Бетпердесіз жүргенге – айыппұл

lg0na4 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/7 тамыз, 2020 жыл. Республиканың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетованың жаңа қаулысы бойынша, енді тұрғындар қоғамдық орындарда ғана емес, көшеде де бетперде тағып жүруге міндетті. Бұл талапты сақтамағандарға айыппұл салынады.

Мамандардың айтуынша, бетперде індеттен қорғайды. Ол ғылыми түрде де дәлелденген. Оған қоса, адам күніне бірнеше рет бет-аузын ұстайды. Оны өзі де байқамауы мүмкін. Осындайда вирус тыныс алу жолдары арқылы кіруі мүмкін. Ал, бетперде таққан адамның қолдағы инфекцияны жұқтыру қаупі төмен болады. Ал, біз жүргізген сауалнамада тұрғындардың дені бұл талапты жабық ғимараттарға кіргенде ғана орындайтынын айтады.

«Аптап ыстықта далада бетперде тағып жүру қиын, таза ауамен демалған дұрыс, тек жабық нысанға кірерде қорғанамын» дейді Қанат деген қала тұрғыны.

Ал, Гүлжәмила деген үлкен апай «Осы талаптарды орындау керек, сонда бұл індеттен құтыламыз» деген пікірлерімен
бөлісті.

Дегенмен, жаңа заңдылыққа сәйкес, ортақ талапты орындау – баршамызға міндет. Облыста карантиндік шектеулердің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, полиция департаменті, «Атамекен» ҰКП өкілдерінен құралған мобильдік топ ұдайы рейдке шығуда. Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен білгеніміздей, 5 шілде мен 4 тамыз аралығында тиісті талапты орындамаған бірқатар құқықбұзушылық тіркелген.

Ол негізінен жабық нысандарда бетперделік режимді, түшкіру мен жөтелу кезінде респираторлық мәдениетті, әлеуметтік қашықтықты сақтамау болып табылады. Ғимарат ішінде бетпердесіз жүрген 27 жеке тұлғаға 1,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Жеке тұлға жеті күн ішінде айыппұлды төлесе, бетпердесіз жүргені үшін белгіленген 83 340 теңгенің жарты сомасын өтейді (41 670 теңге), – деп түсіндірді Атырау облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің маманы Асылгүл Жұмашева. Оның айтуынша, кейбір нысандардардың кіреберісінде санитарлық-гигиеналық құралдар қойылмаған. Облыстың санитарлықэпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру шаралары мен санитарлық қауіпсіздік ережелеріне мән берілмейді. Өткен аптамен салыстырғанда өңірдегі індет жұқтыру көрсеткіші төмендеп келеді. Бұл күшейтілген карантиндік талаптардың нәтижесінде мүмкін болды.

Дегенмен, қаншалықты әкімшілік айыппұлдар салынып, адамдарды жауапкершілікке тартса да, халық тығылып той-томалақ өткізетін жағдайлар кездеседі. Мәселен 24 шілде күні Атырау қаласында жанұялық шара өткізген бес отбасы анықталды. Сондайақ, Балауса ықшам ауданында сексен адам қатысқан құдалық, Тасқала ауылындағы үйлердің бірінде келін түсіру тойы өткені белгілі болды. Үй иелері де, келген қонақтар да бетперде кимеген. Санитарлық талаптар сақталмаған. Бұл деректер негізінде үй иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша іс-құжаттар жинақталды.

Күнделікті рейд барысында мобильдік топтар түсіндіру жұмыстарына назар аударады. Нысандарда гигиеналық сауаттылықты арттыру мақсатында профилактикалық әңгімелесу өткізіп, карантинді сақтау бойынша көрнекі құралдар (брошюра, буклет) таратады. Халықаралық тәжірибені зерттей отырып, Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірқатар елінде бетпердені барлық жерде, яғни, жабық орындар мен ашық аспан астында тағу міндеттелгенін білдік. Мәселен, АҚШ-тың 43 штатында (іште де, сыртта да), Польша мен Австралия елдерінде тұрғындардың бетперде тағуы міндеттелді. Словакия мен Вьетнамда жұқтыру көрсеткіші төмен болғанына қарамастан бетпердесіз жүруге тыйым салынған. Мұндай талаптың арқасында індет тарау қауіптілігі де азаятыны белгілі. Иә, бұл талаптың барлығы әр адамның амандығы, індеттің таралмауы үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан, адамдар көп шоғырланатын жерден аулақ болуға, қоғамдық орындарға бармауға ұмтылғанымыз дұрыс. Санитарлық талаптарды сақтауды өзімізден бастайық, оқырман!

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз