Атырау жері астындағы су 30 жылға жетеді

Келешек кілті – кооперативте Жаңалықтар

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев болды. Ол журналистерді алдымен өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар туралы тарқата айтты.

????????????????????????????????????

Мемлекеттік бағдарламаның берері мол

Осы кезеңге салада қызмет істейтін құрылымдардың саны 2100-ге жуықтаса, оның 492-і таза егіншілікпен, 1642-сі мал және егін шаруашылығымен аралас  шұғылданады. Тарқатып айтқанда, облыста 1195 шаруа қожалығы, 42  жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 32-сі несие серіктестігі, 12 жеке кәсіпкер, үш сервистік дайындау орталығы және екі акционерлік қоғам тіркелген. Өндірілген өнім көлемі 61,5 млрд. теңгені немесе 104 пайызды құраған. Соның ішінде, мал шаруашылығында өсім 36,2 млрд. теңгеге (102,5 пайыз), егін шаруашылығында 25 млрд. теңгеге (106,4 пайыз) тұрақтаған.

Тұтастай алғанда, аймақта төрт түліктің саны өсіп, мүйізді ірі қара 101,4, қой-ешкі 101,2, жылқы 108,5 және түйе 101,9 пайызға артқан. Сонымен қатар, құстың саны 158,3 пайызға өскен. Сәйкесінше, 48,8 мың тонна ет, 59,5 мың тонна сүт  және 98,1 млн. дана тауық жұмыртқасы өндіріліп, алдыңғы жылғыдан 1,8 пайызға көбейген.

Агроөнеркәсіпті кешенді өркендетуді мақсат тұтқан «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламаларының  ауыл кәсіпкерлеріне беріп отырған мүмкіндігі мен кепілдігі аз емес. Аталған бағдарламалар шеңберінде 1100  мүйізді ірі қара, 1479 жылқы және 4930 қой малы  сатып алынған.

Облыстағы 16 асыл тұқымды шаруашылықтың бесеуі сиыр, жетеуі қой, үшеуі түйе түлігін өсіруге бағытталған. Мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды ынталандыру мақсатында осы саладағы шаруашылық құрылымдарын субсидиялауға 1 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Тиімді технология – табыс көзі

Былтыр облыста жалпы ауданы 7604 гектар жерге егін егілді. Оның басым бөлігі көкөніс – бақша, картоп дақылдарының еншісіне тиесілі  болса, малазықтық дақылдар егістігінің де өзіндік үлесі барлығы баяндалды. Нәтижесінде, 25 236 тонна картоп, 71 703 тонна көкөніс, 28 988 тонна бақша өнімдері жиналып, екпелі – суармалы егістіктен 10 602 тонна құнарлы мал азығы дайындалған. Сөйтіп, 2012 жылғымен салыстырғанда егіс танаптарының гектар айналымы еселеніп, картоптың 193,4, көкөніс түрлерінің 139,5 және бақша дақылдарының 172,3 пайызға артық өндірілуі қамтамасыз етілген.

Бұған әрине, тамшылатып суару тәсілінің оң әсерін тигізгенін айта кеткеніміз жөн. Тұтынылатын судың мөлшерін 30  пайызға дейін үнемдейтін озық технология жеміс-жидек пен жылыжай шаруашылықтарында, малазықтық дақылдар алқаптарын күтіп – баптау жүйесінде де кеңінен қолданылуда. Соның дәлеліндей, облыс бойынша егістік дақылдары өнімділігінің орташа көрсеткіші: картоптан 13, көкөністен 28,5 және бақшадан 28,3 тоннаға жетсе, жекелеген шаруашылық құрылымдарында одан да жоғары нәтижелерге қол жеткізілген. Сондай-ақ, жалпы ауданы 283 гектарды қамтитын көпжылдық жеміс-жидек дақылдарының 248 гектары немесе 87 пайызы осы әдіске көшірілген. Осыдан төрт жыл бұрын жылыжай кешендерінің аумағы 6,7 гектармен шектелсе, есепті мерзімде екі еседей (12,5 га) кеңейтілген. Ал, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 54,5 гектарға дейін ұлғайтылады. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 649 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды.

Сұрақ: – Ұлт жоспары мен Елбасы Жолдауында кешегі кеңестік кезеңде кеңінен пайдаланылған құдықтарды қайтадан қалпына келтіріп, кәдеге жарату міндеті қойылғандығы мәлім. Осыған орай айтар ойыңыз қандай?

Жауап: – Бізге белгілісі, бүгінгі таңда облыс аумағында есепке алынған 47 жерасты су қоры бар. Бұлар негізінен Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарында орналасқан. Соның ішінде, көлемі жағынан ең үлкендері саналатын бесеуінің нақты су мөлшері есептелініп, қанша уақытқа жететіндігі ғылыми тұрғыдан болжамдалған.  Бұлардағы су қоры 27-30 жылға жетеді деп шамаланса, тәулігіне 238 мың текше метрге дейін су шығару мүмкіндігі  барын  біліп отырмыз.

Жартылай шөлді-шөлейтті аймақ болғандықтан, бұның өзі облыстағы суға қажеттілікті толығымен қанағаттандырмайтындығы белгілі. Сол себепті, Жылыой өңірімен шектесетін көршілес Ақтөбе облысының аумағындағы Көкше су алаңынан су тарту мәселесін ойластырудамыз. Бұдан ұтарымыз, біріншіден, су қоры молаяды, екіншіден, ол жақтан келетін судың тұздылық мөлшері талапқа сай келеді, деген болжам жасалып отыр. Құдықтар мәселесін де осындай жолмен шешуге жұмыстанатын боламыз.

Сұрақ: – Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы құрылымдарын біріктіріп, кооперативтер құру, бұл бағытта нақты жұмыстарды қолға алу. Осыған байланысты не дейсіз?

Жауап: – Өздеріңізге мәлім, «Агробизнес – 2020» бағдарламасының орнына ауыл шаруашылығын дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданды.  Құжаттағы басымдықтың және жаңалықтың бірі де кооперативтер құру туралы болатын. Басты талап, жаңа құрылымға мүше болуға мүдделі шаруашылық құрылымының (шаруа қожалығы немесе жеке шаруа) иелігіндегі малының саны бұрынғыдай он-жүз емес, бір мыңнан кем болмауы тиіс. Ал, артықшылығы сол, кооперативтің құрамына кіргендердің әрқайсысына 4 млн.  теңге көлемінде, кооперативтің өзіне 50 млн. теңгеге дейін 6 пайыздық  жеңілдікпен несие беріледі.

Сондай-ақ, мал арасындағы кездесетін аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, екпеден өткізу, азық-түлік қорын жасақтау мен бағаны тұрақтандыру мәселелеріне қатысты қойылған сауалдарға да тұщымды жауаптар қайтарылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз