ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ атындағы марапат – қоғам қайраткерлеріне!

«М.Әуезов қоры» қоғамдық қорында қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлері Герольд Бельгерге («Қазақ тілінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін» номинациясы бойынша); Шамғон Қажығалиевке («Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытқаны үшін» номинациясы бойынша); Мұрат Әуезовке («З.Қабдолов қорына зияткерлік қолдау көрсеткені үшін» номинациясы бойынша) академик Зейнолла Қабдолов атындағы Халықаралық марапат – естелік диплом мен «Академик Зейнолла Қабдолов» медалі табыс етілді.

Студенттердің арасында аңызға айналған санаулы ұстаздардың бірі Қабдоловтың атын иеленген қор 2009 жылы ашылып, содан бері ғалымның мұрасын кеңінен насихаттау, еліміздің мәдени-рухани өміріне үлесін қосу мақсатында жұмыс істеп келеді. Ал, 2012 жылдан, яғни З.Қабдоловтың 85 жылдығына орай қазақ мәдениеті мен руханиятына үлесін қосып жүрген тұлғаларымызға академик атындағы арнайы марапат тағайындалды. Бұған дейін аталған марапатты Бейбарыс сұлтанның тарихи тұлғасы мен ролін зерттегені үшін «Әл-Ақса» акаде¬миясының ректоры Наджех Д.Бкерат, З.Қабдоловтың шәкірттерінің бірі Қадыр Жүсіп, шығар¬машыл жастарға қолдау көрсеткені үшін Қойшығұл Жылқышиев, драматургия және прозадағы әдеби шеберлігі үшін жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев, т.б. тұлғалар иеленген.
Академик Зейнолла Қабдолов атындағы қор директоры, философ-этнограф, ақын Бекет Қарашин марапаттың мәдени және адамгершілік негіздегі шығармашылық дәстүрлердің дамуы мен сақталуына үлес қосқан, Отандық және әлемдік мәдениет, саясат пен бизнестің көрнекті өкілдері үшін тағайындалатынын айтып, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, педагог Шамғон Қажығалиевке сыйлықты бірер күн бұрын оның үйіне жеткізгенін айтты.
«Шамғон Сағаддинұлы сырқатына байланысты марапатты салтанатты табыстауға келе алмайтын болған¬дықтан, медалды ақсақалдың үйіне апарып, құттықтап қайттық. Ағамыз Қабдолов қорына алғысы мен сіздерге ыстық сәлемін жолдады»,- деді Б.Қарашин.
Зейнолла Қабдоловтың өмірінен сыр шерткен Герольд Бельгер 1962 жылдардан басталған таныстықтың достыққа, шығармашылық байланысқа алып келгенін айтып: «Мен үшін бұл марапаттың орны бөлек. Сіздер ұсынған сыйлықты шын жүрегіммен, қуаныш¬пен қабылдадым. Сөз зергерінің қорына қолдан келген көмегі-мізді аямаймыз», – деп Қабдолов қорының қызметкерлеріне алғыс білдірді.
– Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдолов – ұстаз бен шәкірт қана емес, рухани туыс, дүниетаным жағынан өте жақын адамдар еді. Сондықтан осы екі қордың да тығыз байланыс орнатуы тегіннен-тегін емес. Ал Қабдолов қорына шығармашылық табыстар тілеймін! Себебі, қордың алдындағы мақсаты биік, жүгі ауыр, ғалымның талай мұрасын әлі халқымен қауыштыруы керек, – деген Мұрат Әуезов Зейнолла Қабдолов атындағы марапаттың берілуі өзі үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз