ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАР ҚУАНЫШЫ

Басты жаңалық

– Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысы мен ертеңге деген сенімін нығайту жолында көптеген жұмыс жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан. – Тек қана біздің облыс бойынша он сегіз мыңның үстінде мүгедек болса, облыс басшылығы солардың қай-қайсысының да тұрмыс-жағдайын жақсартуға тырысуда. Міне, осындай оймен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, оған үш бірдей микроавтобус, үстел теннисі, «билейтін» арбалар сатылып алынды. Оның үстіне біз осындай спорт базасымен толық мақтана аламыз. Өйткені, ол еліміз бойынша тек біздің облыста ғана бар. Алдағы уақытта біз аудандар мен шағын елді мекендерде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен жан-жақты айналысуына жағдай жасайтын боламыз. Қашан да жеңіске жете беріңіздер! 
Облыс әкімінің орынбасары өзінің осынау жылы лебізінен кейін «Адам саулығы мен қауіпсіздігі бізге бәрінен қымбат!» деп, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан сыйға тартылып отырған микроавтобустардың қызыл лентаға байланған кілттерін клуб директоры Бауыржан Тахауовқа салтанатты жағдайда табыс етті.
Өз кезегінде Б.Тахауов мүгедектер арасындағы спорттың өз деңгейінде дамуына барынша қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына көптен-көп алғыс айтты.
Бүгінде мүгедектер спорт клубына 5 пен 60 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың он үш түрі бойынша қатынасады екен. Олардың арасынан талай чемпион шыққан. Тек жуырда ғана Малайзияда жастар арасында үстел теннисінен өткен Азия чемпионатында біздің теннисші қызымыз Шынар Кенжебаева қола медаль алып келіпті. «Бұдан басқа, – дейді жаттықтырушы Гүлнар Иманалиева бізбен арадағы әңгімеде. – Людмила Фокина, Эльмира Балманова, Мұхадия Қуангереев, Таня Жакупова деген маңдайалды спортшыларымыз да бар. Олар – бірнеше алтын, күміс, қола медальдің иегерлері. Ал, Шынар Кенжебаева мен Махамбет Насихан Қазақстан құрама командасына өтті. Бұл біз үшін, облыс спорты үшін үлкен жетістік!»

Лиза СЕЙТІМОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған