1 шілдеден бастап мүгедектігі бар жандардың жәрдемақысы 14,5% артады

image l 1 Жаңалықтар

1 шілдеден мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысы 14,5 пайызға артады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік кодексте айрықша қажеттілігі бар азаматтарға да көп өкңіл бөлінген. Негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақыларын көбейту, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету. Ол үшін осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтындарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға көбейеді. Жыл басындағы жәрдемақы мөлшерінің 8,5 пайызға өскенін ескерсек, төлемдердің көлемі жалпы 23 пайызға артады. Мүгедектігі бар азаматтардың күтушілеріне еңбекақымен қоса зейнетақы жарнасы төленіп, олардың толық зейнетақы алу құқығына ие болу мүмкіндігі қарастырылды», – деді министр.

Сонымен бірге, оның айтуынша, осы санаттағы азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың ұсынысы бойынша «Спина бифида» диагнозы қойылған 242 азаматты сапалы катетерлермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.

«Бұған қажетті 328 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Азаматтарға берілетін гигиеналық заттардың нормативі 2 есе артты. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге қарастырылды», – деді ол.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз