«Атырау» футбол командасында грузиндер ойнайды

450 5549e7c6ce63a Жаңалықтар

Жаңа маусымға қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан «Атырау» футбол командасы Грузия құрамасының ойыншыларымен толықты.

450_5549e7c6ce63a

Солардың бірі – Грузия құрамасының қорғаушысы Уча Лобжанидзе.  Бұған дейін командамыздың 29 жастағы жаңа ойыншысы «Динамо» (Тбилиси), «Зестафони» (Грузия), «Днепр», «Кривбасс» (Украина) және кипрлік «Омония» командалары сапында ойнаған. Соңғы маусымда «Динамо» командасында өнер көрсетіп, жарты жылдың ішінде 17 ойын өткізді. Ал, Грузия құрамасы жейдесінде Уча 47 рет алаңға шыққан.

Мұнайлы өлке командасы басшылығымен жаңа келісім-шартқа отырған тағы бір грузиялық шабуылшы Владимир Двалишвили де «Атыраудың» намысын қорғайды. Ол өзінің спорттық мансабында «Динамо» (Тбилиси), «Олимпи» (Грузия), «Сконто» (Латвия), «Маккаби» Хайфа (Израиль), «Полония», «Легия», «Погонь»  (Польша), «Оденсе» (Дания) командаларында ойнаған. 2004-2005 жылғы маусымда «Динамо» құрамында Грузия чемпионы, 2010-2011 жылдары «Маккаби» командасымен бірге Израиль чемпионатының кубогын жеңіп алды. Польша чемпионатында «Легиямен» бірге екі мәрте жеңімпаз болып, кубок иегері де атанды.

Сондай-ақ, қорғаушы Антон Чичулин де ортамызға кері оралды. Айта кетсек, 2015 жылғы маусымда Антон командамыздың құрамында ойнаған еді. Сондықтан, оның есімі жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс.

Соңғы маусымды көкшетаулық «Оқжетпес» құрамында өткізіп, 28 ойында сегіз рет қарсылас қақпасына гол салып ерекшеленген жартылай қорғаушы Марат Хайруллин де – енді «Атыраудың» ойыншысы. Ал, сенбі күні 24 жастағы сербиялық жартылай қорғаушы Йован Джокич команда сапына қосылды.

Айта кетсек, қазіргі таңда «Атырау» футбол командасы Түркияда екінші оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз