31 шілде – Құрбан айт басталады: Ізгі істің сауабы бар

qurban2572 Жаңалықтар

Atr.kz/28 шілде, 2020 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі пандемия жағдайларымен санаса отырып, биылғы жылғы құрбан шалуда өзіндік ерекшеліктер болатынын халыққа жеткізуде.

Басты ерекшелік – құрбандыққа арнаған халықтың қаражатын жинап, құрбандық малды рұқсат алынған орын­дарда ғана шалуды ұйымдастыру. Бұл мақсатта онлайн банкингті тиімді пай­далану арқылы, еріктілерді тарта оты­рып, белгілі орындардан мал сатып алу жоспарлануда.

СЫНАҚ

Бұл өмір сынаққа толы болғандықтан, бұл індет те бір сынақ екені белгілі. С ү л е й м е н п а т ш а н ы ң жүзігінде жазылғандай «Бәрі өтеді, бұл да өтер». Тек сабыр ете білсек болғаны. Қасиетті Құран Кәрімде «Са­быр етіп, намазбен Алладан жәрдем сұраңдар, Алла са­быр етушілермен бірге» деп ескертілген (Бақара сүресі, 153 аят).

Сол себепті иманды жан мұндай қиындыққа мойы­майды, талайлы тарихымызда қиындықтар аз болды ма? «Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» деп ата-бабалары­мыз бекерге айтпаған.

АЛЛАҒА ЖАҚЫНДАУ

Аллаға ең жақын құлдар – пайғамбарлар. Сондай ұлық пайғамбарлардың бірі – Ибраһим баба­мыз. Құрбан шалу арқылы Аллаға жақындау ғұрпы сол кісімен байланыстырылады. Әрине, ниет Жаратушының бұйрығын орындау болуы керек. Әйтпесе, Құранда айтылғандай, құрбандыққа шалынған малдың еті не қаны емес, Аллаға тек ниет жетеді.

Хадистерге де қарасақ, «Барлық істің түпкі ниетке байланысты» бағаланатыны айтылады. Олай бол­са, шынайы мұсылмандар Жаратушының әмірін қалт етпей, пайғамбарлардың жүрген жолымен жүреді. Ынталы кейіпте, құлшылық ниетімен өзіне тиесілі бұйрықтарды орындай­ды. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз да (с.а.с.) екі мал шалатын: «Менің және жағдайы жоқ үмбетімнің атынан» дейтін.

ҚАНДАЙ МАЛ ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛЫНАДЫ?

Құрбандыққа мал таңдау к е з і н д е – а қ а д а м н ы ң шариғатқа білімділігі, тақуалығы көрініс табады. Себебі, шариғатымызда таңдалған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар» деген (Әбу Дәуіт). Мүйізі жоқ немесе сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады.

Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сынды­рып алса, оның оқасы жоқ.

Құрбандыққа әдетте қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарамды. Қой мен ешкі бір адамның аты­нан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын ала­ды. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Дегенмен, бір ескерте кетерлігі, жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек. Қой мен ешкі бір жасқа жеткен болуы тиіс. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз, әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.

ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ САУАБЫ

Өмірде жақсы ни­етпен жасалған кез кел­ген істің сауабы бар. Қасиетті Құранға қарасақ, «Зәредей жақсылықтың да, жамандықтың да қ а й т а р ы м ы б о л а т ы ­ны» ескертілген (Зилзал сүресі, 7-8 аят). Сол себепті ардақты пайғамбарымыз үмбетін жақсылықсүйгіш, ізгілікқұмар болуға, әрбірі сауапты ісімен Аллаға жағуға тырысуға үндеген. Құрбан шалудың да сауапты іс екенін түсіндірген. Саха­балары сауабы қандай бола­тынын сұрағанда, шалынған малдың әрбір қылшығына са­уап жазылатынын аңдатқан. Мұсылман адам бәріне тек осы өмірдің өлшемдерімен ғана қарамасы анық. Ал­дымызда Ұлы Есеп күні бар. Қылкөпірден өтерде де осы дүниеде шалынған құрбандықтардың пайдасын әркімнің көретіні хадистер­де айтылған.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ

Бүгінгі әлем ізгілікке, қайырымдылыққа мұқтаж. Исламофобияның ары­нын бәсеңдету үшін де мұсылмандар қоғ амға қайырымдылық істерін көп жасауы қажет-ақ. Ол исламның шынайы келбетін таныту үшін де маңызды. Дініміз қоғамдағы жоқ- жітіктерге, кедей-кепшік, көмекке, қолдауға мұқтаж ж а н д а р ғ а ә р д а й ы м қарайласуға шақырады. Әсіресе, дағдарысты, алды болжаусыз қазіргі әлем жағдайында қайырымды істердің маңызы тіптен ар­тып отыр. Қоғамда өз қарақан басының жағдайын ғана күйттеушілік датталып жат­са, көптің, елдің игілігіне жүгіріп қызмет еткен аза­маттар мақталып жатқанын әркім-ақ көріп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да біраз игілікті істерге ұйытқы бо­лып келеді. Атырау өңірі ретінде біз де ортақ мақсатқа қолымыздан келгенше үлес қосуға тырысудамыз. Лайым, еліміз аман, жұртымыз ты­ныш болса екен! Құрбандық шалған ағайынның ниеті қабыл болып, Алла Тағала көпке берекелі тыныш өмір сүруді жазсын деп тілейміз!

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының Бас имамы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз