Атырау облысының әкімі тұрғындарға Үндеуінде не айтты? (+ ВИДЕО)

akim COVID-19: Соңғы поштадан...

Аtr.kz/26 мамыр, 2020 жыл. Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Атырау өңірінде қатерлі індет қаупінің сейілмей тұрғанын айтты.

Құрметті жерлестер, ардақты атыраулықтар!

Жаһанды жайлаған індеттің өңірімізде таралмауына барынша күш салып келеміз.

30-шы наурыздан бастап Атырау қаласына карантин енгіздік. Ал облыс аумағына шектеу шараларын қойдық. Негізсіз жүріс-тұрысты тыйып, сақтықты күшейттік. Алайда, қауіп сейілмегендіктен аталған талаптарды ұзартуға тура келді. Десе де, азаматтардың ең қажетті заттарға қол жеткізуі толық қамтамасыз етілді. 

 Төтенше жағдай мен карантиндік шаралардың дер кезінде жариялануы коронавирус індетінің жаппай таралуына тосқауыл болды.

Құрметті жерлестер, ешкім ойламаған жағдаймен бетпе-бет келдік. Сабыр сақтап, төзімділік таныттыңыздар. Сондықтан, ең алдымен сіздерге ерекше алғысымды білдіремін!  Әлеуметтік және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Күрделі уақытта мемлекет те  қолдауын күшейтті.

Өкінішке қарай, соңғы кездері «коронавирус жоқ, ойдан құрыстырылған өтірік» деген әңгімелер желдей есуде. Ресми статистика бойынша, әлемде қауіпті инфекциядан көз жұмғандар 350 мыңға жуықтады. Ал оны жұқтырғандар 5 миллионнан асып кетті. Мықты деген алпауыт елдердің өзінің шамасы келмей жатыр. Коронавирус шын мәнінде адамзат тарихындағы үлкен нәубетке айналды.

Теңіз кенішіндегі ахуалды өздеріңіз де біліп отырсыздар. Бірнеше күн бұрын арнайы барып, жағдайды көріп келдім. Тиісті лауазым иелеріне тапсырма бердім. Ондағы ахуал ақырындап тұрақтанып келеді. Теңізден аса қажетті емес 18 мыңнан астам жұмысшыны аман-есен тұрғылықты мекендеріне жеткіздік. Осы шараны қолға алмаған жағдайда Теңіздегі жағдай тіпті күрделі болар еді.

27сәуірден бастап біртіңдеп карантиндік талаптарды жеңілдете бастадық. Көптеген саланың жұмыс істеуіне кезең-кезеңмен рұқсат бердік. Қазіргі кезде 3 мың жеті жүздей нысан ашылып, 70 мыңдай адам қалыпты жұмысына кірісті. Бүгін бұл көрсеткіш артты.

Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанса, карантиндік талаптарды жеңілдетуді жалғастырамыз. Осы орайда, Атыраудан бірнеше қалаға ұшақтар ұшыруға рұқсат берілгенін айта кетейін.

Құрметті жерлестер, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері карантиндік талаптарды 8 маусымға дейін ұзартуға қатысты қаулы шығарды. Бұл аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды негізге ала отырып жасалған шешім.

Сонымен қатар, Мақат ауданының Мақат кенті мен Жылыой ауданына карантин енгізілді. Себебі, аталған елді-мекендерден инфекция жұқтырған адамдар анықталды. Бұның бәрі босаңсуға әлі ерте екенін көрсетеді.

Маска тақпай, санитарлық талаптарға көз жұма қарау белең алуда. Әлбетте, маскалық режимді сақтау оңайға соқпасы анық. Десе, де, сақтықты ұмытпауға шақырамын. Мұның барлығы өз  қауіпсіздіктеріңіз үшін қажет.

Осы ретте медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері бастаған алдыңғы қатарда жүрген барлық сала мамандарына рақмет айтамын. Өйткені, олар қауіп-қатермен күнделікті бетпе-бет келіп жүр.

Қадірменді жерлестер, Төтенше жағдай тоқтағанмен, карантиндік талаптар сақталатынын тағы да ескертемін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бір-бірімізге түсіністік танытып, қолдайық! Қорғайық!

Бұл өтпелі кезеңді де бірге еңсерерімізге сенемін!  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз