БІЗДІҢ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – БІРЛІГІМІЗДЕ

Басты жаңалық

«Сүт өнімдерін шығаратын зауытқа Америкадан алғашқы сауын сиырлар жеткізілді. Үш күн бұрын 150 ешкі малы әкелінді. Қаңтардың аяғына дейін олардың саны 600-ге жеткізіледі. Енді біздің Атырау заман талабына сай келетін экологиялық таза сиыр және ешкі сүтін шығаратын болады» деген облыс әкімі жиналғандарға үлкен жаңалықты мәлімдеді. Оның айтуынша, Атырауда фармацевтикалық фабрика салынады. «Шығарылатын дәрі-дәрмектер тізімін Денсаулық сақтау министрлігі бекітіп береді» деген облыс әкімі келер жылы 2000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отырғандығын, 3500 бүлдіршінді қамтитын балабақша нысандарының салынатындығын айтты. Облыс әкімінің айтуынша, келер жылы жүзеге асырылатын өзге де жобалар бар. Ондағы мақсат жаңа жұмыс орындарын ашуға қажетті өнім шығаруға бағытталған.
Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиев баяндама жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов аға буынның тәжірибесін пайдалану, оларды еңбекке тарту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Тағы бір жаңалықпен «Довира» украин ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Ольга Павленко бөлісті. Оның айтуынша, бүгінде аталмыш орталық «Память» деп аталатын акция жүргізіп жатқан көрінеді. «Ондағы мақсат – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Украина майданында қаза болған қазақстандықтарды анықтау» дейді ол.
Одан әрі облыс әкімі бірнеше этномәдени бірлестіктер мен колледж басшыларына Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Марапатталғандардың арасында облыстық «Прикаспийская коммуна» газетіндегі әріптестеріміз Любовь Монастырская мен Надежда Шильман да бар. Сессия соңында сондай-ақ, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке «Довира» украин ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Ольга Павленко Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы Украина одағының төрағасы Юрий Тимошенконың Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады.
Сессия жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов «Келер жылдың бірінші жартыжылдығында «Достық үйін» табыстаймыз. Онда Ассамблея жұмысын ұйымдастыруға барлық жағдай жасалатын болады» деп атап өтіп, ел бірлігін нығайтуда, «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруда Ассамблеяның рөлі зор екендігін, алда үлкен міндеттер тұрғандығын айтты. «Кеден Одағының құрылуы, ЕХРО-2017 көрмесінің Астанада өтуі біздің байланыс, қарым-қатынас географиямызды кеңейте түседі. Біз осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз қажет» деген облыс басшысы Ассамблея жұмысын ұйымдастыруға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған