ТЫҢ ДЕРЕКТЕР – АЛАШОРДА ТУРАЛЫ

Басты жаңалық

– Алаш қайраткері, жерлесіміз Х.Досмұхамедовтің 130 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Бүгінгі шара да – соның жалғасы. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, елдің жасампаздық дамудағы қол жеткен табысы және жетістіктерімен қатар, өткенімізді де терең зерделеу, мемлекет құру идеяларының жүзеге асқан көріністерін келер ұрпаққа жан-жақты жеткізу – бүгінгі таңдағы өте маңызды іс.
Қазақстанның тәуелсіздік алуына үлкен үлес қосқандардың бірі – Алаш қайраткерлері. Ел болашағын ойлаған, халқының мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етіп, тәуелсіздік алу тарихына баға жетпес үлес қосқан алыптарымыздың қатарында қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, профессор Халел Досмұхамедовтің де есімі ерекше аталады. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Халелтану, Алаш қайраткерлері туралы тың деректер іздестіру, зерттеу жұмыстары әлі де жалғасын таба беруі тиіс, – деп облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуде ел тарихындағы ұлт зиялыларының есімдерін кеңінен насихаттау, олардың ел егемендігі үшін атқарған өнегелі істерін дәріптеу өте маңызды екендігін атап өтті.
Облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Зұлбұхар Сүйнешов өз сөзінде шараны ұйымдастыру барысында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылғандығын, әсіресе, Батыс Қазақстан, Орынбор, Саратов облыстарының мемлекеттік мұрағат мекемелерінен Алашорда зиялыларына қатысты көптеген тың деректер мен ресми құжаттар алынғандығын жеткізді.
Шара барысында сөз алған бірқатар ел ағалары мағыналы ойларын айтып, өлкетанушы, зерттеуші Өтепберген Әлімгереевтің «Алаш аңсаған азаттық» кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған