АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА БАСТАЙТЫН БАСТЫ ҚАДАМ

Басты жаңалық

«Біз қашан да азаматтық сектордан мемлекеттік тапсырыстың сапалы орындалуын күтеміз» деп атап өтті форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев. Сондай-ақ, ол мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін жетілдіру және оның орындалуына мониторинг жасау керектігін жеткізді. Ал, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары санамалаған үздік үкіметтік емес ұйымдар арасында атыраулық Жібек Бисенова жетекшілік ететін «Болашақ» ұйымының аталуы – өңір үшін үлкен мәртебе.
Басқосуда «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім қазақтілді үкіметтік емес ұйымдарды оқытуға арналған арнайы бағдарлама қажеттігін алға тартты. «Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста теңдік сақталуы керек» дейді ол. Саясаткердің сөзін сабақтаған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев қазақтілді үкіметтік емес ұйымдар туралы ұсынысты қолдайтынын және келер жылдың басынан бастап белгілі бір нәтижеге қол жеткізетін жоба жасауға шақырды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үшін тендерді уақытында өткізу қажеттігі де форумда әңгіме өзегіне айналды. Бұл жөнінде мәлімдеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская көптеген коммерциялық емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алуға қатысқанымен, «жобамен жұмыс жасауға қаржының жоқтығы қолбайлау болады» деп атап өтті. «Тендерлер жыл ортасында немесе қарашада өткізіледі, осыдан бұл ақшаны игеру мүмкін емес. Сол себепті мемлекет қаражаттың бір бөлігін жұмыстардың бастапқы кезеңінде, яғни жыл басында бөлгені дұрыс», – дейді депутат.
Депутат ұсынысына орай пікірін білдірген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев үстіміздегі жылы орталық мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 2 млрд. теңге бөлінгенін және соңғы 10 жылда бұл сан шамамен 11 миллиард теңгені құрағандығын жеткізді. Әсіресе, бір тапсырысты үшінші сектордың бірнеше жыл ішінде атқаруына мүмкіндік беретін әдістеме жасау керектігіне назар аударды. Яғни, бұл олардың жұмыстарының сапасын арттыра түседі екен. «Қазіргі уақытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты сегіз министрлік пен ведомоство орналастырады. Бұл бағыттағы жұмыстарды басқа да ведомостволар қолға алатын болады» деп сөзін қорытындылады ол.
Жалпы, екі жылда бір мәрте өткізілетін Азаматтық форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара пікір алысатын ашық алаңына айналып келеді. Аталмыш форум барысында «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Заң жобасы да талқыланды. Заң жобасын ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев талқыға ұсынды. Бірінші вице-премьер, бұдан басқа, ҮЕҰ-дармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және аталған ұйымдарды дамытуға мемлекет тарапынан 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенін де айтып өтті.
Ал, форумның екінші күні арнайы тақырыптық секциялар ұйымдастырылды. Делегаттар министрлермен және ведомоство басшыларымен кездесіп, сауалдарын тікелей қойып, жауаптар алды. Өздерінің ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік туды. Онда мемлекет пен ҮЕҰ-ның өзара қызметінің заңдық негіздерін жасау, халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық орнату, қоғам алдында есеп беру тетіктері мен қағидаларын дамыту мәселелері қарастырылды.
Республикада үкіметтік емес ұйым секторы қызметін түрлі дәрежеде тежейтін мәселелер де жоқ емес. Кадрлардың жоқтығы мен кәсіби біліктіліктің жетіспеушілігі – басты кедергілердің бірі. Нақтырақ айтқанда, кадрлардың сапалы даярлығы мен біліктілігін арттыру мүмкіндіктері шамалы. Бұрын ҮЕҰ үшін басқару негіздеріне, жобалық менеджмент, әлеуметтік жобаларды, индикаторларды әзірлеуге үйрететін мектептер ұйымдастырылатын. Қазір мұндай жоқ. Бұл саладағы бірден-бір өзекті өртейтін мәселе – үшінші сектордың қалада шоғырланып, ауылдық жерлерде аз болуы.
Сонымен бірге, үкіметтік емес ұйымның қызметі жөнінде әдебиет пен оқу құралдарының жетіспеушілігі, донорлық ұйымдар көмегінің аздығы да олардың жұмыс сапасына әсер етуде екен.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков кездесуде ауылдық жердегі фермерлердің біліктілігін арттыру, компьютерлік бағдарламалар алуына жағдай жасалатынын жеткізді.
Форум азаматтық қоғам қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне дәстүрлі «Таным» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімімен аяқталды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ,
Атырау-Астана-Атырау.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған