А М А Н А Т

Жаңалықтар Мәдениет

Atr.kz/28 ақпан, 2020 жыл. 1944 жыл. Айы-күні жетіп, тоғыз ай тар құрсағында түнеткен бөбегі жарық дүниеге шығар сәтте «көмек қолын созар» деген үмітпен босағасын жағалаған өзге ұлтты өзекке теппей, қазақ шаңырағы құшағын айқара ашты. Тағдырдың жазуымен бөбегіне өмір сыйлап, өзі о дүниелік болған ананы арулап жер қойынына тапсырды. Соңында қалған тұяғына «Аманат» деп ат қойып, аялап өсірді. Арманына қанат бітіріп, балаң көңіліне кірбің түсірмеді…

Қазақ үшін «Аманат» сөзінің жүгі тым ауыр. Оған қылдай қиянат қылуға, адалдық танытпауға болмайды. Көрер жарығы таусылар сәтте ұлын қазақ шаңырағына тапсырған ананың соңғы сөзі де осы болатын. Аманат. Қазақы қалыпты Қадырсиық қарттың шаңырағында еш шеттеу көрмей, өзін қазақ санап өскен баланың алаңсыз ер жетуіне сол шаңырақтағы үлкенге қарсы келмеу сынды қанға сіңген қасиеттер сеп болса керек. Әйтпесе, «осы бала ойыннан басқа түк білмейді, жалқау болып барады» деген сөздердің күнделікті күйкі тірліктің арасында айтылып қалуы да заңды дерсің. Алайда, аманат жүгі қашан да ауыр.

«Мен олай-бұлай болып кетсем, армандаған Алматысында оқысын, сүйекке таңба салатын ұл болмасын. Өйткені, ол – біздің Тәңір алдындағы аманатымыз!»

Түйінді сөз айтқан отағасына қарсы келер қауқар жоқ. Отбасы мүшелері ләм деместен Аманат ұлдың азамат болуына атсалысты. Тек күндердің күнінде бірге ойнайтын тентектерінің бірі анасына арыз айтып, «сен олардың баласы емессің, сен асыранды жетімсің» деген жүрек сыздатар сөзі оның өз тарихын білуге итермелегенімен, аялап өсірген ата-анасына деген көңілін суытпады.

Жылдар жылжып өте берді… Аманат ер жетті. Қасындағы қарасирақтар күлкі еткен Алматысына аттанды. Қызмет қылып, ел көрді, жер таныды. Жар сүйіп, ұрпақ өсірді. Сырғыған уақытты уысыңда ұстап тұра алмасың анық. Өмірдің талай белесін артқа қалдырып, аға буын өкілі атанған Аманат ауылға арнайы ат басын бұрды. Ақбас Алатау баурайынан Атырау топырағына табан тіреп, бұл күнде орны да қалмаған атакүлдігіне бір аунап қайтпақ. Ата-ана, туыстардың қабіріне құран бағыштамақ. Жол үстінде жолыққан жолаушысапарластарына ғұмырлық дастанын баяндай отырып, өткен шаққа қимастықпен көз салып келеді.

– Ата, сіз сонда шешенсіз бе?

– Негізі солай. Бірақ, мен қазақпын. Қазақтың қолында өстім. Есейгенше өзімді қазақпын деп ойлап жүрдім…

Қазақ елінде тарих толқынымен мыңдаған тағдырлар тоғысты. Сай-салалы сар дала олардың қайқайсысын да құшақ жая қарсы алды. Дархан көңілді қазақ әрқайсысын кеңдігімен өз бауырына басты. Оларды өз баласындай әлпештеп өсірді. Бүгінде сол мыңдаған тағдыр тамырын тереңге жайған алып бәйтеректің бір-бір бұтағына айналды. Бір – ел, бір – тағдыр!

Осыдан үш жыл бұрын арнайы түсірілген қысқа метражды «Аманат» фильмінің мазмұны осы. Қазақ халқының кеңпейілдігі мен дархандығын арқау еткен аталмыш түсірілімнің маңызы зор. Алғыс арқалаған арда ұлттың туабітті қасиеті ұрпақтар сабақтастығы арқылы жылдар бойы жаңғыра бермек. Аманатқа қиянат жасамай, алғыс алып жүргенге не жетсін!

Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған