МӘҢГІЛІК ЕЛІМІЗ БАРДА ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ ДА МӘҢГІЛІК

Елорда күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ресми түрде ашылды.

«Музей біздің ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді әлемге таныту тұрғысынан да белгілі болады. Біздің тарихымыз мақтан етуге лайықты. Ерлік пен елдіктің тарихы. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі – адамзат тарихының ажырамас бөлігі», – деді Мемлекет басшысы.

Қызметкерлерінің айтуынша, жалпы ауданы  74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық  музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі  археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Атап айтқанда, 14 мың шаршы метр аумақта экспозициялар алаңы орналасқан.

Ұлттық музейдің құрамында Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар.

«Музей халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің  серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиялық жолсерік қолданылады», – делінген таратылған мәліметтерде.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесі Президенттің Жарлығымен 2013 жылғы 30 мамырда құрылған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз