ОТЫЗДЫҚҚА ЕНУ ҮШІН

тәжірибе де, білім де керек
Қазақстан қандай параметрлерді күшейтуі арқылы әлемнің ең дамыған отыздығының құрамына ене алады?

«Әрине, ең алдымен адам ресурстарын басқару саласында заманауи технологияларды қолдану дағдысы дамуы керек» дейді «Назарбаев Университеті» ғылыми-зерттеу департаментінің директоры, РһD докторы Ерғали Досмағамбетов. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған семинарды жүргізген ғылым докторы бүгінде отыздыққа кіретін дамыған елдердегі жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі неғұрлым жоғары екендігін атап өтті. «Дамыған елдердің бәрінде қызмет көрсету секторы басымдыққа ие, өнімділігі жоғары, ғылымы жетілген. Ғылыми білімдер мен өнеркәсіптің жоғары технологиялық секторы экономикалық өсімді қамтамасыз етуде негіз қалаушы рөл атқарады» дейді ол. 

 Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған Еуразиялық форум барысында жасаған баяндамасында дамыған елдердің құрамына ену үшін мемлекетіміз, біріншіден, адам капиталын дамытуға, институттық ортаны жетілдіруге, екіншіден, энергияның баламалы көздерін дамыту және қуат тиімділігін арттыруға, үшіншіден, индустриялық саясатқа түзету енгізуге нақты қадамдар жасауы керектігін міндеттеген еді. Осы орайда Ерғали Досмағамбетов еліміздегі адами капиталдың төмен болуын кезінде көптеген мамандардың алған білімінің советтік технологиядан әріге аса алмағандығымен түсіндірді. «Нарықтық экономикаға көшкен кезде көптеген ноу-хаулар енді. Сол себепті бүгінде мемлекеттік басқару, бизнес мектептерінде, тіпті мұғалімдердің өзін жаппай қайта оқыту процесі жүріп жатыр. Біздер АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония сынды технологиялық лидерлердің жетістігін қолданысқа енгізуіміз қажет» деп атап өтті ол.
Ғалымның айтуынша, біз әлі де болса «голланд ауруының» даму тәуекелі аймағында тұрмыз. Ел экономикасы әлі де болса өндіріс пен экономиканы әртараптандыру процесінен шыға алмай жатыр. «Сондықтан да экономиканың әр саласында ғылымды дамытуда көптеген жұмыстар жүруі қажет» дейді ол.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз