ТАТУЛЫҚТЫҢ ТУЫ БИІКТЕЙ БЕРCІН!

Басты жаңалық
Бейбіт өмір мен ынтымағын сақтаған халқымыз асыға күтетін бұл мереке ыстық ықылас пен достық ниеттің мызғымас дәстүріне айналды. 
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 18 сәуір күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында «ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық» екенін атап көрсетті.
Елбасы қалыптастырған ұлтаралық және дінаралық қатынастың қазақстандық үлгісі мен өміршеңдігін әлем жұртшылығы мойындайды.
Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті тірлікте, береке мен бірлікте өмір сүріп жатқандығын мамыражай мамырдың алғашқы күнінде тойлайды. Облыстағы 17 этно-мәдени орталықтың барлығы аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне өлшеусіз үлес қосып отыр.
Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы етіп жариялады. Достық жылын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл күзде ашылатын «Достық үйінде» қарсы алатын болады.
Халқымыздың «Береке қайда болса, ынтымақ – сонда» деген даналық сөзі бар. Біздің ендігі міндетіміз – барымызды бағалап, қоғамда берік орныққан келісім мен саяси тұрақтылықты, ұлттық бірлік пен түсіністікті көздің қарашығындай сақтау.
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін. Достықтың берекесі артып, татулықтың туы биіктей бергей!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
Атырау облысының әкімі Б.ІЗМҰХАМБЕТОВ.