ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында мемлекет және қоғам қайраткері,  Атырау облысының Құрметті азаматы Саламат Мұқашевтың өмірден озғанына 10 жыл толуына орай «Халқы сүйген, халқын сүйген азамат» атты көрменің ашылу салтанаты мен «Таңбалы таңдар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Жәдігерлер қоғам қайраткерінің қызметі арқылы туған өлкенің өркендеуіне, оның экономикасы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан басқарушылық қасиетін, еңбекқорлығы мен парасаты мол ізгі бастамаларын тамашалауға мүмкіндік береді. Көрмеде негізінен өзі жазып кеткен өзекті тақырыптарға толы мақалалары мен естеліктері, «Елім – мақтанышым менің», «Атадан аманат – ұрпағыма өсиет», «Өткенді оймен шолғанда» атты кітаптары, төсбелгілері және құжаттары мен фотосуреттері қойылған.

Сондай-ақ, көпшілік назарына Саламат Мұқашевтың  Қазақстан Республикасының 10 жылдығына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатымен», екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Еңбек Қызыл Ту орденімен төрт рет, «Құрмет белгісі» орденімен екі рет марапатталғандығы, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері» секілді төсбелгілері, пайдаланған заттары да ұсынылды.

  Аталмыш көрменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мұндай мәнді шаралардың жастарға берері мол екенін айтып, олардың осы көрме арқылы елге өмір бойына қызмет еткен жандар туралы тереңірек танысатынына тоқталды.

– Саламат ағамыздың еңбегі – Атырау жұртшылығының мәңгілік жадында. Ағамыздың өмірден озғанына биыл он жыл болған екен. Рухы разы болсын деп, облыстық мұражайдан көрме ашып, кітап тұсаукесерін жасап отырмыз. Сондай-ақ, облысымыздағы беделді оқу орны – Атырау политехникалық колледжіне Саламат Мұқашевтың есімін беру жөніндегі ұсынысымыз республикалық ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тауыпты, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан қатысушыларды көрменің ашылу салтанатымен құттықтады.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, баспагер Мереке Құлкенов және Саламат Көңілқошұлының жұбайы Мәрия Жақашева Саламат Мұқашевтың көзі тірісінде дайындап, бірақ соңын ұрпағы аяқтаған «Таңбалы таңдар» атты кітабының тұсауын кесті.

«Саламат Көңілқошұлы туралы көп айтуға болады. Ағаның шығармашылығындағы алғашқы очерктеріне редактор болған адаммын. Сондықтан, ол кісінің қалай толғанып жазатынын жақсы білемін.  Атыраудың, мұнайдың жылнамаларын жазған. Әбіш Кекілбаевтың шығармаларында кездесетін озық ойларды түртіп отырып, тұтас бір кітап етіп шығарды. Бұл Саламат Көңілқошұлының үлкен жазушылық өнерден де құр емес болғаны ғой деп ойлаймын. Саламат аға өмір бойы арманын кеудесінде ұстап келген адам деп білемін. Өйткені, не жазса да, әрбір сөйлемін ойлы жазатын. Алдарыңыздағы кітапты еңбек демалысына шыққаннан кейінгі кезде жазып бастаған еді. Тұсауы кесілген кітап көпшіліктің көңілінен шығатынына сенемін. Ондағы естеліктер шынайылығымен, автордың жан толғанысымен қымбат дүние», – деді Мереке Құлкенов.

Мұнайшы ардагер Болат Өтебаев, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау қаласы мен облысының Құрметті азаматы  Есен Тасқынбаев, еңбек ардагері Меллят Сабырова және «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай қайраткер аға жайында әсерлі естеліктерімен бөліссе, Саламат Көңілқошұлының жұбайы Мәрия Сәлімгерейқызы да азаматтың қарапайымдылығы мен еңбекқорлығына, әсіресе, шығармашылық жұмысты жан-тәнімен беріліп жасайтындығына ерекше тоқталды.

Мектеп оқушылары мемлекет қайраткеріне арналған арнау өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Ал, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері Нұрбек Сиезхан мен Архат Мұхамажитов қоғам қайраткерінің өмірінен сахналық қойылым ұсынды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз