Ажалмен бетпе-бет: Махамбеттік дәрігер індетпен күрес жайын айтып берді

img 20200921 wa0015 COVID-19: Соңғы поштадан...

atr.kz/22 қыркүйек, 2020 жыл.   Жоғары санатты дәрігер-ұйымдастырушы Жаңабай Сағиев індетпен күрес жайын айтып берді.

Қазір қауіпті вирустың бұрынғыдан сейілгеніне тәубе етеміз. Алайда, бұл індет өршіген сәтте талай ақ желең иесінің науқастармен бірге изоляторда күні-түні жүргенін ұмытуға болмайды.

Бұрын-соңды болмаған дертпен күресу дәрігерлер үшін қан майданның ортасында жүргенмен тең болды. Өйткені, оларда уақытпен, қала берді стационардың материалдық ахуалымен санасып тұруға еш мүмкіндік болған жоқ…

Стационар қалай құрылды?

Осынау сын сағатта Атырауда ауру жұқтыру көрсеткішінің артқаны соншалық, облыс орталығындағы инфекциялық стационар мен провизорлық орындар аздаған күннің ішінде науқасқа лық толды. Бұл кезеңде аудандардағы денсаулық сақтау нысандары да инфекциялық стационарға айналып, жұмыс тәртібін өзгертуге тура келді.

Махамбет ауданының орталығындағы қолданыстан шыққанына төрт жыл болған туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ғимараты 100 кереуеттік инфекциялық стационардың қызметін атқарды. Мұндағы ұйымдастыру жұмыстарына жауапты топтың жетекшісі болған Жаңабай Сағиевтің еңбегі орасан. Сонымен, стационар қызметі қалай ұйымдастырылды?

– Сенбі күні болатын. Дәрігерлердің барлығы демалыс уақытына қарамай ортақ мүддеге жұмылған кез. Маған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысынан шұғыл шақырту түсті. Дереу басқармаға барсам, үстел басында бірнеше әріптесім отыр, көңіл-күйлері түсіп кеткен. Өйткені, бұл кезеңде науқастар инфекциялық ауруханаға сыймай жатты. Тәжтажал күніне бірнеше адамның өмірін жалмай түсті. Сондықтан, облыстың бас дәрігерінің шешімі бойынша, қосымша стационар ашу қажет болды, – деді Жаңабай Нұғымашұлы. Ж а ғ д а й ғ а б а й л а н ы с т ы Махамбеттегі инфекциялық стационар №2 облыстық аурухана жанындағы қосалқы нысан ретінде шұғыл құрылды.

Алғашында бұған қарсы болғандар да кездесті. Өйткені, қаладан 70 шақырым қашықтыққа ауыр науқастарды жеткізу оңай емес еді. Десек те, ақ халаттыларға ойлануға еш мұрша болған жоқ. Ш ы н ы н д а д а , М а ха м бе т ауданындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері ретінде қызмет еткен ғимарат төрт жылдан бері қаңырап бос тұр еді. Сондықтан, бұл жерде науқас қабылдау үшін қиындық болғаны рас. Жетіспейтін жабдықтар көп. Алғашында Геолог емханасында жұмыс жасайтын Нұргүл Санатова, Райымгүл Сапышева, Айгүл Кербалақова есімді үш мейірбике және Индер ауданынан іссапарға жіберілген Ілияс Дайрабаев есімді дәрігеринфекционистер базалық жағдайы өте төмен ғимаратты лас, таза аймаққа бөлген.

– Сол күні кешқұрым алғашқы 10 науқасты әкелдік. Күн ыстық, терезелерде тор жоқ. Шыбын мен маса қаптап кетті. Соған қарамастан, жас болса да әріптестерімнің әрекеті шапшаң болды. Атырау қаласындағы инфекциялық стационарда жағдайы тым ауыр науқастар ғана қалдырылды. Себебі, оларды аудандағы ғимаратқа тасымалдап, ем жасау мүлдем мүмкін емес еді. Тек ауру көрсеткіші жеңіл деген науқастарды Махамбет ауданына жеткіздік. Осы кезде бізге жедел жәрдем қызметінің көмектесуге мұршасы болмады. «Ембімұнайгаз» АҚ қолдау көрсетіп, науқастарды тасымалдауға арнайы автобус бөлді. Соның арқасында науқастар ауданға жеткізілді, – дейді Ж.Сағиев.

Ажалмен бетпе-бет

Қанша дегенмен, иесіз қалған ғимарат қой. Оның үстіне қаланың өзінде ахуал қиын болды. Махамбеттегі уақытша ғимаратта өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі концентраторлары мүлдем болған жоқ. Науқастар үшін күні-түні оттегі баллондары ғана пайдаланылған. Қосымша электр тогын өндіретін құрылғы генератор болғанымен, оның аккумуляторы жоқ еді. Сегіз дәрігер қызмет етуі керек орында әуелі біреу, кейін екі-ақ дәрігер жұмыс жасады. 14 мейірбикенің орнына 8 адам тәулік бойы тік тұрып қызмет етті.

Мұнда ауыз су ауадай қажет болды. Түнгі ауысымдағы мейірбикелер Ж.Сағиевке қоңырау шалып, ішетін су таппай отырғанын айтады. Таңғы сағат 3-ке таяғанына қарамастан, Жаңабай Нұғымашұлы ауылдағы таныстарынан көмек сұрауға мәжбүр болған. Олар жағармай бекетінен ауыз су сатып алып, әкеліп беріпті.

Ал, медицинадағы маман тапшылығы эпидемиологиялық ахуал ушыққан сәтте айқын білінді. Қаттығы сонша, стационарлық бөлімше жұмысына учаскелік терапевтерді жұмылдыруға тура келді. Атырау қаласынан Жақсылық Бердіқұлов пен Жұлдыз Сейдахметова Махамбетте жанқиярлықпен еңбек етіп жатқан Ілиясқа көмекке келді. Өйткені, бұл кезде бір ғана дәрігер әмбебап маманға айналып, жұмыс процесіне үлгеру мүмкін емес болатын. Учаскелік терапевтер аз уақыттың ішінде Ілиястың қасында жүріп біраз нәрсені үйреніп те алған.

– Ілияс Индер ауданындағы стационарлық бөлімшенің дәрігері ғой. Заң талабына сай 14 күннен кейін оны негізгі жұмыс орнына қайтаруға тура келді. Себебі, Индердегі ахуал да аса мәз емес, қаралы

хабарлар жиі орын алып жатты. Тіпті, ажалмен арпалысып жатқандардың ішінде өзінің әріптестері де бар еді. Сондықтан, ол индерліктерге де аса қажет екенін айтып, ауылына қайтты. Содан бері біздегі негізгі жауапкершілік Жақсылық пен Жұлдызға жүктелді. Олар бұрын-соңды инфекционист қызметін атқармаса да, аз күнде Ілиястан үйренгендерін абыроймен қолдана білді. Өйткені, оларды өмірдің өзі кәсіби машықтануға мәжбүрледі. Жұмыс кестесі тығыз, демалыс дегенді ұмытты. Далаға шығып, таза ауа жұтуға да қолдарының тимегені рас, – дейді Ж.Сағиев.

Осылайша, бүгінгінің батырлары талай түнді ұйқысыз өткерді. Мейірбикелер 10 сағат бойы қызмет етіп, табанынан таусылды. Олардың ай жарым бойы мойын бұруға мұршасы болған жоқ. Көбінесе лас аймақта жүрді. Жұмыс орындары да, тынығатын жерлері де осы аурухана болды. Десек те, олар қолын сілтеп, жұмысты тастап кетіп қалмады. Қуаныштысы сол, мұның барлығын өткен шақта ғана айтып отырмыз. Ал, біз сұхбаттасқан Ж.Сағиевке Махамбеттегі емдеу нысанындағы қызметі үшін еңбекақы төленбепті. Оның негізгі қызметі Атырау медициналық колледжінің басшылығы болатын. Өзі де қысылтаяңда үстемеақы сұрауды ойланбапты…

Ғимаратты жөндеу керек

Жан аямай қызмет еткен ақ желеңділер отбасын ұмытып, «мылтықсыз майданда» 14 маусымнан бастап, 1 тамызға дейін еңбек етті. Барлығы 239 науқасқа қызмет көрсетілген. Қажырлы еңбектің қайтарымы шығар, мұнда қайғылы жағдай орын алмапты. Үрейленіп келген науқастардың бәрі дәрігердің нұсқауы бойынша емделіп, отбасымен аман-есен қауышқан. Соңғы науқас 31 шілдеде үйіне оралған.

– Ең бастысы, мұнда науқастар үшін дәрідәрмек жеткілікті болды. Сала қызметкерлері уақытында қорғаныс костюмдері, бетперде және қолғаптармен қамтылды. Алайда, қазір ғимараттың материалдық жағдайын арттыру – күн тәртібіндегі басты мәселе. Өйткені, бұған дейін орын алған кемшіліктер бізге сабақ болуы тиіс. Қауіпті індет қайталанған жағдайда материалдық база осы күйінде қалса, ахуалдың қалай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан, Махамбеттегі стационарды жапқан сәтте бұл жердегі жұмысқа жауапты топ облыстық әкімдікке мәлімдеме жасап, міндетті түрде жасалуы қажет жұмыстарды жіпке тізіп бердік, – деген тәжірибелі дәрігер-эпидемиолог әрі жоғары санатты ұйымдастырушы тағы біраз жайтты қозғады.

Атап айтқанда, Махамбет ауылындағы ғимараттың материалдық жағдайын арттыру үшін кем дегенде 10 өкпені жасанды желдету құрылғысы, 40 оттегі концентраторы қамтылуы қажет. Қауіпті және таза аймақтар бөлек жасақталуы тиіс. Нысанда кір жуу орны мен тамақ пісіру блогын да ұйымдастырған жөн. Өйткені, осы жұмыстарға кәсіпкерлерді жалдап, жұмысты тасымал арқылы атқару б юд же т – ке артық шығын. Мәселен, маусымтамыз аралығында мекемеге тағам тасымалдаған кәсіпкер бір адам үшін тағам құнын 3 500 теңгеге бағалапты.

– Пациенттер мен сала қызметкерлерін тағаммен қамту мәселесі де өте қиын болды. Сол себепті он күннен кейін осы саладағы басқа кәсіпкерлермен келісім-шарт жасалды. Әйтпесе, қаңырап тұрған ғимараттың ішінде тамақ пісіру блогы жоқ. Кір жуатын орын да қарастырылмаған. Жаңбыр жауса, ғимарат төбесінен су тоқтамайды, – дейді сұхбаттасушымыз. Егер күзде «екінші толқын» бола қалса, ғимарат сақадай-сай болуы қажет.

Сондықтан, қазір нысанға қажетті аппараттарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Провизорлық болсын, инфекциялық болсын, стационарлардың негізінен қаланың ішінен ашылғаны әлдеқайда тиімді. Себебі, қауіпті вируспен ауырған адам тек инфекционистдәрігерді қажет етпейді. Сырқаттың өкпесінен басқа да ағзалары сыр беруі мүмкін. Жүкті аналар да сырқатқа шалдығуы ықтимал. Мұндай жағдайда қосымша шұғыл дәрігерлік көмек қажет болады. Сондықтан, неғұрлым орталыққа жақын болғаны жөн.

Коронавирусты айтпағанда, ауруды болдырмау үшін тазалық сақтамаса, кез келген инфекция адам өмірі үшін қауіпті. Тіпті, қол жуудың да өз ережесі бар. Ал, кейбір адамдар коронавирустың қаупін әлі де түсіне алмай жүргені рас. Мұндай пікірдегі азаматтар ойлануы тиіс. Себебі, ахуал ушыққан сәтте жақын-жуығының жүзін көре алмай, аурухана төсегінде ес-түссіз жатқан қаншама жан болды?! Ендеше, тәжірибелі маман келтірген дерек-дәйектен әр азамат көкейге ой түйіп, сабақ алғаны ләзім.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз