«Ақылды машиналар» ағашты өңдейді

АПТА: түйін Білім Жаңалықтар Шаһар шырайы

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Fab Lab» цифрлық өндіріс зертханасы ашылды. Мұндай зертхана мұнайлы астанада еліміз бойынша алғаш рет жұмысын бастады. Аталмыш өндіріс орталығы – «Заңғар» жобасының «STEM» – білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асты.

«Ақылды машиналар» ағашты өңдейді

Атырау жастарының тәжірибелік оқуын жетілдіруге мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы цифрлық өндіріс зертханасының ресми ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысып, жастардың жұмысымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары  қауіпсіз жұмыс жасауға арналған құлаққап, көзілдірікті киіп, автоматты басқарылатын өндіріс үрдісіне қатысып, қызметін бақылап көрді.

Зертханада винилдық кескіш, лазерлік кесу құрылғысы мен 3D принтерден тұратын цифрлық жабдықтар бар. Бұл қондырғылармен техника тілін меңгерген жастар ағаштардан, өзге материалдардан түрлі ию-қиуы қиын бейнелердің, логотиптердің прототиптік нұсқасын жасайды.

Жобаның бағдарламашы координаторы – Нұржан Аманғосов. Ол АҚШ-та  білім алып келген. Қазір үш тілде жетік сөйлейді. «Ақылды машиналардың» тілін де меңгерген. Нұржанның айтуынша, компьютерлік бағдарламалармен басқарылатын  машиналар әртүрлі материалдарды өңдеп, оларға дайын өнімге қажетті пішін береді. Жоба аясында 400-ге жуық қатысушы өз жобаларының прототипін құрай алады. Жастарға қолжетімді. Бүгінде Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің, Атырау мұнай және газ университетінің студенттері аталмыш бағдарлама аясында өз жобаларын ұсынып, қазір прототипін жасауға кіріскен. Сондай-ақ, қаладағы дарынды балаларға арналған мектептердің де жоғары сынып оқушылары «ақылды машиналардың» көмегімен жобаларын жасауда. Атап айтқанда, елімізде бұрын-соңды болмаған, өзі автоматты түрде басқарылатын көп қабатты жылыжайлардың сұлбасы құрастырылған. Қазір бұл нұсқасы өңірдің климаттық жағдайына қарай жетілдірілу үстінде.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған