Атырауда мұз астына түсіп кеткен балалардың жағдайы белгілі болды

Жаңалықтар

Atr.kz/9 қаңтар, 2020 жыл.   Атыраулық дәрігерлер мұз астына түсіп кетіп, ұзақ уақыт бойы судың ішінде болған үш жасөспірімнің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

 «Полицейлер құтқарып қалған жасөспірімдер шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр болған жоқ, дегенмен, алаңдаушылық болды. Балалар мұздай судың астында қалып қойған, салқын тиген. Оған қоса, есеңгіреп қалған. Пневмонияға шалдығуы әбден мүмкін еді. Бірақ, қазір барлығы жақсы. Ағзалары жас болғандықтан, сауығып келе жатыр. Өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ», – деді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Мүбәрак Сәрсенов.

 Еске салайық, қайғылы оқиға 4 қаңтар күні кешкі уақытта болды. Төрт жасөспірім Томарлы кенті маңында Жайық өзенінің үстінде ойнап жүріп, мұз астына түсіп кеткен. Біреуі көз жұмып, үшеуі аман қалды. Өз бетімен судан шыға алған балалардың бірі оқиға туралы хабар берген.

«Капитан Қуандық Сүйіндіков пен лейтенант Тимур Балмағанбетов хабар түскеннен кейін көмек көрсетуге барған. Олар 2004 және 2005 жылғы балаларды жағаға шығарды. Полиция қызметкерлерінің бірінің киіміндегі камерадан полицейлер өзен ортасынан естіліп тұрған балалардың дауысына қарай бара жатқанын көруге болады. Құтқару кезінде балалардың аяқ-қолының жаны кетіп қалған. Жасөспірімдердің бірі: «Мама, сені жақсы көремін» деп қалжырай айтып жатты.

Өкінішке орай, полицейлер бір баланы құтқара алмады – ол тәртіп сақшылары келгенге дейін су астына батып кетті», – деді өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Құтқарылған үш жасөспірім облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. 2004 жылғы баланың денесі табылды, оны сүңгуірлер судан алып шықты.

1 thought on “Атырауда мұз астына түсіп кеткен балалардың жағдайы белгілі болды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған