. Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Лесқали Бердіғожин тәуелсіз даму  өткенді мұқият зерделемей, келешекті кеңінен болжамай, жүзеге аса қоймайтынын баса айтып, еңбегі елеулі азаматтарды қашан да ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.

«Қалың жұртшылық бүгінгі ұлттығымыз бен мемлекеттігіміздің тарихи бастауларына айрықша назар аударуда. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында да тәуелсіздік жолында бүкіл өмірін арнаған Ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына ерекше мән берілген. Халық мұндай ұмтылмас тұлғаларды қандай тауқымет тартса да, ешқашан естен шығармайды. Атырау өңіріндегі осынау тұлғалардың бірі – бар өмірін білім беру саласына, ұлттық тарих ғылымына арнаған абзал азамат, профессор Ғинаят Әбдірахмановтың орны бөлек» деді Лесқали  Базарғалиұлы.                                                                                   

 Ғалымның ғылыми мұрасы мен өмірбаянын зерделегенде, ең алдымен оның есімін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен байланыстырмау мүмкін емес. Өйткені, ол  бүкіл саналы өмірі мен қажыр-қайратын осы университетке арнады. Бұл туралы университет проректоры Саламат Идрисов, тарихшы ғалымдар Шахман Нағымов, Гүлжамал Қаленова, үзеңгілес іні-әріптестері профессор Қадір Жүсіп, ардагер ұстаз Қадим Оңғарсынов және ұрпақтары атынан Марат Әбдірахманов баяндап, ұлағаты мол ұстаз туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Айта кету керек, Ғинаят Әбдірахманов С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих мамандығын бітіргесін, әр жылдары Атырау қаласының С.Мұқанов атындағы №10, С.Орджаникидзе атындағы орта мектептерінде директор, Гурьев мемлекеттік педагогика институтында проректор, облыстық «Білім» қоғамы басшысы қызметтерін атқарды. Мәскеуден Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен профессор ғылыми атағын алған ол көрнекті ғалым ғана емес, ел танитын абзал азамат болып қалыптасты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған