Ауаны ластап отырған кім?

Жаңалықтар Экология

Atr.kz / 15 шілде, 2020 жыл. ҚР Экология министрлігі Атырау қаласының ауасын ластап жатқан «Су арнасы» кәсіпорнының қызметін тоқтатса, Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстары үшін жабылды.

Министрліктің мәліметінше, Атырау тұрғындары атмосфераның ластануына және ауадағы күкіртсутектің иісіне көп шағымданады. Экология министрлігі Экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасовтың айтуынша, бұл көп жағдайда «Су арнасы» компаниясының қаланың кәріз қалдықтарын тазартылмаған күйі ағызуына және Атырау мұнай өңдеу зауытының қалдықтарымен байланысты.

«Экология министрлігі қабылдаған шаралардан кейін сот арқылы «Су арнасы« қызметі тоқтатылды, Атырау МӨЗ жоспарлы жөндеуге кірісті. Қаладағы ауаның ластану мәселесін Атырау әкімдігінің тазарту нысандарының құрылысы бойынша көп миллиардтық жобаны жүзеге асыру арқылы шешуі тиіс. Дегенмен, ол кешеуілдеуде», – дейді ол.

З.Жолдасовтың сөзінше, Экология министрлігі қалдықты ағындарға жауап беретін компанияларды, соның ішінде Атырау МӨЗ-ді тексеру бастамасын көтереді. Ал жергілікті әкімдік «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, қаланың қалдықты ағындарын жинақтайтын орынға рекультивация жасауы тиіс. Себебі дәл осы жерден күкіртсутегі булары ауаға тарайды.

Мәлім етілгендей, Атырауда «Тухлая балка» аталатын қалдықты ағындарды жинақтайтын кәсіпорын бар. Мұнда «Су арнасы» компаниясының 80%, зауыттың 20% қалдықтары төгіледі. Бұл жинақтағышқа қаланың барлық қалдықты ағындары іс жүзінде тазартылмай жиналады. Салдарынан 1000 га аумақты алып жатқан жинақтағышта күкіртсутектің негізгі көзі пайда болады. Яғни кәріз қалдықтарының, соның ішінде мұнай қалдықтарының органикалық шіру процесі жүреді.

«Бұл иіс әсіресе, қалада жел болмаған кезде және ауа температурасы жоғары болғанда сезіледі. Сондықтан тұрғындардан шағымдар түсуде», – дейді спикер.

“ҚазАқпарат”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған