АПТА: ТҮЙІН

АПТАНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ
МАҚСАТ АЙҚЫН, ТАЛАП ЖОҒАРЫ
Осы аптада Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков облыс орталығындағы өткен жылғы экономикалық-әлеуметтік даму қорытындылары мен алдағы межелер туралы халық алдында есеп берді. Қаланың актив жиналысына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.
Облыс басшысы Елбасының Жолдауда жүктеген тапсырмаларын орындауда мұнайлы өлкенің қосар үлесі ерекше екендігін атап өтті. Сондай-ақ, өнеркәсіппен қоса ауыл шаруашылығы саласында да өзіндік орны бар Атырауға агроөнеркәсіп өнімдерінің 75 пайызы облыстан тыс аймақтан тасымалданатынын сынға алды. Б.Ізмұхамбетов бұл қиындықтан шығу үшін егістік көлемін ұлғайту, жаңа технологияларды қолдану, сүт фермаларын ашу, сапалы мал азығын дайындау, суару-суландыру жүйелерін жаңғырту, азық-түлік белдеуін дамыту сияқты бірқатар жобалар қолға алынып жатқандығын айта келіп, қалаға жақын орналасқан аудандар мен осы жол бойындағы ауылдар Атырау қаласын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге атсалысуы керектігін ерекше тапсырды. Сондай-ақ, облыс орталығында атқарылатын үлкен жобалар жөнінде міндеттерді саралай келіп, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасы Жолдауында айтылған тапсырманың бірі – алдағы ауыл-село әкімдерін сайлау науқанына үлкен жауапкершілікпен қарап, абыроймен өткізуді міндеттеді.

АПТАНЫҢ КЕЛІСІМІ
АЗАМАТТАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
«Қашаған» және «Болашақ» зауыттары жобасындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуына байланысты қысқарып қалған азаматтарды жұмыссыз қалдырмау мақсатында меморандумға қол қойылды.
«Аджип ҚКО» және мердігер компаниялармен қол қойылған құжатқа сәйкес биыл 900-ге тарта азамат жұмысқа орналаспақшы. Оның 529-ы бірінші тоқсанда қызметке орналасады деп күтілуде. Аймақта Батыс Ескене темір жол кешені құрылысының басталуы жұмыссыз жүргендер үшін үлкен үміт болғалы тұр. Екі жылға созылатын үлкен жобаны «Аджип ҚКО» компаниясының мердігерлік мекемелері «ISKER – ҚазСтройСервис» ЖШС және «Теміржол Құрылыс Атырау» ЖШС атқаратын болады.
Меморандумға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен «Аджип ҚКО» компаниясының басқарушы директоры Умберто Каррара қол қойды.

АПТАНЫҢ САПАРЫ
БОЛАШАҚҚА — СЕНІМДІ БАҒДАР
Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін насихаттау және түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-насихаттық топ Атырауға келді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Виталий Ярошенко және басқа да насихатшылар тобы аудандарда және қаладағы еңбек ұжымдарында болып, Жолдау жүктеген міндеттер нақты іске асып отырғандығын жеткізді.

АПТАНЫҢ СЫНЫ
КЕНЖЕ ҚАЛҒАН САЛА
2016 жылы Бразилия мемлекетінің Рио де Жанейро қаласында өтетін ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына Атырау облысынан кемінде бес спортшы Қазақстан құрамасына ілігуі керек. Бұл жөнінде кеше облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа мәжілісінде айтты.
Аталған басқарма басшыларының өткен жылда атқарған жұмыстары мен алға қойылған міндеттері жөнінде баяндамасын тыңдаған Шыңғыс Жұмабекұлы облыста спорт саласы әлі де кенже қалып келе жатқандығын сынға алды. Ол басшысы өңірде спорт саласының дамуына қолдау көрсетіліп жатқанымен, спортшылар мен жаттықтырушылардың қызметі әлі төмен екенін сынады. Қазіргі таңда Атырау облысы спорт саласының дамуы бойынша 15-нші орында тұр. Осыған орай, басқарма басшыларының, спорт кешендері директорларының және жаттықтырушылардың алдына үлкен міндеттер қойды.

АПТАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ
ҚҰЛСАРЫҒА – ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ

ҚР Бокс федерациясының спорт жөніндегі директоры, ХХХ жазғы Лондон олимпиадасының чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев Атырауға іссапармен келіп кетті.
Серік Сәпиев облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен кездесіп, Құлсары қаласына барып, дене шынықтыру спорт кешенін салу мәселесімен толық танысты.
Олимпиада чемпионының айтуынша, Құлсарыда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастауға байланысты барлық мәселе шешіліп тұр. Спорттың таэквондо, дзюдо, бокс, ауыр атлетика және күрес түрлерін қамтитын бұл кешеннің құрылысы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ демеушілігімен іске асқалы отыр.
– Байқап отырсам, менің үлкен бастамаларымның барлығы Атырау жерінде іске асқан екен. Осыдан он бір жыл бұрын Атырауда өткен ел чемпионатында мен алғаш рет Қазақстан чемпионы дәрежесін алған болатынмын. Сол жігер мені Олимпиада чемпионы деңгейіне жеткізді. Жаңа лауазымдағы алғашқы іссапарым да осы өңірден басталып тұр. Сондықтан, көтерген бастамамыз сәтті боларына сенімім мол. Атырау облысының олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қосар үлесі мол болмақ. Талай батырлардың отаны – Атырау жерінен де Олимп шыңын бағындыратын спортшылар шығады деген сенім әлі де мол, – деді Серік Сәпиев бізге берген сұхбатында.

Аптаны түйіндеген Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз