Амангелді Айталы конституцияны өзгерту керек деп есептейді

АПТА: түйін Жаңалықтар

Амангелді АЙТАЛЫ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

-2_reswm-e1440623006690

1. – Үндеу – қазақ қоғамын демократияландырудың тұжырымдамасы. Сөз жоқ, ол нақтыланады. Нәтижесінде, көптеген мәселелер өз шешімін табуы тиіс.

«Бұл бастама не себептен пайда болды?», «қандай қажеттіліктен туды?» деген мәселелер үлкен талқылауды қажет етеді. Тәуелсіздік алған тұста біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін мықты Президенттік басқару нысаны қажет болды. Себебі, ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі,  тоталитарлық режимнің қалдықтары, экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық белең алған сын сағатта бұл аса орынды да еді.

Егемендік елең-алаңында дау-дамайдың орын алуына жол бермеу керек болатын. Сол себептен жас мемлекетіміз бірігіп тиімді заңдар қабылдап, Президенттік басқару жүйесін таңдады.

Десе де, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырған бір ақиқат бар. Яғни, билікті бір қолға шоғырландырудың тиімсіз әсерлері де болады. Мәселен, осы күнге дейін біздің Үкімет тәуекелге барып, батыл қадамдар жасап, халыққа қажетті дүниелердің, идеялардың бастамашысы бола алмады. Бұқаралық ақпарат құралдарынан байқап отырғанымыздай, біздің атқарушы билік өздігінен ізденбейді. Негізінен Президент тапсырмаларын орындаумен ғана шектеліп келеді.

Осы жағдайлар ел арасында «атқарушы билік Президент тапсырса ғана жұмыс істейді» деген пікірдің қалыптасуына алып келді. Сондықтан, мемлекеттік құрылым ішінде пайда болған дағдарысты Президент дер кезінде байқады деп ойлаймын.

Бір мәселе, Үкіметтің Парламентке қарағанда мәртебесі жоғары болғандықтан, көптеген депутаттық сауалдар орындалмай, аяқсыз қалып келді. Заң шығару саласындағы бастамалар толыққанды іске аспай қалып отырды. Осының салдарынан қоғамда іркіліс пайда болғаны анық.

2. – Әрине, бұл реформалар әп-сәтте жүзеге аса қоятын дүние емес. Қоғамды демократияландыру оңай болмайды. Біріншіден, бұл – әлі де болса уақытты қажет ететін процесс. Дегенмен, мәселенің екінші жағы бар. «Жаңа мүмкіндіктерді Үкімет қаншалықты пайдалана алады? Олардың қолға алған істері тиімді бола ала ма?» деген күдік те жоқ емес. Үшіншіден, «Үкімет пен Парламенттің құзыреттері өскен сайын, атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің арасында қайшылықтар туындамай ма? Тепе-теңдік қаншалықты сақталады?» деген де ой туады. Сондықтан да, еліміздің Президенттік басқару нысанындағы мемлекет ретінде қала бергені дұрыс деп ойлаймын.

Дегенмен де, еліміз демократиялық проспектіде, сайлау процесінде ойлануы керек. Себебі, біздегі саяси жүйе  моноцентристікке негізделген. Яғни, әңгіме бір партияның үстемдігі турасында болып отырғандықтан, Президенттің барлық саяси партиялармен бірдей, тең қарым-қатынаста болғаны дұрысырақ.

Нұрсұлтан Әбішұлы – біздің мемлекетіміздің Президенті, Елбасы. Демек, Президент осы бір мемлекеттік жоғары деңгейде қалып, саяси партиялар шын мәнінде саяси бәсекелестікке қол жеткізуі керек.

Ал, егер қазіргі моноцентристік партия жүйесі сақтала беретін болса, Үкіметте, Парламентте отырған билік партиясы көп бастамаларды шегеріп, елдегі демократиялық үрдістер шектеліп қала беруі мүмкін. Ондай тәжірибе бірқатар елдерде бар.

Қорыта келе айтарымыз – мынау: Президент Үндеуі арқылы еліміз жаңаруға, саяси процестерді жандандыруға бет бұрды. Мұның, әрине, астары көп.  Реформалардың оң нәтиже беруі – саяси мәдениетімізге, саяси партиялардың белсенділігіне, қоғамдық санаға, халықтың түсінігіне, ішкі-сыртқы жағдайларға тікелей байланысты. Десе де, игі іске қадам жасалды деп ойлаймын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған