СТРАТЕГИЯ ЖҮКТЕГЕН ЖАҢА МІНДЕТТЕР ОБЛЫСЫМЫЗДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Басты жаңалық

АЙҚЫН МАҚСАТ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Активте Жолдаудан туындаған тапсырмалар талқыланып, алда тұрған міндеттер айқындалды.
– Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіздігінің арқасында бүкіл дүние жүзіне танымал, қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналуда, – деді министр Ұ.Қарабалин. – Бұл жетістіктердің барлығы Елбасының жүргізіп отырған саясаты арқасында іске асып отыр десек, артық айтқандық емес. Алайда, еліміздің даму жолы өз-өзінен қалыптасқан жоқ. Қоғамның тұрақтылығы, қиын-қыстау кезеңде тәуелсіздікке ие болған еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістігі – Президент Стратегиясының дұрыс қойылған басымдықтарының нәтижесі. Өте қысқа уақытта Елбасының салиқалы саясаты мен алысты болжай алатындығы арқасында экономикада құрылымдық өзгерістер жүргізілді.
1997 жылы Елбасы «Қазақстан-2030» жылға дейінгі даму стратегиясын жариялаған болатын. Және сол стратегиялық бағытты айқын ұстап отырды. Сол сәттен 15 жылдың ішінде біздің мемлекет әлемнің ең жоғарғы серпінді дамушы бес елінің қатарына енді. Бүгінде ішкі жалпы өнімнің көлемі бойынша әлемнің экономикалық дамыған 50 елі қатарына ендік. Экономикамыздың қарқынды өсуіне Атырау облысының қосқан үлесі зор. Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің шамамен төрттен бірін қамтамасыз ететін мұнай-газ саласынан түскен кірістің арқасында еліміз бойынша әлеуметтік-экономикалық реформалар үшін қаражат шоғырланды. Қазір 2050 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясында белгіленген міндеттерді орындаудың уақыты жетті. Басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру.
Министрдің айтуынша, биылғы жылы Қазақстан халқының саны 17 миллионнан асты. Еліміздегі ішкі жалпы өнімнің өсуі сегіз айдың ішінде төрт пайызды құрады. Бөлшек тауарлар айналым көлемі 12,5 пайызға артты. Негізгі капиталға түскен инвестицияның көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың өткен сегіз айында елдегі мұнай және конденсантты өндіру көлемі шамамен 54 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, 21 миллион тоннадан астам мұнай Атырау өңірінде өндірілуде. Бұл көрсеткіш 111 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, Ұзақбай Қарабалин тек ел бойынша емес, әлемдік мұнай-газ саласында маңызы бар аталмыш үлкен жоба Қашаған кеніші игерілуінің тиімділігін атап өтті. «Ғасыр жобасы» атанған бұл кеніштен мұнай өндіруді күніне 75 мың баррельге жеткізу жоспарлануда. Бұған қоса, Ұзақбай Сүлейменұлы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды терең өңдеу кешені құрылысына да тоқталды. Бұл – 2016 жылы аяқталуы тиіс ел экономикасы үшін маңызды жоба. Зауыттың қуаты жылына бес жарым миллион тоннаға дейін жетеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықта жоғарғы октанды бензин мен авиаотын тапшылығын жоюға мүмкіндік бермекші. Қазіргі таңда Атырау облысындағы елді мекендердің 97 пайызы газбен қамтамасыз етілді.
Бұдан басқа Үдемелі-индустриалдық даму бағдарламасы шеңберінде Атырау мұнай өңдеу зауытына ароматикалық көмірсутегі өндіріс кешенінің де құрылысының ерекшеліктерін атап өткен министр өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Махамбет селосында жаңа көпір құрылысы қараша айында басталады, – деп, министр аудан тұрғындарына қуанышты хабарды жеткізді. – Ерекше атап өтуге тұрарлық жоба – Атырау мен Индер ауданы арасындағы Жайықтың сол жақ бойымен жүретін жолдың салынуы. Сондай-ақ, ерекше толғандыратын мәселе Астрахан-Атырау тасжолының тым нашарлығы. Жолдың сапасыздығынан жол-көлік оқиғасы көбейіп, халық зардап шегіп отыр. Тасжолды жөндеу жұмыстарын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру керек. Бұл мәселе де жақын арада шешімін тауып, құрылыс жұмыстары басталуы тиіс деп ойлаймыз.
Сөзінің соңында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «Нұр Отан» ХДП-ның XV съезінде қабылданатын «Нұр Отан. Болашақты құру!» саяси доктринасы туралы да кеңінен айтып түсіндірді.
Кейін сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Асқар Құрманбаев пен «Дастан» ШҚ жетекшісі Ақтұрлан Ерманов Елбасы Жолдауына қолдау білдіріп, айтылған міндеттерді орындауға бірлесіп жұмыстанатындарын жеткізді.
Мінбеге көтерілген зейнеткер Жұмабек Байтанатов: «Ең басты құндылығымыз – бейбітшілігіміз. Еліміз тыныш, жұртымыздың аман болуын Елбасының саясатының арқасы деп білемін. Осы құндылықтан қол үзіп қалмауымыз керек», – деді.
– Махамбет ауданы – мұнайлы өлке болмаса да, министр Ұзақбай Сүлейменұлының бұл ауданға келгеніне ерекше алғысымды білдіремін. Елбасының көрегендік саясатының арқасында ел экономикасы жылдан-жылға алға басып келе жатыр. Оның ішінде, Атырау облысының да үлкен үлесі бар екендігі сөзсіз, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
– Қазіргі таңда Атырау облысынан еліміздің өнеркәсіп өнімінің 26 пайызы, мұнайдың 40 пайызы өндіріледі. «Қашаған» жобасы іске қосылғаннан кейін Қазақстаннан шығатын мұнайдың 50 пайыздан астамын Атырау шығаратын болады. Өңірде соңғы кезде ауыл шаруашылығы кенже қалып қойған еді. Елбасы Н.Назарбаевтың берген тапсырмасына орай қабылданған мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес бұл салаға деген көзқарас өзгеріп жатыр. Табыс табудың ең оңай және қолайлы жолы – ауыл шаруашылығымен айналысу екендігін үнемі айтып жүрмін. Бағдарламалардың мүмкіндіктерін әлі де түсіне алмай жүрміз. Еккен егінге, асыл тұқымды мал баққанға субсидия беріледі. Биыл көкөніспен, картоппен облысты өткен жылмен салыстырғанда көбірек қамтамасыз етіп отырмыз. Былтыр қысқы қорға 800 тонна картоп сақтасақ, биыл бағаны тұрақты ұстап, өсірмеу мақсатында 3000 тонна картопты сақтауды жоспарлап отырмыз. Үдемелі индустриалды бағдарламасына орай голландиялық технология бойынша сүт-тауар фермасы мен асыл тұқымды ешкі фермасы салынуда. Бөлінген қаржыны игеру бойынша, Атырау облысы бірінші орында тұрғандығын үлкен мақтанышпен айта аламын, – дей келе, аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов өңірдегі өзекті мәселелерді де жасырмай, Астрахан-Атырау-Ақтөбе тасжолы бойының сапасыздығын, ауыз су мәселесінің әлі толық шешілмегендігін айтып өтті.

ЕШКІ ФЕРМАСЫ – ЕРЕКШЕ ҚҰРЫЛЫС

Кейін ақпараттық-насихаттық топ мүшелері ешкі фермасының құрылысымен танысты. Жобаның құны – 430 миллион теңге. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Абат Тасымовтың айтуынша, құрылыстың ең маңызды бөлігі – бетон құю жұмыстары аяқталды. Енді металл конструкция жұмыстары басталмақшы. Швейцариялық ешкілер Сербия елінен жеткізілмекші.
– Қараша айының 1-інде 308 бас ешкі әкелінеді. Олар бір ай карантинде сақталады. Ешкілерді карантинде сақтау үшін екі қора дайындап қойдық. Жуырда бұл қоралар санитарлық тексерістен өтті. Қораға қысқы жылу жүйесі орнатылды, – дейді А.Тасымов.
«Розметов» ШҚ жетекшісі Владимир Розметовтің айтуынша, болашақта бұл фермадан сапалы сүт өнімдері шығатынына күмән жоқ. Бір ешкі күніне үш рет сауылғанда сегіз литр сүт береді, жылына екі рет төлдейді.
Бұл жобаның болашағы зор екендігін, ешкі сүті өнімдерінің емдік қасиеті ерекше екенін облыс басшысы атап өтті.
Нысан жоспар бойынша ағымдағы жылдың 30-ыншы желтоқсанында пайдалануға берілмекші.

ЖАҢА ЖОБА –
МОЛ ӨНІМ НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі бастаған топ кейін Бейбарыс ауылында құрылысы жүріп жатқан 500 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт-тауар фермасында болды.
– Салынып жатқан жобаның құны екі миллиард теңгеден асады, – дейді «1-мамыр» ЖШС-ның директоры Аманжол Есқараев. – Сиырлар АҚШ-тан әкелінеді. Фермада күніне он тоннадан астам сүт өнімі шығады деп есептеп отырмыз. Жоспар бойынша биыл іске қосылмақшы. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, олар аса бір күтімді қажет етеді. Сондықтан, 500 мал басын болашақта мыңға жеткізу жоспарлануда.
Құрылыс жұмысына жүзден аса жергілікті азаматтар тартылған. Ферма қоймамен, бұзау тұратын, сиыр сауатын, өнім өлшейтін, емдеу-санитарлық блоктармен және тағы басқа да орындармен қамтылған. Байқағанымыздай, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Рысқалиевтің айтуынша, еден құю жұмыстары қазан айында аяқталып, қараша айынан бастап монтаждау жұмысына кіріспекші.
– Атырау – мұнайлы өлке бола тұрса да, мұнда ауыл шаруашылығына оң көзқарас бөлініп жатқанын көріп, қуанып отырмын. Жол бойында тамшылатып суару әдісімен 130 гектар жерге өсірілген алма, жүзім бақтарын көрдік. Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту мәселесі қолға алынғаны қуантады. 500 бас мүйізді ірі қараға голландиялық технологиямен жабдықталған фермадан шығатын сүт өнімдерінің сапасы дүниежүзілік талапқа сай болмақшы. Бұл – өте қуанышты жәйт.
Егін шаруашылығына да үлкен көңіл бөлінуде. Өткен жылдары 50-60 гектар жерге картоп егілсе, қазір жүздеген гектар жерге егіліп, көрсеткіштің деңгейі де, сапасы да өсіп отырғандығын көріп отырмыз, – деді нысандарды аралап болған соң өз пікірімен бөліскен Ұзақбай Сүлейменұлы.
Облыста атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Халықтың сан жылдар бойы көтеріп келе жатқан әлеуметтік мәселелері біртіндеп шешіліп, жағдай едәуір түзелуде. Бұл – ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің өңірде жүріп жатқан жұмыстарды көзбен көріп, қолға алынған жобаларға берген оң бағасы. Министр тек, ең бастысы, жұмыстың сапалы жүруін қадағалау қажеттігін баса айтты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Махамбет ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған