ЕКІ КОМАНДАМЫЗ ЕУРОПАНЫ СЕСКЕНДІРДІ

«Шахтер» және «Ақтөбе» командалары чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шықты
Жақында Қарағандының «Шахтер» командасы жанкүйерлерді Қазақ футболының тарихына алтын әріптермен жазылатын оқиғаға куә етті.
Футболдан Еуропа лигасы іріктеуінің үшінші кезеңінде Тирана қаласында албандық «Скендербеу» командасынан 3:2 есебімен жеңілсе де, өз алаңында 3:0 есебімен жеңу арқылы келесі турға жолдама алды.

Ал, күні кеше ғана «Ақтөбе» футбол командасы Еуропа чемпиондар лигасының іріктеу ойынында Қазақ елінің жанкүйерлерін бұрын-соңды болмаған қуанышқа кенелтіп, ел спортының мәртебесін тағы бір биікке көтерді. Ол Исландияның «Брейдаблик» командасымен күш сынасып, 1:0 есебімен жеңілді. Бірақ ойын бойы сырт алаңда болса да «Ақтөбенің» басымдылығы байқалып тұрды. Қақпа алдындағы көптеген мүмкіндіктер жүзеге аспай қалды. Осы есеп қосымша берілген жарты сағатта да өзгермеді. Бұдан кейін төрешілер пенальти сериясын жалғастыруға мәжбүр болды. Бұл алаңда екі сағаттан астам ойнаған футболшылар үшін де психологиялық жағынан оңай болмады.
Осы сәтте де «Ақтөбе» командасының қақпашысы Сидельников керемет шеберлік танытты. Ол өз қақпасына қарсы соғылған бес доптың төртеуін кері қайтарып, ғажайып қаһармандық жасады. Сөйтіп, пенальти бойынша «Ақтөбе» 2:1 есебімен алға шықты.
Сонымен, «Шахтер» мен «Ақтөбе» ел тарихында тұңғыш рет плей-офф кезеңіне қадам басты. Осы оқиғадан кейін қазақ футболына Еуропа да сескене қарай бастады. Кеше «Ақтөбе» футбол клубының Еуропа лигасы плей-офф сынындағы қарсыласы анықталды. Ол – Украинаның атақты «Динамо Киев» командасы. Алғашқы ойын 22 тамызда Ақтөбеде, 29 тамызда Киевте өтеді. Ал, «Шахтер» Шотландияның «Селтик» командасымен ойнайды. Бірінші ойын сырт алаңда 21 тамызда, Қарағандыда 28 тамызда өтеді.

Нұрлан ҚАБЫЛОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз