Атырауда бейнекамералар көмегімен 96 қылмыс ашылды

kamera nablyudeniya Жаңалықтар

Atr.kz/10 тамыз, 2020 жыл. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда қалалық Полиция басқармасы Жедел басқару орталығы бейнекамераларының рөлі айтарлықтай.

Тәртіп сақшыларының мұндай сенімді  «көмекшілері»  бейне камералар облыс орталығындағы көшелер мен адамдар жиналып, демалатын алаңдарда,  көше қиылыстарында және көп қабатты үйлердің  аулаларында орналастырылған.

Бүгінде  қаладағы 700-ден астам бейнекамераларды   Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының  қызметкерлері тәулік бойы қадағалап отырады.

Атырауда биылғы жыл басынан бейнекамераның көмегімен 7998 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.  Олардың арасында көшеде, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе масаң күйде  жүру,  шылым қалдығын, қоқыстарды қалдыру, жасыл желектерді бүлдіру,  сонымен қатар, карантин режиміне  қатысты шектеулерді орындамау, т.б. бұзушылықтар жиі орын алады, деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

2019 жылдың жеті айында Жедел басқару орталығының бейнебақылау кезекші-инспекторларымен 47-і қылмыс әшкереленген,  ал биыл   96 қылмыс  бейнекамералардың көмектерімен  «ізі суымай» ашылған.

Қалалық полицияға 12 маусым  күні арызданған 1946 жылы туған азаматша,  сағат 15.05 шамасында белгісіз адам Әуезов көшесіндегі  үйлердің бірінің алдында  мойнындағы алқасын тартып алып кеткені туралы хабарлаған. Жедел іздестіру шаралары барысында, сол маңайда орналасқан  бейнекамералардың көмегімен,  күдікті азамат арызданушының айтқан белгілері бойынша   анықталып,
ұсталып, одан айғақ зат тәркіленді.ҚР Қылмыстық Кодексінің «Тонау» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Сонымен қатар, бейнекамералардың «көзінен» жол қозғалысы ережелерін бұзғандар да тыс қалмайды.

Жыл басынан бері осындай 6415 факті анықталып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, талдау көрсеткендей, қаладағы бейнекамералар орналасқан аумақтарда құқық бұзушылықтар  аз тіркелуде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз