Атыраулық кәсіпкерлер InfoKazakhstan электронды платформасы арқылы жұмысын қайта бастайды

Biznes Жаңалықтар

Atr.kz/14 тамыз, 2020 жыл. Карантиннен кейін жұмысты қайта жаңарту  үшін өңірлік кәсіпорындар InfoKazakhstan электронды платформасы арқылы өтініш берулері тиіс, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Бұл туралы  ӨКҚ-де өткен онлайн-брифингте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Атырау облысы бойынша  директоры Абдулла Идресов мәлімдеді.

– Info Kazakhstan электронды платформасы кәсіпкерлік қызметті қайта  жандандыру  мақсатында іске қосылды. Платформа арқылы әр кәсіпкер қызметті кері бастауға өтініш бере алады.

Өтініш бергеннен кейін құрамына әкімдік, СЭС қызметкерлері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және қоғам өкілдері кіретін мониторинг тобы кәсіпкерлік қызмет объектісіне жіберіледі. Олар санитарлық-эпидемиологиялық қызметке  тексеру жүргізеді. Комиссияның оң қорытындысы шыққаннан кейін жұмысты қайта бастауға электронды рұқсат берілетін болады, – деді Абдулла Идресов.

Сондай-ақ,  Абдулла Идресов платформаға тіркелу үшін  4 қадамнан өту керектігін атап өтті.

Бірінші қадам: InfoKazakhstan веб-сайтына кіріп, ұйымыңызды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, кәсібіңізге қойылған талаптармен танысыңыз. Бизнестің жекелеген түрлері жұмысын тексерусіз, хабарлама тәртібінде қайта бастай алады.

Екінші қадам: нысанды талаптарға сай дайындап, жұмыс істеуге дайындығыңызды электронды өтінім беру арқылы растаңыз.

Үшінші қадам: Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізуін күту.

Соңғы, төртінші қадам: тексеру жүргізілген соң нәтиже оң болса, онда жеке кабинетте жұмысты қайта бастауға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп алу қажет. Егер нәтижес теріс болса, онда олқылықтарды реттеп, өтінімді қайта жіберіңіз, – деп түсіндірді  Абдулла Идресов. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз