ДӘСТҮРЛІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

академик М.Диаровтың 80 жылдығына арналды

Атырау мұнай және газ институтында «Экология және мұнай-газ кешені» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған шара биыл ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Мұфтах Диаровтың 80 жылдық торқалы тойына арналды.

Оған қазақстандық ғалымдармен қатар Ресей мен Әзірбайжанның бірнеше қаласынан жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының жетекшілері қатысты. Конференцияны Атырау мұнай және газ институты ректорының міндетін атқарушы, профессор Дүйсембек Құлжанов ашып, жүргізіп отырды. 
Халықаралық конференцияға қатысушыларды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атынан құттықтаған оның орынбасары Сәлімжан Нақпаев академик Мұфтах Диаровтың тек аймақ қана емес, күллі республика көлемінде белгілі ғалым екендігіне тоқталды. Әсіресе, оның Индер өңіріндегі борат кенін игеруге байланысты, қоршаған ортаны қорғауға қатысты еңбектері ерекше бағаланады.
Конференция кезінде жиналғандар алдында Мұфтах Диаровтың 80 жылдығына орай ҚР Ұлттық ғылым академиясы президентінің, Астана қаласы әкімінің құттықтау жеделхаттары оқылды.
Мерейгерді ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасаған Каспий маңы мемлекеттері жоғары оқу орындары қауымдастығының атқарушы директоры Юрий Пименов, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы геология институтының профессоры Галиб Эфендиев, Астрахан инженерлік-құрылыс институтының профессоры Аркадий Сокольский, т.б. құттықтады.
Академик Мұфтах Диаровтың өзі жиналғандарға алғыс сезімін білдіріп, «Атырау облысының негізгі экологиялық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз