Атырауда авто газ жетіспей жатыр

0 58 Жаңалықтар

atr.kz/25 қыркүйек, 2020 жылАтырауда көлігі газбен жүретін жүргізушілер әбігерге түсті. Арнайы стансаларда табиғи отын жоқ. Барында ұзын сонар кезек. Мәселенің туындауына не себеп? Мұнайлы аймақта газ неліктен жетіспей жатыр? Біз осы сауалдарға жауап іздедік.

Бекеттердің жұмысы тоқтады

Облыс орталығындағы газ құю бекеттерін аралап келеміз. Қай нысанға барсақ та, есіктері тарс жабық. «Газ жоқ!» деп есік, терезеге ілінген параққағаз ғана. «Сарықамыс» ықшамауданы маңындағы жол бойында орналасқан «Арна» жанар-жағармай бекетінде де осы жағдай. Күн сайын жұмысы қайнап жататын газ құю орнында бүгінде тіршілік тоқтап қалғандай. Бұл жерге келген көлік жүргізушілері бұрылып кетіп жатыр. Бәрі де мәселенің мәнісін білмей дал. – Бес жанар-жағармай бекетіне барып келемін. Ешқайсысында газ жоқ. Қызметкерлері қандай жағдай болғанын білмейді. Олар «газ келсе, таратуға дайынбыз» дейді.

Нақты сұрағымызға ешкім жауап бермейді, – деді көлік жүргізушісі Тілекқос Сүйесінов. Көлік тізгіндеушінің айтуынша, техниканы газбен жүргізу жанармайға қарағанда үш есе арзан. «Мәселен, мен көлігіме күн сайын 20-25 литр газ құямын. Бұл қазір пандемияның кезінде көлік жүргізушілері үшін өте тиімді. Сондай-ақ, газдың қоршаған ортаға бөлетін қалдықтары жанармайға қарағанда әлдеқайда төмен. Мен әзірге газдың тапшы болуына қандай себеп барын білмеймін. Десек те, мұнайлы астанада мұндай проблеманың орын алуы үлкен сын.

Бүгін автогазбен жүретін көлігі арқылы такси жүргізушісі болып, күнделікті нәпақасын тауып жүргендер қаншама? Олар үшін қазіргі жағдай оңай соғып жатқан жоқ», – деді Т.Сүйесінов.

«Жау жағадан алғанда…»

Сұхбаттасушымыз елу жылдан бері көлік тізгіндеп келе жатыр екен. Ол үш жыл бұрын Атырауда автогаздың сапасы нашар, құрамы лас болғандығын айтады. Кейін газ құрамы тазарып, көлік жүргізушілері тарапынан оң пікір қалыптасып келе жатқан еді. Ал, жуырда орын алған газ тапшылығы пандемия кезінде ептеп тіршілігін жасап жатқан халық үшін «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кебін кигізгендей болып отыр. Көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында газдан тапшылық жоқ. Сонда мұнай шығып, оны өңдейтін зауыты бар Атыраудағы күрмеуі қиын мәселенің туындауына не себеп?

«Арна» жанар-жағармай бекетінде жолыққан кәсіпкер газ тасымалымен айналысады екен. Бекетті жалға алған ол аты-жөнін өзгертіп жазуды өтінді. Өйткені, осыған дейін сын айтамын деп әлдебіреулердің қыспағына түсіпті. Кәсіп иесі мәселенің мәнісін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді.

– Мұндай мәселе алғаш рет орын алып жатқан жоқ. Жыл сайын осындай тапшылыққа кезігеміз. Атырау қаласында сұйытылған газды сақтайтын арнайы парк бар. Осы паркке газ Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі. Ал, қазір зауыттағы бұл процесс уақытша тоқтап тұр. Өйткені, мұнда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жыл сайын белгілі бір уақыт аралығын қамтиды. Кейбір жағдайда бір айдан екі айға дейін созылады, – деді Манас Қариев.

Газ тапшылығы болмаса…

Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің наразылығын туғызатыны сөзсіз. « Мәселенің алдын алу үшін сұйытылған газ тасымалын тоқтаусыз ұйымдастырудың жолы қандай?» деген сауалға кәсіп иесі былайша жауап берді.

– Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Ақтау қалаларында сұйытылған газ сақтау орындары бар. Бүгінде олар еш тоқтаусыз жұмыс жасап тұр. Алайда, бізге өзге аймақтан газ тасымалымен айналысуға рұқсат берілмеген. Шикізатты Атырау мұнай өңдеу зауытының сұйытылған газ сақтау орнынан ғана тасымалдай аламыз. Бұл орыннан газды көтерме бағамен аламыз. Сатылымда литрі 50 теңге. Аталған зауыттың жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде облыста газ тапшылығы мәселесі орын алмауы үшін кәсіпкерлерге өзге аймақтардан газ тасымалымен айналысуға рұқсат берілгені жөн. Егер жергілікті әкімдік тарапынан бізге жағдай жасалса, оны арнайы техниканың көмегімен тасымалдап, қосымша шығындар үшін ақы сұрамас едік, – деді М.Қариев.

Сұхбаттасушымыздың Атырау қаласында 7 газ құю бекеті бар. Барлығы да жалға алынған. Әрқайсысына 4 жұмысшыдан бекітілген. Газ тасымалы уақытша тоқтағанымен, бұл орындардың жалға алу ақысы мен жұмысшыларына ай сайынғы еңбекақысын толық төлейді. Өйткені, жұмыс орындарын сақтау қажет. Осындай қысылтаяң сәтте бұл кәсіпкер үшін пайдасыз шығын болып есептеледі. Ендеше, газ тапшылығы мәселесі кәсіп иелері үшін де тиімді емес. Олай болса, алдағы уақытта газ тапшылығының алдын алудың жолдары ұйымдастырылуы жөн-ақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз