ЕЛГЕ СІҢГЕН ЕҢБЕК ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кезінде өңірдің дамуы жолында өзіндік қолтаңба қалдырған, бүгінде мерейлі жас белесінен көрініп отырған түрлі саладағы аймаққа белгілі еңбек ардагерлерін қабылдады. Олар – ауыл шаруашылығы саласын ұзақ жылдар басқарған Шайдолла Кәрімұлы, Махмұт Көргенов және Индер, Исатай, Махамбет аудандарының Құрметті азаматы Жанай Беркалиев  болатын.

Ардагерлерді мерейлі жастарымен құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. «Атырау – мұнайлы астана. Сондықтан, бұл сала мемлекет басшылығының пәрменімен одан әрі дами беретін болады» деген облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша назар аударылып отырғанын атап айтты. Облыс басшысының айтуынша, өңірде сиыр 145 мың, жылқы 50 мың, түйе саны 30 мыңды ғана құрайды екен. «Қой-ешкінің сегіз пайызы, түйенің төрт пайызы ғана асыл тұқымды. Мұндай жағдайда Кеңес Үкіметі кезіндегі деңгейге жетіп алсақ та жаман болмас еді. Сонымен бірге, мал арасында жұқпалы аурулар көбейіп кетті. Осы жайттар да шұғыл реттеуді қажет етеді» деген облыс басшысы одан әрі қолға алынып жатқан жобаларға тоқталды. 

«Бейбарыс ауылынан сүт орталығы салынып, іске қосылды. Бүгінде 106 бас сиыр төлдеді. Қашарлар күніге 15-18 литр сүт беріп жатыр. Сонымен қатар, наурыз айынан бастап ешкі сүтін өндіретін орталық алғашқы өнімдерін дүкен сөрелеріне қоятын болады. Ешкі малының өнімдері, әсіресе, балалар денсаулығы үшін пайдалы болмақ» деген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ендігі жерде ветеринариялық қадағалаудың жоғары дәрежеде болуы керектігін айтты. 

Тағы бір жаңалық, Атырауда бройлер құс етін шығаратын зауыт салынғалы жатыр. Бұдан бөлек Жайық бойындағы каналдардың барлығына су жіберілетін болады. «Атырауда жүзім, қызанақ, өрікті көптеп өсіруге толық мүмкіндік бар. Енді біз жылыжай көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Жыл аяғына дейін 17 га жылыжай көлемін 21 гектарға дейін ұлғайтамыз. Енді оның көлемі 25 гектарға дейін жетсе, өз-өзімізді қамтамасыз етуге толық мүмкіндік болар еді» деді ол. 

Облыс басшысы одан әрі қоғамдық тәрбиеде, елді ынтымақ-бірлікке шақыруда ақсақалдар рөлінің жоғары екендігіне атап айтып, мерейгерлерге құттықтау хаты мен гүл шоқтарын табыс етті. Бұдан соң осындай бағыттағы құттықтау хатты мерейжас иелеріне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов салтанатты жағдайда табыстады. 

Мерейлі жастың белесінен көрініп отырған ардагерлер қауымы облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды оңды бағалады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, 
Суретті түсірген 
Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз