БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАНЫҢ ІСІ

Қазіргі уақытта бала тәрбиесі – әрбір ата-ананың ғана емес, қоғамның да басты мәселесі. Ата-аналар күнделікті өмірде балаларының мінез-құлқының қалыптасуына назар аударып, отбасында бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ, әрбір ата-ана баласы баратын балабақшамен тығыз байланыста болуы керек екендігін түсіндім. Өзім үйде бала тәрбиесінде отырған анамын. Біздің «Жұлдыз» ықшамауданында 2012 жылдың желтоқсан айында ашылған №26 «Жұлдыз» балабақшасы жұмыс жасауда.

Мұнда ата-аналарға кеңес беру орталығы бар. Балабақшаның педагог-психологы ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Балабақша директоры Гүлжан Мусина балабақшаның тәрбиеші педагогтары мен психолог мамандары әркез көмек қолын созуға дайын екенін айтады. Әрбір ата-ана баласының тәрбиесі мен білімі үшін алаңдайды және де балабақша тәрбиесі мен үйдегі бала тәрбиесін салыстыра алмайтынымыз рас. Балабақша әдіскері Гүлайым Өтекова «Ата-аналарға арналған кеңес беру орталығында» жұмыс жүргізетін педагог-психологтың, әртүрлі бағыттағы мамандардың, тәрбиешілердің мақсат-міндеттерімен және қабылдау уақытымен таныстырды.
Балабақшаның педагог-психологы Кәмшат Шөкешова «Бақытты жанұя» атты кеңес беру орталығының басты мақсаты мектепке дейінгі мекемелерге қатынаспайтын балалардың жан-жақты дамуына, отбасы мен мектепке дейінгі ұйым әрекеттестігіне жағдай жасау екендігі жөнінде мағұлмат беріп, бала тәрбиесіне қажетті кеңестерін айтты.
Балабақшадағы кеңес беру орталығына арналған бөлме қажеттілігіне қарай жабдықталған. Онда әлеуметтік психологиялық-педагогикалық әдебиеттер, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың өзекті проблемалары бойынша кітапшалар, ата-ана мен балаларға арналған дамыту және оқыту ойындары, стенд және басқа қажетті материалдар жинақталған. «Бақытты жанұя» кеңес беру орталығының бала тәрбиесі үшін, үй тәрбиесінде бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін берері зор.

Ақмарал АМАНГЕЛДІ,
«Жұлдыз» ықшамауданының тұрғыны,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз