ҚАЗАҚСТАН, РЕСЕЙ МЕН БЕЛАРУСЬ АРАСЫНДАҒЫ ЕАЭО ТУРАЛЫ ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін 2014 жылдың 29 мамырында, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды.

Салтанатты қол қою рәсіміне үш елдің зиялы қауым және қоғамдық ұйым өкілдері, Парламент депутаттары қатысты.

Аталған одақ туралы шарт 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Шартта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егемендік теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.

Шартта шешім қабылдау кезіндегі консенсус механизмі барлық деңгейде ескерілген. Сонымен қатар, тараптардың Одақ органдарындағы кадр саясаты аясында тең қамтылуы қағидаты да қарастырылған.

ЕАЭО 170 млн. халықты құрайтын үш елдің ортақ нарығын құруды қарастырып отыр. Тауарларды, қызмет түрлерін, капитал мен жұмыс күшін еркін тасымалдауға жағдайлар жасалады. Сонымен бірге, мүше мемлекеттер экономиканың негізгі салаларында келісілген саясатты жүзеге асыруды қолға алады.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз