Ақ жол саған, «Ақ желкен»!

akzholБиыл облыс бойынша 5040 түлек орта мектеп аттестатын алып, үлкен өмірге қадам басты. Жыл сайынғы дәстүрлі «Ақ желкен –2013» салтанатты шарасы биыл да Махамбет атындағы қазақ драма театрында айтарлықтай жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов түлектерді өмір белестеріндегі ең ұмытылмас сәтпен құттықтап, ақ жол тіледі.

Мектеп бітіру кеші «Алтын белгі» иегерлерінің шеруімен басталды. Білім сынағы артта қалып, жарқын болашаққа жол тартқан түлектердің жүздерінен шырай мен қуаныш сезімі анық байқалып тұрды. 
– Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша еліміз бойынша ең көп 125 балл жинаған жеті түлектің үшеуі Атыраудан шығуы – облыс үшін үлкен мақтаныш, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Осы Атырау топырағында дүниеге келіп, ұлағатты ұстаздардан білім алып, сенімді ақтаған Нұржан Қамзаев, Ақ-Бөкен Сақтанов және Самал Құмарова – республикадағы үздік 100 мектептің, ал, облыстағы үздік он мектептің қатарында тұрған ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның шәкірттері. Түлектеріміздің жетістігі, ең алдымен, ұстаздар еңбегінің жемісі деп білемін. Барлық мектеп түлектеріне ақ жол тілеймін!
Оқу жылының соңында 176 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, оның 68-і, яғни, 38,6 пайызы өз білімдерін дәлелдеді. Ал, «Үздік аттестатқа» үміткер болған 89 түлектің 58-і мақсаттарына жете алды. Сіздер – тек Атыраудың ғана емес, еліміздің мақтанышысыздар. Елбасымыз білімді, жігерлі жастарға сенім артады. Ұл-қыздарының жанында болып, білімге деген қызығушылықтарын оятып, тәрбие берген ата-аналар мен тынбай еңбек еткен ұстаздарға да алғысым шексіз.
Білім сынынан сүрінбей өткен үздіктерге облыс әкімі «Алтын белгілерін» табыс етті. Айта кетсек, биылғы жылы тест тапсыруға 4141 оқушы тілек білдірді. Соның ішінде 39 түлек халықаралық білім байқауларының қатысушылары мен жеңімпаздары, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен тестіден босатылды. Өйткені, олар түрлі халықаралық байқауларға қатысып, өздерінің білім сапасын дәлелдеген болатын. Ал, 17 оқушы түрлі себептермен өз еркімен бұл сынаққа қатыспады.
Облыстық білім беру басқармасының берген мәліметінше, ҰБТ қорытындысымен облыс бойынша 1477 түлек жоғары оқу орындарына түсудің шекті көрсеткіші елу балды жинай алмады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 290-ға аз. Биылғы жылдың қорытындысымен облыстың орта баллы 74,3 болды. Атырау қаласының ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназия, қазақ-түрік лицейі, Ж.Досмұхамбетов атындағы лицей және ұлттық гимназия, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінен түлеп ұшқан шәкірттердің басым бөлігі 100-ден жоғары балл жинаған. Ал, аудандардың ішінде ең жоғарғы көрсеткішті Исатай ауданы көрсетсе (орта балы – 90,9), ең төменгі көрсеткіш – Мақат ауданында (орта балы – 59,9).
Тестілеуде төмен көрсеткіш көрсеткен мектептер қатарында Атырау қаласындағы Т.Амандосов атындағы, Жылыой ауданындағы №23 және Құрманғазы ауданындағы С.Мұқанов атындағы орта мектептер де бар.
Оқушылардың ең көп «екілік» алған пәні математика болып табылады. Жылма-жыл математика пәнінен білім сапасы облыста 50-52 пайыздан аспайды. Айта кетсек, соңғы үш жылда Мақат ауданы аудан, қала рейтингісінде төмен нәтиже көрсетіп келеді (2011 жылы – 61,4, 2012 жылы – 54,6). Сондай-ақ, Қызылқоға ауданының да көрсеткіші көңілге қонымсыз.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуге соңғы оқу жылдары көп дайындалдым. Мен үшін ең басты мақсат «Алтын белгіні» қорғау болды. Арманыма жеттім. Қалаған пәнге физика пәнін таңдап, 119 балл жинадым. Сұрақтар күрделі болған жоқ, тек физика және математика пәндерінен логикалық сұрақтар көбірек кездесті. Бүгін облыс басшысы арнайы құттықтап, үлкен өмірге сәтті жол тіледі. Шексіз қуаныш үстіндеміз. Болашақта Алматыдағы Қазақ-британ унверситетіне оқуға түсіп, еліміздің болашағы үшін білімімді жұмсауға уәде беремін, – дейді жадыраңқы көңіл күйлерінен бақыттың лебі есіп, қуанышымен бөліскен №13 ұлттық мектеп-гимназияның түлегі Данияр Кәрім.
Осы оқу орнының түлегі Назерке Исмағұлова да биология пәнін таңдап, болашақта медицина саласын игергісі келеді. Білім сынағынан 107 балл жинаған ол да «Алтын белгісін» сәтті қорғағанына дән риза. Сондай-ақ, Исатай ауданының Аққыстау орта мектебінің түлегі Елназ Ғатиетова, Құрманғазы ауданының түлегі Гүлсая Махмутовалар да әсерлерімен бөлісті.
Оқу жылының қорытындысы бойынша «Үздік аттестат» иегері атанған 58 оқушыны облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов құттықтап, халықаралық, республикалық білім байқауларына қатысып, жүлделі орын алған түлектерге облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев арнайы сый-сияпат табыс етті.
– Бүгін үлкен қуаныш, толқу үстіндемін, – деді ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның түлегі, ҰБТ-дан 124 балл жинаған Айнаш Әубекерованың әкесі Руслан Әубекеров. – Ең жоғарғы көрсеткішке бір балл ғана жетпей қалғандығына қызым еш өкінбейді. Өзінің және ұстаздарының таза еңбегі ғой бұл. Айнаштың анасы (қазір дүниеден озған) мектепті үздік медальмен бітірген. Айнаш та кішкентай кезінен бастап, анасының жолын қуып, мектепті үздік бітіруді армандап келді. Тіпті, 4-інші сыныпта жазған шығармасында да «Анам секілді мектепті үздік бітірсем» деген арманын келтіріпті. Қызыма ризамын. Ел сенімін ақтайтын азамат боларына сенімім мол.
Кеш барысында түлектер атынан сөз алған «Алтын белгі» иегері Нұржан Қамзаев өңірде білім саласын қолдап, мектеп оқушыларының сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отырғанын атап айтты. Сонымен қатар, Гүлшара Абдрахманова мектеп бітіруші өрендерге ата-аналық ақ батасын беріп, облыс басшылығы мен ұстаздар қауымына жылы лебізін арнады.
Салтанатты шара өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті. Бұл күн мектеп түлектері үшін өмір бойы есте қалары сөзсіз. Күні кеше мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, бүгін таудай болып, алтын ұямен қоштасып тұрған шәкірттерге ақжарма тілектер жан-жақтан ақтарылып жатты. Біздің де айтарымыз: Ақ жол саған, «Ақ желкен»!

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз