АЯЛЫ АЛАҚАН ЖЫЛУЫ

Жаңалықтар

 

– Білесіз бе, менің әлі күнге дейін көз алдымнан Елбасының жылы жүзі, бізге мейірлене қарағаны, сабырлы сөзі мен алдымызға ауқымды міндет жүктегені – бәрі-бәрі кетер емес. Мен ол кезде Атырау темір жол вокзалының бастығы едім ғой.

Расын айтқанда, Атырауда Елбасымен жүздесуге тұрарлық, онымен бұрын да кездесіп жүрген қыз-келіншектер баршылық. Бірақ,  таңдау маған түскен екен, менің де азды-көпті еңбегім ескерілген шығар. Сондықтан, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография жөніндегі комиссияның ұсынысын қуана құп алдым.

Ал, Астанадағы күндер енді естен кетер ме, сірә?! Бізді әуежайдан ұлттық киіммен қазақтың қыздары мен жігіттері қарсы алды. Сол сәтте-ақ мерекелік көңіл-күйдің құшағында болдық. Аяғымызды жерге тигізбей құрметтеді.

– Бұрын-соңды Елбасымен кездесіп көріп пе едіңіз?

– Мұндай бақыт маған бұйырмаған. Тіпті Мемлекет басшысының Атырауға іссапарын газеттерден  оқып, теледидардан  ғана тамашалайтынмын. Енді оның өзімен жүздесу мүмкіндігі туғанда қатты толқығаным рас. Әсіресе, кездесу сәті басталар алдында ерекше  күй  кештім. Әрине, жалғыз мен ғана емес, кездесуге келген өзгелері де осындай сезімді бастан кешкен шығар.

Біз, сайып келгенде, Елбасымен жүздесуге сегіз миллион қазақстандық қыз-келіншектердің арасынан 18 әйел ғана бардық. Бұл – ерекше бақыт. Сондықтан, Нұрсұлтан Әбішұлына деген шынайы сезімімді жеткізуге ұмтылдым. Бір-ақ қана сәт берілуін тіледім. Егер сәл ғана сөз сөйлеуге мүмкіндік болса, жүрегімнен жарып шыққан алғыс сезімімді жеткізуге асықтым.

 Елбасымен кездесуге барғаныңызда республиканың әр түкпірінен келген құрбыларыңызбен танысып үлгердіңіз бе?

– Әрине, таныстым. Әсіресе, Жәния Әубәкірова, Баян Есентаева тәрізді республикаға танымал жандар  мені  «өзін-өзі  жасап  алған әйел екен» деп бағалады. Оларға, сірә, қазақ әйелдеріне тән қарапайымдылығым, шынайы сыпайылығым, ешкімді жатсынбайтын кішіпейілдігім ұнаса керек.

Елбасы бізбен кездесуінде «Анаға тағзым» күнін белгілеуді ұсынды. Қазір ол да тағайындалды. Демек, бұл күн әр жылғы 15 қыркүйекте аталып өтпек. Оның да маңызы жоғары болмақ.

– Өз  отбасыңыз  туралы   қысқаша айтып кетесіз бе?

– Жұбайым Төлеген көп жылдар темір жол саласында еңбек етті. Бірер жылдан бері жол-құрылыс бағытында жұмыс жасап жүр. Қазір Сағыз-Миялы тас жолын салушылар қатарында. Мен Қызылқоғаның қызымын ғой, жерлестеріме «сіздерге менің күйеуім жол салып жатыр» деп әзілдеймін.

Қызым Дамира тұрмыста, Айсұлтан  атты  жиенім  бар.  Құдандалы   жандармыз,   араласып   тұрамыз. Ал, ұлым Бекболат Тілешев 1999   жылғы   19   қыркүйекте   дүниеге келді. Ол Астанадағы  «Жас ұлан» әскери мектебінде оқып жатыр. Облыстық әскери комиссариат өткізген сынақтан сүрінбей өтіп, соған жолдама алды. 

Қазақта мүшел жас деген ұғым бар. Ол маған тура қатысты. Өйткені, мен қызымды 25, ал ұлымды 37 жаста тудым. Ал, 49 жасымда Елбасымен кездестім. Бір-ақ сәтте белгілі болдым. Астанадан кейін ұшқалы тұрғанымда әуежайда ересектеу әйел адам кездесті. Жанында екі баласы бар. Жанымнан өтіп бара жатып «Мынау кеше Елбасымен кездескен келіншек қой, мен сен сөйлегенде жанарыма жас алдым. Қазір Израильге емделуге барамын, Нұрсұлтан Әбішұлы ұстаған қолыңды  әкелші»  дегені  ғой.  Атырауда да көшеде кездескендер  осындай ілтипат танытады. Ешкімнен қызғанбаймын қуанышымды, бәрімен де бөлісуге дайынмын. Осының бәрі – Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының нәтижесі.

Мемлекет басшысы еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруді тапсырды. Мен өзім еңбек етіп жүрген Атырау бизнес  және  құқық  колледжінде соны басшылыққа алып жүрмін. Ал, Елбасымен ерекше кездесуім ешқашан есімнен шықпайды. 

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған