Жылына – 1600 тонна өнім

img 20240403 wa0262 Ауыл шаруашылығы

Ежелден егіншілікке маманданған Махамбет ауданында жылыжай шаруашылығымен шұғылданатындардың қатары да жыл санап көбейіп келеді. Бүгінде өңірдегі жылыжайлардың жалпы ауданы 30 гектардан асып жығылады.


Былтыр ғана Ақжайық ауылдық округінде аумағы 4 гектар өндірістік жылыжай кешені іске қосылды. Иесі атыраулық «Жұмағалиева Н.М» шаруа қожалығы. Жобалық құны 3 млрд. теңгені құрайтын, үш блоктан тұратын кешеннің бастапқыда біреуі пайдалануға берілсе, биыл қалған екеуін іске қосу көзделген. Осында еңбек ететіндердің дені – ауыл тұрғындары. Бір маусымда мұнда 900 тонна қызанақ, 700 тонна қияр жиналады.

Айта кету керек, қызанақтың голландық «Merlice» деп аталатын сорты бір маусымда – 6, голланд қияры – 7 тонна өнім береді. Толықтай іске қосылғанда кешен жылына 1 600 тонна өнім беруге қауқарлы екен.


Сондай-ақ «Оrle» жобасымен кәсібін өркендетіп, Сарытоғай ауылынан 1 000 шаршы метр аумаққа жылыжай салған жас кәсіпкер Қосаман Бөлекқалидің бүгінде қызу жұмысқа кіріскенін атап айту керек. Ол әдеттегідей биыл да сәуір айында алғашқы өнімін жинап, тұтынушыларына ұсынбақшы.
-Әкем Қосаман да біраз жыл осы шаруашылықпен шұғылданған. Осыдан он жылдай бұрын жылыжай бизнесін қолға алып, отбасылық кәсіптің көзін тапты. Сондықтан мұны атадан балаға жалғасқан атакәсібіміз десек те болады. Бұл жұмыс сырт көзге жеңіл көрінгенімен, іс жүзінде «оңай шағылар жаңғақ» емесін сезіндік. Қиярдың голландиялық “Северин” деп аталатын сортын егеміз. Өнім 40-45 күнде пісіп-жетіледі, – дейді кәсіпкер жігіт.

Айрықшалап айтарымыз, ол осындай кәсіп иелерін қаржылай қолдау мақсатында ашылған “Orle” жобасына қатысып, грант иеленіп, шағын бизнесінің өрісін кеңейтуге мүмкіндік алған.


Дәулетқали АРУЕВ,
Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз