«ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ-2030» – 25 ЖЫЛ: БҮГІНгінің БАТЫРлары

img 3204 scaled COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Бұрын-соңды болмаған COVID-19 пандемиясы бүкіл шартарапты шарлап кетті. Өкінішке қарай, ол біздің елімізді де сырт ай­налып өтпеді. Осы орайда, қазақстандық дәрігерлердің коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүргенін айтпай кетуге болмас. Бүгінгі күннің батырлары – солар.

Бұл ретте, сала мамандарын не толғандыратынын білу үшін, журналистік сауалнама жүргізген едік. Бір қызығы, біз тілдескен ақхалатты абзал жандар өз аты-жөндерін атамауды сұрады. Осының өзі-ақ саладағы психологиялық атмосфераны аңғартып тұрғандай…

Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қаржылық қолдауға қатысты түрлі пәрмендер беріп жа­тыр. Бірақ, сала мамандары мұның да аздық ететінін айтады. Жасырмай­мыз, бұрынғыша білікті мамандар жетіспейді. Ал, кейбір қызмет сапасы көңіл көншітпейді. Бірақ, бұған тек мемлекет пен мамандар ғана жауапты емес қой. Өз кезегінде тұрғындар да ықпалдасуы керек. Сауалнама барысы осыны айқын аңғартты.

Медицина мен білім беру жүйесі жіпсіз байланысты

Сонымен, отандық медицинада қандай мәселелер бар және оларды қалай шешу керек? Ендеше, бұл ту­ралы дәрігерлердің өздері не ойлай­тынын біліп көрелік. Қазақстандық медиктер негізгі мәселелердің бірі ретінде кадр тапшылығын алға тарта­ды. Олардың айтуларынша, елімізде білікті де білімді мамандар шетелге кетеді. Әсіресе, жергілікті жерлерде бала дәрігері жетіспейді. Еліміздің статистика комитетінің мәліметінше, 2017 жылдағы жағдай бойынша 10 мың қазақстандыққа 39,7 дәрігерден келген екен. Ал, 2016 жылы бұл көрсеткіш 41,6 болған еді. Орташа медициналық қызметкерлер қарасы да қалың емес: небәрі 10 мың адамға 96,5-тен келеді.

Алдымен, мамандар бұл мәселенің шешімі білім беру жүйесінде жатыр деп санайды. Біз тілдескен респондент­тер медицинаға ақылы оқу теріс әсер еткенін айтады. «Қазір медицина сала­сына көп адам өз қалауымен келмейді. 11 сыныптан кейін келеді: диплом бар, ал, қарапайым білім негіздері жоқ. Содан соң оқу орындарында дайын­далатын дәрігерлерге мін тағып, сын табамыз» дейді. Олардың ойынша, медициналық жоғары оқу орнына түсу талаптарын қиындату қажет. Мүмкін, емтихандардан бөлек, кәсіби жарамдылық бойынша да әңгімелесу шартын енгізу керек шығар?

Сол секілді, тәжірибеге көп көңіл бөліп, міндетті резидентураны алып тастап, бұрынғы оқу жүйесіне (5+2) оралу қажет. Бала дәрігерінің дефицитін шешу үшін медиктер педиатрлық факультетті қайта жаңғыртуды ұсынады.

Сондай-ақ, дәрігерлердің біліктілігін тұрақты көтеріп отыру маңызды. Оларды шетелдік мамандарды тарта отырып оқыту да қажет. Мұны замана­уи технологиялар, сәт сайын жаңарып отырған медициналық құрылғылар та­лап етеді. Олармен жұмыс жасау үшін арнайы білім керек-ақ.

Жұмысы – көп, жалақысы – аз…

Келесі мәселе – мардымсыз көлемдегі еңбекақы. Дәрігерлер күн сайынғы есепсіз еңбектің лайықты бағаланбайтынын айтады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылдан бері дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға өсіп, орта­ша 246 мың теңгені құрады. Ал, орта медициналық қызметкерлердің еңбекақысы 20 пайызға артып, ор­таша 144 мың теңгені құрады. Салы­стыратын болсақ, көршілес Ресейде ақхалаттылар алатын орташа жалақы – 79 мың рубль, бұл дегеніңіз – 440 мың теңге.

Айтқымыз келгені, дәрігерлердің жалақысын тағы көтерсе де, артық етпейді. Сонымен бірге, отандық мамандар атап өткендей, олар үшін арнайы әлеуметтік пакет қарастыру қажет. Оның аясында тұрғын үй беру, балаларын балабақшаға орналастыру, қоғамдық көліктің жолақысына жеңілдік жасау және зиянды еңбек жағдайында қосымша ақы төлеу мүмкіндігін қарастыру керек. Айтпақшы, қазір осындай қосымша төлемақыны инфекционист-дәрігерлер алып жүр.

Дәрігерге деген құрмет қайда?!

Қазақстандық дәрігерлердің жолында кездесетін қиындықтар мемлекет пен билік қабылдайтын шешімдерге байланысты бола бермейді. Осы орайда, тағы бір мәселенің шеті көрініп тұр. Бұл – азаматтардың дәрігерлерге деген көзқарасы мен қарым-қатынасы. «Науқастардың дөрекілігімен жиі ұшырасамыз. Кезекті негізсіз арыз­дан кейін мамандар медицина са­ласынан біржола кетіп тынады. Өйткені, олар басшылықтан да, мем­лекеттен де қолдау көрмейді. «Шыда, жаным, шыдай түс, шыда тағы, бұл өмір шыдамдыны ұнатады» деп жүре береміз. «Өзгеге жақсылық сыйлау үшін өзіміз күйіп кетуге дайын болғандықтан ба, амбиция мен эмоцияны шетке шығаруға тура келеді» дейді әңгімелесушіміз.

Т ұ р ғ ы н д а р д ы ң с е н і м с і з д і к танытуы, дәрігерлерді сыйла­мауы медициналық қызметкер құқығының қорғалмауынан ту­ындап отыр. Олар өз кезегінде дәрігерлердің мүддесін қорғайтын заң қабылдау қажет дейді. Сонда мамандарды сыйламай, оларға қол көтерушілер мен әлеуметтік желіде жалған айып тағушылар сол заңның алдында жауап берер еді. Бұған ұқсас заң бар, бірақ, тек мұғалімдерге ғана қатысты. Соған қарағанда, «Педагог мәртебесі тура­лы» заң дәрігерлерге де үлкен үміт отын сыйлайтын секілді…

Оқу госпитальдары ауадай қажет

Біздің сауалдарға жауап беруге болашақ дәрігерлер де келісті. Жас студенттер елімізде оқу бөлмелері мен ауруханасы бар оқу госпиталь­дары жетіспейтінін айтады. Олар мұндай госпитальдар студенттердің тәжірибе мен теорияны қатар алып жүруіне мол мүмкіндік берер еді деп санайды.

Студенттер қазіргі оқу жүйесіндегі кемшілік ретінде дәрігерлердің коммуникативтік дағдыларын дамы­ту жайы қарастырылмағанын алға тартады. Бұл науқас пен дәрігердің арасында арақашықтық сақтауға сеп болары анық.

Болашақ медиктер, көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер сияқты, бұл проблемалардың шешімі Қазақстандағы қызмет сапасын жақсартатындығына сенеді. Тек мемлекет олардың үніне құлақ асса болғаны.

P.S.

Мемлекет басшысы «Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз» деді. Ендеше, түсінген адамға бұл қоғамдағы ғылым мен білімнің, медицинаның маңызын терең ұқтырады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз