ДІНАРАЛЫҚ ДИАЛОГ – бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі

Дін Жаңалықтар Сұхбат

Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл.  Дінаралық диалог мәселесінің соңғы ғасырда өзекті бола түскені белгілі. Дінаралық диалогқа ислам діні қалай қарайды? Мемлекетіміз аса маңыз беріп отырған осы мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері не дейді? Осы турасында ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлын әңгімеге тартқан едік.

– Құрметті Алтынбек Ұтысханұлы, ислам діні тұрғысынан дінаралық диалогтың орнын қалай анықтауға болады?

Біз жалпы исламға қатысты кез келген мәселені қозғағанда ең әуелгі кезекте «насс» деп аталатын ислам дінінің берік негіздері Құран мен сүннетке қарайтынымыз белгілі. Қасиетті Құранға қарағанымызда, мына аятқа көзіміз түседі.

Бұл «Али Имран» сүресінің 64 аяты хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) және мұсылмандарға жол көрсетіп, кітап иелерін ортақ түсінікке илігуге шақыруда: «Әй, Мұхаммед (және мұсылмандар), былай деңдер: Әй, кітап иелері (иудей, христиан және өзгелері) арамыздағы ортақ сөзге келейік: яғни, Аллаға құлшылық жасайық, Оған еш нәрсені тең көрмейік, Алланы ысырып бірбірімізді раб етпейік».

Бұл жерде түрлі ұлттар мен ұлыстарды, діндер мен қасиетті кітаптарды бір негізге біріктіріп, ортақ ұғымға шақырғанын, ислам дінінің барлық адамзат баласына тура жол көрсеткенін көреміз. Осы тұрғыдан келгенде, дінаралық диалог үрдісінен қалыс қалу мұсылман үшін мүмкін емес, оған үлес қосу тіпті міндетті жағдай екенін аңғарамыз.

Қаласаңыз, тағы бір аятқа назар аударайық. Адамдардың ұлт пен ұлыстарға бөлініп, әртүрлі жаратылуы да бекер емес. Бұл жағдай олардың өзара мәдениет, білім, тәжірибе алма­суы үшін көзделген.

Алла Тағала Құранда бұл туралы былай дейді: «Әй, адамдар, анығында біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Өзара жәрдемдесу үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» (Хужурат сүресі, 13-аят).

Міне, көрдіңіз бе, ислам діні иман мен құтқарылуды тек өзіне телитін эго­ист дін емес, ол өзгелердің де сенімге ие екеніне кең көзқараспен қарайды. Осы себепті өзіне дейінгі иудейлер мен христиандар сеніміне дін ретінде қарап, оларды «кітап иелері» ретінде қабылдаған. «Иман еткендер, иудейлер мен христиандар және сабилерден Аллаға және ақырет күніне сеніп, пай­далы іс жасағандардың Раб құзырында сыйы бар. Оларға қорқыныш пен қайғы жоқ. Олар реніште болмайды» деген Бақара сүресінің 62 аятынан да осы мәнді аңғаруға болады.

– Сабилер деп қалдыңыз. Олар кімдер?

– Олар да сенім иесі және көне қауым. Құранда иудей, христиандармен қатар аталады. Ғалымдар христиан, иудей және мажусилер арасындағы топ ретінде ешбірі дінге ие емес, не көне дін дәстүрімен жүрушілер деп те қарастырған. Әбу Ханифа жұлдыздарға не періштелерге табынса да аятта аталған қауымның қасиетті кітапқа сенетін, Забурды мойындайтындығын негізге алып, олардың мұсылмандармен үйленуіне рұқсат еткендігі айтылады. Себебі қасиетті кітаптардың біріне сену ислам дәстүрінде тәухидке мойынсұну деген мәнді білдіреді. Сөзімді жалғайын, сол себепті Құран аяттарында өзге дін өкілдерімен ортақ түсінісу және дінде күштеу жоқ екендігі, сенім еркіндігі мәселелері айтылған.

– Сөз басында Құран мен сүннет туралы айтып өттіңіз. Енді сүннеттегі дінаралық диалогқа де­ген ұстанымды айшықтай кетсеңіз.

– Сүннет – ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с) айтқан сөздері, істеген істері мен көзі тірісінде құптаған іс әрекеттер жиынтығы болып табылады. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) өзге дін өкілдерімен жарасымды сыйластығын үзбей, тек диалог емес, бейбітшілікте бауырларша өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсеткен. Бұған әсіресе Мәдина келісімі куә.

Хижри екінші жылы иудейлермен жасалған бұл келісім бейбіт қатар өмір сүру ұстанымдарын бекіту тұрғысынан үлкен мәнге ие. 47 баптан тұратын келісімде мұсылман мен иудейлерге қарасты түрлі қауымдардың діни, құқықтық, қоғамдық, тіпті экономикалық тұрғыдан ішкі және сыртқы қатынастарын айқындайтын мәселелер қамтылған. Оның үстіне, бұл келісім іс жүзінде жүзеге асып, адамзатқа бейбіт қатар өмір сүрудің ең тамаша үлгісін паш еткен.

Хазірет пайғамбар (с.а.с.) жеке өмірінде де өзге дін өкілдерімен көркем мәміле жасай білген. Бір жолы Әбу Шамс атты иудейден алған екі жүз кило арпа үшін қалқанын кепілдікке қалдырған. Тағы бір жолы сахабаларымен отырғанда, жандарынан бір кісіні жерлеуге апара жатқан көпшілікті көріп орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қайтыс болған кісінің өзге дін өкілі екені айтылғанда, «Кім болса да адам баласы емес пе?» деп ой салған.

– Ислам негіздері болып табылатын Құран мен Сүннеттің дінаралық диалогқа о бастан ашық екенін дәлелдеп айтып жатырсыз. Қазір әлемде христиан және ислам әлемінің арасында өркениеттер қ а қ т ы ғ ы с ы н т у д ы р ғ ы с ы келетіндердің пиғылдары байқалып қалады. Бұл екі әлемдік ірі діннің қақтығысуы нені білдіреді?

– 1993 жылы американдық әлеуметтанушы әрі саясаттанушы Са­муэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты кітабы шыққанда, бұл болжам ба әлде алда жоспарланған стратегия ма дегендей интеллектуалды қауымдастық ортасында үлкен пікірталастар өрбіді. Автор әлем өркениеті картинасының өзгерісіне қарап, халықаралық қатынастардағы өзгеріс динамикасын қарастырды. Ол қазіргі өркениетті құрап отырған 9 этно мәдениетті атап, олардың бір-бірімен текетірес жағдайында екенін білдірді. Хантингтон тұжырымы бойынша, қазіргі этномәдениет картасын мыналар құрайды: батыс мәдениеті, латынамерикандық мәдениет, жапон мәдениеті, қытай мәдениеті, үнді мәдениеті, ислам мәдениеті, православ мәдениеті, африка мәдениеті, будда мәдениеті.

Хантингтон қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң, геосаясатта енді бұрынғыдай әлем елдері арасында емес, соғыс не қақтығыс мәдениеттер арасында орын алады деп болжам жасады. Әсіресе, батыс пен ислам мәдениеті үлкен қақтығысқа барады деген ой тастады. Бұл әрине болжам. Егер стратегия болса, ол өте қорқынышты. Себебі, жекелеген кейбір елдердегі ғибадат орындарына жасалған жекелеген террорлық шабуылдардың өзінің салдары орасан.

Ал, ол әлемдік деңгейге ұласса не болмақ?! Сондықтан, кез келген өзгеше сенім мен түсінікке, мәдениет пен дәстүрге, дүниетанымға ашықтық және түсіністік аса қажет. Дінаралық диалог арқылы бейбітшілікті күн тәртібінде ұстау бұндай қақтығысқа жол бермейтіні белгілі. Осы орайда, христиан әлемінде Католик шіркеуінің бастамашылдығымен дінаралық диалог жұмыстары жандана бастады. Дегенмен, Католик әлемі дінаралық диалогқа ХХ ғасырда бастама көтергенмен, ислам діні әу бастан дінаралық диалогқа дұрыс қарағанын жоғарыда сөз еттік.

– Ислам діні өкілдері қай тұстарда Христиан діні өкілдерімен пікір жарастыра алады, арада келіспейтін де мәселелер бар шығар?

– Жалпы алғанда, ислам діні кітап иелері ретінде христиан сенімін өздеріне жақын тұтады. Алайда, бұл Көне өсиет не Жаңа өсиеттен Құранды көшірді дегенді білдірмейді. Бір Құдайға, қасиетті кітапқа, пайғамбарға мойынсұну тұрғысынан сәмәуи діндер ортақ ерекшелікке ие.

Исламның алғашқы тарихынан бері мұсылмандар христиан дін өкілдерімен жақын қарым-қатынасты сақтап келеді. Алғашқы уахи түскен уақытта ардақты Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) барып кеңес сұраған адамы христиан сеніміндегі Уарақа ибн Науфал атты көзі ашық жан болатын.

Христиан сеніміндегі қызды мұсылман жігітке алуына, кітап иелерінің асынан жеуге болатыны бұл діндердің белгілі бір деңгейде жақындығын аңғартады. Дегенмен, д о г м а т т ы қ т ұ р ғ ы д а н ә р и н е келіспеушіліктер жоқ емес. Догматтық деңгейде дінаралық диалог жүрмейді, яғни, қалыптасқан сенімін ешкім де өзгертуге құлықты емес.

Ендеше, дінаралық диалог жұмысы арқылы дін өкілдерінің ортақ қоғамдық не әлемдік мәселелерге шешім іздеуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінгі күні барлық мәселе өзара жақын келу, сөйлесу, тілдесу, бір-бірін жақыннан тану, пікірлерін ашық айту, көзқарастарын анық білдіру, бірге талқылау арқылы ғана шешілетіні белгілі. Қазақ «Бармасаң-келмесең, жат боларсың» дейді. Біреумен жақын араласқанда ғана барып, оны жақыннан тануға, ол туралы дұрыс пайым тұжырымдауға болады. Ендеше, әрқашан диалогқа ашық болған дұрыс. Абай атамыз да «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген жоқ па?!

– Дінаралық диалогты кейбір кісілер діни көзқарасын алға тартып я болмаса іштей қауіптеніп қолдамайтындары байқалады. Бұл турасында не дер едіңіз?

– Меніңше, дінаралық диалогқа барудың мәнін тереңірек түсінсе, ол ойларынан бас тартар еді. Дінаралық диалог өз сеніміңнен бас тарту я болмаса, прозелитизммен айналысу емес. Яғни дінді насихаттау, дін өкілдерінің өз сеніміне өзгелерді тарту әрекеттеріне жатпайды. Бұндай әрекеттерге дінаралық диалог жүргізудің қалыптасқан талаптары жол бермейді. Оны жоғарыда да түсіндіріп кеттік.

Исламның тұғыры бейбітшілік болса, сол бейбітшілікке, өзара түсінісуге бастайтын бастамалардың барлығына да ашық бола білген дұрыс. Қазақстанда осындай келісім мәдениеті біршама қалыптасқанын айтуға болады.

– Қазақстан жағдайындағы дінаралық диалог жұмысы туралы да айта кетсеңіз…

– Иә, елімізде әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері арасындағы диалог жұмыстары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 2003 жылы басталған болатын. Содан бері үзілмей жалғасып, дәстүрге айналды. Өзіңіз айтқандай, қазіргі уақытта елімізді басқа мемлекеттер конфессияаралық диалогты белсенді қолдаушы ел ретінде таниды әрі бағалайды. Әлемде не аймақтық бейбітшілікті орнықтыруда дін өкілдері арасындағы диалогты ұстап тұру да өзіндік мәнге ие.

Қазақстанда өткізілген халықаралық съездерге талқыланған тақырыптарға қарасаңыз, бұл бас қосудың мәні өз өзінен айқындала түседі. Мәселе, әлемді алаңдатып отырған жаһандық проблемаларға ортақ шешім іздеу.

Осы тұрғыда діндердің рухани өнегелілік әлеуетін кәдеге жарату. Кез келген дін қоғамдағы келеңсіздіктерді, қылмыс түрлерін қолдамайды. ҚМДБ имамдары да осы бағытта, ҚР заңдары аясында халыққа рухани ағарту жұмыстарын ұдайы жүргізіп, ел ішінде жақсылық пен ізгілікке, қайырымдылыққа бетбұрыс молаюына жұмыс жасап келеді.

Өзім жуырда келген Атырау өңірінде де елге, дінге жанашыр азаматтардың қолдауымен осындай қоғам үшін маңызды жұмыстарды жандандыруға атсалысып жатқан жайым бар. Қалай болғанда да елдің тыныштығына әрбіріміз жауаптымыз. Осы жауапкершілікті елге жауапты басшылар да, қатардағы қарапайым адам да өз деңгейінде жақсы сезінуі керек.

Сұхбаттасқан:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған