Атырауда қайырымдылық орталығы ашылып, азық-түлік пен маскалар тегін таратылды

Адамгершілік айнасы Жаңалықтар Қоғам Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/22 наурыз, 2020 жыл.  Мұқтаждарға көмек көрсететін қайырымдылық орталығы “Иманғали” облыстық мешіті жанынан ашылып отыр.

“Ықыласты бауырлар” қайырымдылық орталығының басты мақсаты – мұқтаж бауырларымызға көмек қолын созу” дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Яғни, орталық екі бағытта жұмыс істейді. Біріншіден, орталық көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және жартылай жетім, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пакетін таратып отырады. “Екіншіден, Атырау қаласы аумағындағы азаматтар осы орталыққа өздерінің киілмей тұрған киім-кешектерін тапсыра алады. Біз сол киімдерді химиялық тазалудан өткізіп, мұқтаж отбасыларға тарата аламыз.
Бір-біріне бауыр саналатын мұсылмандар қуанышпен бірге, қиыншылықтарды да бірге жеңуі керек. Бүгінгідей елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайда бұл орталықтың ашылуы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін үлкен демеу болары сөзсіз” деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталықтың ашылуы және әз Наурыздың құрметіне бүгін жиырма отбасына азық таратылып, аталмыш мешіттің әйелдер секторы тіккен 200 маска қала көшелерінде тұрғндарға тегін үлестірілді.

Қайырымдылық орталығы Атырау қаласы, Грибоедова көшесі, 4 үйде орналасқан.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Фото: amin.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған